Қазақстан • 17 Ақпан, 2022

Елімнің қайраткер бір қызы

1656 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Біз өткен 2021 жылдың со­ңында, яғни желтоқсан күндері­нің 14-17-ші жұлдызында жыл­дағыдай қалыптасқан дәс­түр­мен ұлтымыздың ең басты, ең қасиетті мерекесі – тәуелсіздік күн­дерін зор мақтанышпен бү­кіл елдің бірлік, ынтымақ, бо­­лашаққа деген құлшыныс, нық сеніммен лайықты атап өттік.

Елімнің қайраткер бір қызы

Ел-жұртымыз Қазақстан Рес­­публикасы­ның Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы То­қаев­тың, Елбасы – Тұңғыш Пре­зи­дент Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың халыққа арнау сөз­дерін жылы қабылдады.

Осындай жақсы сезіммен 2022 жыл­дың да табалдыры­ғын аттап едік...

...Өкінішке қарай, қаңтардың бірінші аптасы қанды оқиғаларға ұласып, бейбіт халықтың үрейін туғызды...

Азаматтардың бейбіт шеру, ми­тингілер өткізу құқықтары біз­­де заңмен реттелген. Және әр­түрлі талап, тілектермен ми­тин­гілер өткізу жаңалық емес. Мә­селе, сол бейбіт шеруді пай­да­лан­ған содырлық күштер­дің ғи­ма­раттарды, материалдық игі­лік­терді талқандап, жаппай өрт­ке шал­дырып, адамдарға оқ атып, қы­рып-жоюды ұйымдасты­руын­да.

Әрине, қазір өткен алапат оқи­ғалар­ға жүргізіліп жатқан тер­­геу, тексеру жұмыс­тары аяқ­­талмай, ешкім де ешнәрсе айта алмайды. Бірақ бұл оқиға бәрі­мізге, бүкіл қоғамға, әсіресе «мен қазақпын» деген әр адамға әрі сынақ, әрі сабақ болса керек.

Бәріне де уақыт төреші.

30 жыл тарих үшін қысқа ғана уақыт болса да мемлекеттігіміз үшін, оның дүние­жүзілік қоғам­дастықтағы орны үшін, болашақ үшін маңызы өте зор екенін де әр азамат білетіні белгілі.

30 жылда ұлттық тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды, ұлттық тілімізді жаңғырту жолында аз дүние жасалған жоқ. Осы кезеңде өмірге жаңа буын, жас ұрпақ келді. Олардың алды дүние жүзінің алдыңғы қатарлы оқу орындарынан білім алып, жас мем­лекетіміздің әр саласында ең­бек ету мүмкіндігіне ие болып жүр.

30 жыл бұрын тәуелсіздігімізді баянды етеміз деп мемлекет ісіне белсене араласқан қырық жастағылар бүгін ел ағасы жасына келді. Олардың негізгі дені ұлтжанды отан­шылдар. Біз, бүгінгі аға ұрпақ еліміздің эко­номикалық дағдарысын, күй­зелісін, бұрынғы саяси-эко­номикалық жүйенің құлауын, Одақтың таралуын көзімізбен көріп, басымыздан өткіздік.

Ата-бабаларымыздың талай ұрпағы армандаған тәуелсіз мем­лекет болу бақыты біздің уақы­тымызға бұйырды.

Біз үшін ұлт болып бірігіп, тәуелсіз ел болып, өз тілімізде сөйлеу барлық тұрмыс қиын­ды­ғынан жоғары тұрды.

Республикада, өңірлерде, облыстарда, қалаларда, аудандарда, ауылдарда «Қазақ тілі» қоғамдары құрылып, беделді халықтық қозғалысқа айналды.

Әбдуәли Қайдаров, Рабиға Сыздықова, Шора Сарыбай, Са­лық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Жабайхан Әбділдин, Өзбекәлі Жәнібеков, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекіл­баев, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірзақ Айтбаев, Қадыр Мырзалиев, Фариза Оңғар­сынова, Нұрлан Оразалин, Мұхтар Шаханов сияқты танымал қазақ зиялылары бастаған қозғалысқа өңірлерде мыңда­ған, миллиондаған азамат қолдау көрсетіп, ана тіліміздің рухы да, мәртебесі де көтеріліп, қоғамда жетекші орынға шықты,

Қолданыстағы Ата Заңымыз – Конс­титуцияда қазақ тілі мем­лекеттік тіл болып қабылданды.

Ендігі жерде осы, тағы басқа ресми құзырлы орындардың ше­­шімдері, қаулы-қарарлары жү­зеге қалай асырылады, заң қа­лай орындалады?

Осындай бүкілхалықтық қоз­­ғалысқа, әрине, ел болып жұ­мылдық. Көптеген тіл қайрат­кер­інің еңбегі көрінді. Со­лар­дың ең алдыңғы өне­ге­лі қа­тарында Оразкүл Асан­ға­зы­қы­зының айқын сөзі мен батыл істері көп­шілік қолдауына ие болды.

Оның депутаттық қызметі де тілмен тікелей байланысты болды. 2012 жылдың қаңтар айында сайланып, жұмысқа кіріскен Парламент Мәжілісінің V ша­қырылымының Мәулен Сағат­ханұлы Әшімбаев бастаған бір топ депутат халықаралық қаты­­настар, қауіпсіздік және қор­ғаныс комитетіне біріктік. Ораз­күл де біздің комитеттің мү­шесі болып бекітілді. Келген бетте бір-екі ай сайлау кезінде жиналып қалған заң жобаларын комитет төрағасы жаңа сайланған депутаттарға бөліп, тапсырып, жұ­мыс топтары құрылып, жұ­мыс­қа кірісіп кеттік.

Алғашқы комитет отырыс­тары­ның бірінде әріптестеріміз өзіне тапсырылған заң жобалары туралы баяндамаларын жасап, талқылаулар жүріп жатты.

Кезек Оразкүл Асанғазықызы­на келді. Заң жобасы Қазақстан мен Армения мемлекеттері ара­сындағы достық, әріптестік қа­рым-қатынас туралы келісімді рати­фикациялауға байланысты екен. Оразкүл Асанғазықызы әуел баста заң жобасын баяндауға келген Сыртқы істер министрі орынбасарының баяндаманы мемлекеттік тілде жасамағанына мән беріп, Келісім мәтінінің көп жерде сауатсыз жазылғанына жан-жақты тоқталды:

– Мен өз көзіме өзім сенбедім. Мемле­кет басшылары қол қойған өте жоғары дәрежедегі құжаттың қазақ тіліндегі мәтінін­де 56 қате жүр, – деді әріптесіміз бәрімізді де ошарылдырып...

Сол жолы ұзақ талқылау, пікір­­таластан кейін Мәулен Әшім­баевтың ұсынысымен ал­дағы уақытта осындай ке­лең­сіз­діктерге жол бермес үшін Парламенттің қос палатасының ортақ келісімімен комитеттер ара­сында аударма бөлімдерімен бір­лесіп, Парламентке келген заң жобаларының екі тілдегі мә­тіндерін салыстыра отырып, бір жүйеге келтіру үшін арнайы жұ­мыс тобы құрылып, нақты шара белгіленді. Бұл жұмыс болашақ заң жобаларының сапасына оң әсер етті.

Оразкүл осыдан кейін де Пар­ламентте қазақ тілі мәрте­бесінің қуаттанып, өрісінің ке­ңеюі­не, күнделікті тұрмыста тұ­рақ­тануына көп еңбек сіңірді.

Ұлтымыздың бай тарихында «елім», «жерім, «тілім» деп өскен, өткен арда ұлдарымыз бен қыздарымыз да, сөз бастаған дүлдүл шешен көсемдеріміз де, қол бастаған батырларымыз да баршылық.

Мемлекеттік тәуелсіздігіміз­дің жаңа дәуірінде оның ал­дын­дағы ұзаққа созылған отар­шыл­дық, одан Одақ құрамында Мәскеу билігіне бағыныштылық, өктемдігіне тәуелді болған жағдайымыздан бостандық алып, еңсеміз көтерілген тұста ұлттық рухымыз қайта жаңғырып, өз тегімізді, тәркіленген тарихымызды, ұлттық құндылықтары­мыз­ды, жазықсыз қудаланған ұлт тұлғаларын қайта тани бастадық.

Әрине, мұның бәрі де ресми мемлекеттік тәуелсіздігіміз жа­рияланып, дүниежүзілік қо­ғам­дастық тарапынан танылып, мойын­далған тұстан, яғни «Қа­зақстан Респуб­ликасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабыл­да­нып, мемлекеттік институттар құрылып, өз дәрежесінде жұ­мыс істеле бастағаннан кейін мүмкін болған орасан жетіс­тік­тер екенін де әрбір қазақ естен шығармағанымыз абзал.

Ендігі жерде сол тағдыр мен тарих туғызған мүмкіндіктің өзін ұлт мүддесіне жұмылдыра алатын адамдар қажет болды. Сын, ұсыныс, пікір айтушылар жеткілікті. Мәселен, ана тілі­міз­­дің тағдыры, оның тынысы, қоғамдағы орны, қолданылу аясы, оқытылуы туралы сөз айтпа­ған қазақ кемде-кем. Ал «Әр қазақ не істеді? Не істеп жүрміз?» де­генде әр азамат қарапайым ғана өзінің табиғатынан, жараты­лы­сынан, отбасынан бастаса, қа­зақ­қа «қазақша сөйле» деп таусылмас едік.

Қазаққа «қазақша сөйле!» деп жаны ауы­рып, дауысы жеткенше қажымай айтып жүрген қоғам қайраткерінің бірі де бірегейі – біздің әріптесіміз, замандасымыз, бауырымыз Оразкүл Асан­ғазықызы Асанғазы.

Оразкүлдің білімі физика, ма­тематика болса да, еңбек жолы, мемлекеттік қыз­меті әуел бас­тан тілмен, тілдік қор, тіл мә­­­де­ниетімен байланысты бол­ға­ны да кез­дейсоқтық емес. Орта мектепті бітір­геннен кейін қыздар педагогика инсти­ту­тын тәмамдап, мектепте мұ­ғалім, мектеп директоры қыз­мет­­терін атқаруының өзі жас мұ­­ғалімді адамдармен жұмыс іс­теуге үйретті. Аудан, облыс кө­ле­міндегі партиялық бас­шы­лық қызметтері тікелей руханиятпен байланысты болды.

Оразкүл Асанғазықызының нағыз қайраткерлік келбеті мем­лекеттік тәуелсіздік жылдары ашылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың тәуелсіз еліміздің жаңа астанасын Арқа­ға көшіргенде, оңтүстік өңірден келген алғашқы іскер топтың бел ортасында осы біздің Оразкүл қа­рындасымыз келді. Жай кел­ген жоқ, ежелден әсіресе еліміз­дің солтүстік өңірлерінде ана ті­ліміздің жағдайынан хабардар маман ұйымдастырушы ре­тін­де ұлтымыздың тарихында қайта жаңғыру үрдісіне «бір кір­піш болып қалануға жарармын» деп білек сыбанып, бел буып, өз құлшынысымен келді. Шын мәнісінде, сол жылдарда, тіпті кей құзырлы ресми мем­лекеттік орындарда, әкімдік аппараттарында қазақ, орыс тілдерінде тең сөйлеп, сауатты жаза алатын мамандардың жет­кіліксіз болғаны да жасырын емес. «Бітер істің басына, жақ­сы келер қасына» демекші, Ораз­күлдей іскер, білімді, елге жан­ашыр әрі батыл адамдар, мем­лекеттік қызметкерлер жаңа ас­тана шаңырақ көтеріп, жаңа дәстүр қалыптасып жатқан тұс­та керек-ақ болды. Ол кездегі Ақмола (Целиноград) қаласында 260 мың халық тұратын, оның небәрі жеті-ақ пайы­зы қазақтар. Жаңадан ұйымдастырылып, орналасып жатқан мемлекетіміздің ең бас­ты қаласы талап дәрежесіне жетуі үшін қаншама ірілі-уақ­ты жұмыс атқарылуы қажет болғанын Нұрсұлтан Назар­баевтың естелігінен бас­тап көп­теген кітап, мақала, шежі­ре­де жеткілікті жазылды, әлі де жазылары анық. Қысқа қайы­рып, бір ғана салыс­тырмалы цифр­ларға назар аударсақ, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласында еліміздің барлық өңірінен келген азаматтар бір миллион екі жүз мың болса, оның сексен пайызға жуығы қазақтар. Олардың дені жас­тар. Біле білгенге бұл – тәуел­сіз мемлекеттігіміздің ең үлкен көрсеткіші әрі соңғы жүз жылда арман болған жете алмаған жетістігі.

Біздің Оразкүл Астана қа­ласының Сарыарқа ауданы әкі­мі­нің орынбасары, қалалық тіл бас­қармасының төрағасы, Мәжі­ліс депутаты қызметтерінде қоға­мымызда қазақ тілінің өз құ­қында орнығып, тұрмыс-тір­шілі­гіміздің салты мен салтанаты­на айналуына барынша еңбек сіңір­генін біз – осы жаңа қала тұрғындары көзімізбен көріп, құлағымызбен естіп, куә болдық.

Жаңа Нұр-Сұлтан қаласының көшеле­ріне, көрнекті қоғамдық орындарға қазақ тіліндегі атаулар, ұлтымыздың көрнекті тарихи тұлғаларының есімдері берілуі, сондай-ақ Кеңес дәуірін­де қазаққа еш қатысы жоқ бейтаныс адамдар мен жер, су аттарын, ономастикалық комиссия оты­рыстарында жан-жақты зертте­ліп, тәуелсіз еліміздің та­ри­­хы­мен ­байланыстырыла қай­­та қа­ралуында Оразкүл Асан­ға­зы­қызының бастамашыл еңбегі ­зор екенін осы қала жұртшылы­ғы біледі әрі сүйіспеншілік­пен ­айтады.

Мәжіліс депутаты болып жүр­­­генде де, мемлекетіміздің заң шы­ғарушы құзырлы орнында – Парламент мәжілістерінде, комитет отырыстарында, жұмысшы топтарында қазақ тілінің құқық­тық аясын кеңейтуге бар күшін салып, аянбай, тартынбай, айтарын айтып еңбек етті. Кейбір өз ана тілін білмейтін немесе білсе де сөйлей алмайтын лауазымды қазақ қызметкерлер Оразкүлдің талап, «шабуылдарын» іштей жақтырмаса да амал жоқ мойын­дап, келер жолы дайын­далып, «баяндамамды, сөзімді қазақша жасаймын», деп уәделерін де беретін, сөйте-сөйте үйренетін.

Оразкүл ресми мемлекеттік қызметтен құрметті демалысқа шыққаннан кейін де дамыл тап­қа­нын көргеніміз жоқ. Ол өзіне жақын білім саласының шаруаларына белсене қатысады. Үнемі студент, оқушы жастармен кездесулерде немесе ұлт сөзі айтылатын телебағдарламаларда ұлт құндылықтарын, ұлттық сана, дәстүр жетістіктерінің, отбасы бірлігінің қажымас қайраткері, насихатшысы әрі өнегесі болып, ойын ортаға салып жүреді.

Оның бүкіл қоғамдық қайрат­кер­лік еңбегінің бас тірегі де, демеушісі де – асыл тұқымды мал өсіруші кәсіпкер жары, ота­ғасы Жора Тойлыбайұлы Ал­ман­тай, азамат болған ұлдары мен қыздары, өсіп келе жатқан немере, шөберелері бас қосқан берекелі қазақ отбасының үлгісі деп айтарлық негізіміз жеткілікті.

Оразкүл – бақытты ана, үл­гісі, өнегесі өрісті азамат, тек қана Нұр-Сұлтан қаласы емес, жаңа замандағы Қазақстанның кеңіс­ті­гіне танымал қоғам қайраткері.

 

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері