26 Наурыз, 2014

Әлеуметтік қолдау бағдарламасы қабылданса

469 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Азгыр полигоны-4 Кезінде Атырау облысында да ажал апаны атанған екі әскери полигон болды. Оның бірі – Қызылқоға ауданындағы Тайсойған полигоны болса, екіншісі – Құрманғазы ауданындағы Азғыр полигоны. Бір ғана Азғыр полигонында сынақ жүргізуге арналған 11 технологиялық алаңда 17 рет жерасты ядролық жарылысы жасалған. Екі полигон маңын қоныстанған тұрғындар сынақтан көп зардап шекті. Дегенмен, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бір облыстың аумағындағы екі әскери полигонда да бұрынғыдай сынақ жүргізілмейді. Өйткені, Елбасының Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығынан кейін екі полигонда да жерасты сынақтарын жүргізу толықтай тоқтатылды. Ал қазір Азғыр полигонының зардабын жою, тұрғындар денсаулығын жақсарту тұрғысында нендей іс-шара қолға алынуда? Газет тілшісінің осы және басқа да сауалдарына орай Құрманғазы аудандық мәслихатының хатшысы Рифхат СҰЛТАНИЯЕВ әңгімелеп берді. –Рифхат Мұғалімұлы, Аз­ғыр поли­гонындағы жерасты ядро­лық сынақ­тары қай жылдары жасал­ғаны­нан хабар­дар шығар­сыз. Мұн­дағы жары­лыс­тардың зиян­дылығы жөнінде не дейсіз? –Азғыр полигонындағы жерас­ты сынақтары Семей ядролық поли­гонындағыдан біраз жыл өткеннен соң басталған ғой. Дәлірек айтсақ, алғаш рет мұндағы жерасты ядролық сынағы 1966 жылы жасалған. Оны, әрине, алғашында аудан тұрғындары сезген жоқ. Сөйтіп, Азғырдағы полигонда 1979 жылға дейін үздіксіз жалғасты. Қазақ даласының батыс қақпасында 13 жыл бойы 17 рет жерасты ядролық жарылыстың жасалуынан қоршаған ортаға, полигонға жақын орналасқан елді мекендер тұрғындарына зияны тимеді деп айта алмаймыз. Осы ретте мынадай деректерді айтуға болады. Жерасты ядролық жарылыстарында цезий –137, стронций –90, полутоний –239, 240 изотоптарын сынау тәжірибеден өткізілген. Ал мұндай изотоптардың қаншалықты зиянды екенін білесіз бе? Мәселен, полутоний –239 изотопының топырақтағы зияндылығы 24000 (!) жылға дейін созылады екен. Ал плутоний –240 изотопы 60 000 мың жыл бойы өзінің зияны мен зардабын жоймай, топырақ құрамында сақтала береді. Міне, сол себептен, Азғырдағы жерасты жарылыстарының радиациялық зардабы толық жойылды деп айтуға әлі де ертерек. – Азғыр полигонында жерасты жарылыстары жасалмағанына көп жылдар өтті ғой. Полигонның жабылуына не әсер етті деп ойлайсыз? – Шындығын айтқанда, еліміз бұрынғы Одақтың боданында болған жылдарда аталған полигонның жабы­латындығы, жерасты ядролық сынақ­тарының тоқтатылатындығы туралы ойлау мүмкін емес-ті. Өйткені, жерасты сынақтарын жүргізетіндер көрші елдің әскерилері болды ғой. Ал олар тікелей Ресейден келетіндер. Тек еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығы шыққанда біздің жүрегімізде де үміт сәулесі ояна бастады. Ерте ме, кеш пе, сәтін салған бір күні жан-жағына – қоршаған ортаға, ең бастысы, сол өңірді мекен еткен адамдарға ажал апаны болған Азғыр полигонының жабылатындығына сеніммен қарадық. Сол сенім бізді алдаған жоқ. Біз тәуелсіз елдің Тұңғыш Президентіне сеніммен қарауымыздың басты себебі мынада: Нұрсұлтан Әбішұлы 1995 жылы әлем елдерінің басшылары арасынан алғашқы болып, ядролық қарусыз әлем құруға батыл қадам жасады. Осы жылы біздің еліміз ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Елбасымыз осынау батыл қадамымен Қазақ елінің бүкіл адамзатқа бейбіт өмірді тілейтінін, әлем жұртшылығының тыныштығын қа­лайтынын білдірді. Көп жылдар бойы жерасты жарылыстарының зияны мен зардабын көрген біз, аудан тұрғындары Қазақстан Президентінің ядролық қарусыз әлемге қадам басу қажеттігі туралы бастамасын қызу қолдадық. – Полигонның зардабын жою, әсіресе, ауыр металдармен бүлінген жерді са­уық­тыру үшін қандай жұмыс­тар жасалуы тиіс? – Әрине, әскери полигонда жасалған жерасты жарылыстарының зардабы оңайлықпен еңсеріле қоймайтынын білеміз. Өйткені, Азғыр полигонында жай сынақтар емес, ядролық жарылыс­тар жасалған ғой. Сондықтан полигон маңындағы қоршаған орта мен адам денсаулығына келтірілген зиян мен зардапты сауықтыру үшін көптеген жылдар қажет. Қазір сауықтыру жұмыстары қолға алынып келеді. Дегенмен, біздің пайымымызша, Азғыр полигонындағы 11 сынақ алаңы тек сым темірмен қоршалған. Күнделікті өмірде байқап жүргеніміздей, сымның өзі де тозады. Немесе, оны жылқы, сиыр секілді малдар үзіп кетуі де кәдік. Сол себептен, Азғырдағы сынақ алаңдары темір-бетон бұйымдарымен қоршалып, төрт түлік малдың сынақ алаңында жайылуына тосқауыл жасау қажет. Мұны айтып отырған себебіміз, №1 сынақ алаңы аумағынан ұсталған екі киіктің көзі соқыр болып қалған, сол алаңда жайылған жылқылардың мұрнынан қан кеткен. Және бір ұсынысымыз, Ұлттық ядролық орталық Азғыр полигонына мониторинг жүргізуге қаржы бөлумен шектелмей, қоршаған ортаны сауықтыру ісіне көңіл бөлсе дейміз. Осы мақсатта алдымен, жерасты суларының гидрологиялық картасы жасалса, екіншіден, полигондағы сынақ алаңдарын айнала жасыл желек егу қолға алынғанын қалар едік. – Өзіңіз жоғарыда келтіргеніңіздей, жерасты жарылыстарынан зардап шеккен тұрғындар денсаулығын жақ­сарту мәселесі шешімін қалай табуда? – Жерасты ядролық жарылыстар жасалғаннан кейін адамдар денсаулығына келетін зиянның мөлшері аз болды дей алмаймыз. Жерасты жарылыстардың әсері болуы керек, Азғыр полигонына таяу ауылдарда тұратын адамдар арасында түрлі аурулар болғанын жасыра алмаймыз. Мәселен, 1996-2004 жылдары 69 адам онкологиялық аурудан көз жұмған. Ал осы кезеңде 15 адам өзіне өзі қол жұмсаған. Сонымен бірге, 53 бала қайтыс болған. Осы полигон маңындағы елді мекендерде тұратын балалардың 95 пайызы қаны аздық ауруына ұшырап отыр. Балалардың 12 пайызы қаны аздық ауруының екінші және үшінші дәрежесімен ауырады. Ал енді полигон аймағында қоныс­танған тұрғындарға әлеуметтік қол­дау көрсету туралы айтсақ, бұл мәсе­ле бір­тіндеп шешімін тауып келеді. Мәселен, өткен жылы полигон маңын мекен еткен тұрғындар арасынан 100 адам Курчатов қаласында арнайы медициналық зерттеу-нақтылау, бақы­лау курсынан өтті. Алайда, оның қорытындысы жөніндегі мәлімет әлі күнге дейін қолымызға тимей отыр. Біз полигон зардабынан тұрғындар арасында қандай аурудың белең алып отырғанын, жалпы, Азғырдағы жерасты ядролық жарылыстарының зардабы қаншалықты екенін білгіміз келеді. Дегенмен, былтырдан бері I топ мүгедектеріне 2 айлық есептік көрсеткіш, II топ мүгедектеріне 1,5 айлық есептік көрсеткіш, III топ мүгедектеріне 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы қолға алына бастады. Әрине, бұл Азғыр полигонындағы жерасты ядролық жарылыстарының зардабынан мүгедек болып қалған жандар үшін әлеуметтік қолдау екендігі даусыз. Бірақ төленетін қаржының мөлшері Атырау қаласына дейінгі қашықтықты айтпағанның өзінде, тек ауданның орталығына дейін 250-300 шақырымдай қашықта орналасқан мүмкіндігі шек­теулі жандар үшін аздық етері жасырын емес. Сол себептен, болашақта ел Үкіметі Азғыр полигонындағы жерас­ты ядролық жарылыстарынан зардап шеккендерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау бағдарламасын қабылдауды назардан тыс қалдырмайды деп сенеміз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы, Құрманғазы ауданы.