Фото: Ақорда
«Қарым-қатынасымызды дамытудағы күш-жігеріңіз ерекше маңызға ие. Сізді Қазақстанда сенімді дос және халықаралық деңгейдегі көрнекті мемлекет қайраткері ретінде таниды. Кенияны экономикалық тұрғыдан өркендетуге, елді жаңғыртуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған ауқымды реформаларыңыз құрметке лайық», деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Кения Президентінің Африкадағы бірлікті сақтауға, әлемдік қоғамдастықпен мазмұнды серіктестікті дамытуға ықпал ететін сындарлы диалогқа бейіл екенін атап өтті.
«Қазақстан мен Кения арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға елеулі үлес қосқаныңызды ескере отырып, Сізге І дәрежелі «Достық» орденін тапсыруды зор мәртебе санаймын. Бұл жоғары марапат – Қазақстанның шексіз құрметі мен ризашылығының, сенім мен өзара құрметке негізделген қарым-қатынасты жандандыру ниетінің белгісі», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Кения Президентімен шағын құрамда келіссөз жүргізді
Уильям Руто жоғары наградамен марапаттағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.

«Мен бірлік, өзара құрмет пен ынтымақты бейнелейтін аталған орденмен марапатталғаныма қуаныштымын. Кения жұрты да Қазақстан халқы сияқты үйлесімді өркендеуге ұмтылады. Бұл елдеріміздің достық рухындағы серіктестігін одан әрі нығайтуға жол ашады деп сенемін», деді Кения Президенті.
Бұған дейін Қазақстан мен Кения президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізгені туралы хабарлағанбыз.