14 Мамыр, 2010

УКРАИНАДАҒЫ ҚАЗАҚ ЖАУЫНГЕРІ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП

543 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қостанай қаласындағы Л.Толстой атындағы облыстық кітапхана ұжымы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арнап ұйымдастырған он­күн­дік шеңберінде журналист Л.Фефелованың “Опат болған арнайы рота” (“Гибель спецроты”) және Меңдібаевтың “Еркімбайдың Сұлтаны” атты кітап­тарының тұсаукесерін өткізді. Бұл екі кітап Жеңіске 65 жыл толса да, Ұлы Отан соғысының та­ри­­х­ы әлі де жазылып бітпегенін көрсетеді. Өйткені, майдан­да шейіт кеткендердің барлығы да бір-бір тағдыр екенін былай қойғанда, олардың ерлік істерінің бізге әлі күнге беймәлім қырлары да жеткі­лікті. Аталған кітап­тың кейіп­кері, жүзден аса фа­шис­­тің көзін жойып, жиырмаға толар-толмас жасын­да ерлікпен көз жұмған Сұлтан Ер­кім­баевтың тағдыры соның толық дәлелі. 263-дивизия құра­мын­дағы 997- атқыштар полкінің ерекше құпия ар­найы мер­ген­дер ротасы 1943 жылы тамыз айында Харь­ков үшін жан беріп, жан алысқан ұрыстарда Север­ский Донец өзенінің жарқабағында түгелдей дерлік оққа ұшты. Жауды өзеннен өткізбеу үшін жанын қиған 35 мергеннің арасында қазақтың құралайды көзге атқан қара баласы да болған. Ол “За боевые заслуги” медалімен наград­тала­ды. Мұнан кейін қолы­ның жараланғанына қара­май, рота жауын­гер­леріне көмекке келіп, басқын­шыларға қарсы олар­мен бірдей батыл қимыл көрсеткені полкте атап өті­ліп, оған өзінің аты жазылған “ТТ” (тапанша) арна­йы қаруы сый­ға беріледі. Ал 1943 жылы маусым айын­да “Қызыл Жұлдыз” орденімен марапат­талып, осы награ­да­ны ал­ған­да Коммунистік партия қатарына кандидат болып қабыл­данады. “Қызыл Жұлдыз” орденін алғасын екі айдан кейін, 19 тамыз күні аса құпия мергендер рота­сы­ның Северский Донец өзені жағасында түгелге жуық оққа ұшып, опат болғанын айттық. Осы рота­дағы он мергенді І дәрежелі Отан соғысы орденімен өлгеннен кейін марапаттайды. Соның бірі де Сұлтан болады. Соғыс қырғынын елдің басына түскен нәубет деп білген тәубешіл ағайынның кеше мыңдаған боз­дағының соғысқан, ерлікпен қаза тапқан жерін іздес­тіргені кемде-кем. Оған уақыт пен жағдайдың өзі мұрша бере бермегені де бар. Сондай жанның бірі – Науырзым ауданындағы “Шолақсай” жауап­керші­лігі шектеулі серіктестігінің директоры Өмір­зақ Их­тиля­пов. Өмекең Сұлтанның апасы Сақыш­тан туады. 2005 жылы еліміз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жыл­дығына дайындалып жатқанда ол Сұлтан Еркім­баевтың қаза тапқан жерін тауып, нағашысы­ның рухына тағзым етіп қайтуды ойлас­тырады. Іздестіру жұмысына жергі­лікті журналистер көмекке келеді. Алдымен Сұлтанның Украина жерінде, Харьков облы­сының Изюмск ауданындағы Еремовка село­сындағы бауырластар зиратында жерленгені бел­гі­лі бола­ды. Өмірзақ осы зираттың басына Сұл­танға арнап көк­тас–мұсылманша белгі қойды. Құран оқылды, облыс­тық ме­шіт има­мы Ертай қажы Сұл­тан­ның атынан бәдел қажылық па­ры­зын орында­ды. Өмекеңнің демеу­ші­лігімен Сұлтан оқыған Чернигов орта мектебі­нің оқушылары жер­лес­тері ер­лік­пен қаза тапқан Харьков облысының Изюмск ау­да­ны­ның Ере­мов­ка селосына, Северский Донец өзенінің жағасына барып қайтты. Өткен жылы ол жердегі Студенок орта мек­тебінің оқушы­лары Қоста­найда қонақ болды. Қоста­най­лық­тарды украин жұр­ты алақанына салып күтіп алды, олар Сұлтанның бейі­тін іздегенде де көмегін аямады. Ал қостанай­лықтар украин балаларды құдасындай күтіп, төбесіне қойды. Тұсаукесерге жиналған әр ұрпақ өкілдері 27 миллион адамның өмірімен келген Жеңіс мерекесін кейінгі ұрпақ аса қастерлеуі керектігін баса айтты. – Соғыс адамның ең аяулы құндылығы–өміріне қиянат жасайды. Ортақ отанымыздағы бүгінгі бейбіт өмірді аялай білейік. Жан-жағымыздағы елдерде болып жатқан қантөгістерді көріп отырып, біздің аталарымыз, Сұлтандай қыршындар бейбіт өмір үшін қан төгіп еді-ау деп налимын, – деді ұстаз ақын Александра Суслова. Кештің ең құрметті қонақтары – Ұлы Отан соғысының ардагерлері де сөз алды. Жасы тоқсаннан асқан Мағауия Жүнісов: “Ұлы Отан со­­ғы­сының тарихы ешқашан түгел жазылып біт­пей­ді. Мұн­да белгісіз батырлар көп”, десе, Бертранд Рубинш­тейн қария: “Ұлы Отан соғысындағы Отан үшін жауға қар­сы, оққа қарсы қимыл– барлық халықтардың ерлігі”,  – деді. Кітаптар тұсаукесеріне арналған кештің соңына қарай Украинаның құрметті консулы Анатолий Тарасенко Харьков облысының Изюмск ауданындағы Студенок орта мектебіне Жоғары Раданың шешімімен Сұлтан Еркімбаевтың есімі берілгендігі туралы сүйінші хабар алғанын хабарлады. Ерлікке тағзым, бейбіт күнге ізгілік деп осыны айт. Бұлар ел, жер, ұлт таңдамайды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.