Президент • 17 Ақпан, 2022

Халыққа әлі де көп нәрсе түсініксіз – Президент

3230 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасына байланысты халыққа әлі де көп нәрсе түсініксіз екенін айтты. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев QAZAQSTAN ұлттық арнасына берген сұхбатында атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Халыққа әлі де көп нәрсе түсініксіз – Президент

Журналист Жайна Сламбектің «сонда бұл оқиғаларды біз қалай сипаттауымыз керек?» деген сауалына қатысты  Мемлекет басшысы бұл оқиғаны ел ішінде әртүрлі атап жүргеніне тоқталды. 

– Қалай болғанда да біз қаралы, қасіретті күндерді бастан өткердік. Оны мойындауымыз керек. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көптеген сынаққа тап болдық, оның бәрін ел болып еңсердік. Бірақ, дәл осындай қарақшылардың қатігез әрекетін көрген жоқпыз. Еліне, жеріне адал қызмет ететін, нағыз отаншыл азаматтар мұндай опасыздыққа бармайды. Бұл – анық нәрсе, – деді Президент. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы жағдайды өздерінің жеке мүддесіне пайдаланғысы келген адамдар төңкеріс жасауға талпынғанын баса айтты. 

– Француз тілінде осындай әрекетті coup d’etat деп айтады. Бұл – төңкеріс деген сөз. Елдігімізге, мемлекеттік тұтастығымызға, халқымыздың қауіпсіздігіне қарсы жасалған әрекет болды. Әрине, халыққа әлі де көп нәрсе түсініксіз. Қарапайым азаматтар өздерінің сүйікті қаласын өз қолымен қиратпайтыны белгілі. Қарақшылар, лаңкестер Алматыға сырттан келді. Мақсат белгілі: кісі өлтіру, қорқыту, дүкендерді тонау, әйелдерді зорлау, ақыр соңында билікті құлату, – деді ол.