Қазақстан • 17 Ақпан, 2022

Қасым-Жомарт Тоқаев: Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес

3221 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елдегі кадр мәселесі өте күрделі әрі аса маңызды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Egemen.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Мемлекеттік қызмет – эксперимент алаңы емес

– Расында, көп нәрсе білікті кадрларға байланысты. Менің бастамам бойынша Президенттік жастар кадр резерві құрылды. Кадрлық резервке өткен азаматтар біртіндеп жауапты қызметке тағайындалып жатыр. Әрине, мұнымен шектелуге болмайды. Басқа да адамдарға жол ашуымыз керек, – деді Президент.

Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары болу керетігін ескертті.

– Кез келген адам бірден министр немесе әкім бола салмайды. Ол анық нәрсе. Біраз уақыт, мол тәжірибе керек. Ондай лауазымға білімді, білікті, қызметіне адал азаматтарды тағайындаған жөн. Бұрынғы мамандардың бәрін жұмыстан шығару дұрыс болмас еді. Орысша «политическая чистка», яғни «саяси тазалауға» барудың қажеті жоқ. Мемлекеттік басқару саласына бірте-бірте жаңа мамандар келеді. Келіп те жатыр. Бұл – қалыпты үдеріс. Бірақ, бір нәрсені есте ұстаған жөн. Мемлекеттік қызмет – эксперимент  алаңы емес! Сондықтан бұл жұмысты бірте-бірте жүргіземіз, – деді Мемлекет басшысы.