Әдебиет • 17 Ақпан, 2022

Тіршілігінде тозаққа түскендер

1455 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Елдің Ыбырайы – Ыбырай, біздің Ыбырай – сұмырай» демекші, бұл жолғы шығарманың бас кейіпкері барып тұрған оңбаған, көргенсіздің есебінде суреттеледі және онысын өзі біле тұра қолдан жасайтынға ұқсайды. Елге жақпайтын сүйкімсіз әрекеттерге қасақана барады. Бірақ кемақыл, түйсіксіз пенде емес, суретші. Өте талантты әрі белгілі суретші. Сөйте тұра сүйкімсіз адам.

Тіршілігінде тозаққа түскендер

Кейіпкер ХІХ ғасырда немесе одан да бұрынырақта өмір сүрді дегенімізбен, мұндай адамдар қазір де бар арамызда. Алайда өте сирек. Жоққа тән. Бірақ бар. Оған қуанбасақ, ренжудің қажеті жоқ шығар. Ол басқа әңгіме. Ал суреткер сомдаған кейіпкердің сұры мынау: «Ёсихидэ жайлы оңған пікір айтатын адам жоқтың қасы-тын. Оны жамандамайтын тек өзінің бір-екі жолдасы еді. Сосын оның суреттерін ғана көрген, өзін білмейтін адамдардың жамандамауы мүмкін. Әйткенмен Ёсихидэнің түрі ғана сиықсыз емес-ті, мінезі де бір жексұрын болатын, өзі де сонысы үшін әбден көресісін көріп жүрді.

Ал оның мінезінің сиқы мынадай еді: су шығармас сараң, ұялуды білмейтін бетпақ, жалқау, ашкөз, ол аз болса шадыр, өркөкірек. Бүкіл елде менен өткен суретші жоқ деп ойлайтыны бар болмысынан көрініп тұратын».

Бұл – атақты жапон жазушысы Акутагава Рюноскэнің «Тозақ азабы» новелласындағы Ёсихидэ, ұлы сурет­ші. Қазақша сөйлеткен – Ботакөз Қожа­бекова. Енді автор осыған қарама-қарсы тағы бір кейіпкер ұсынады. Ол – жапон елінің ұлы мәртебелісі, император. Шексіз мейірім мен ізгілік иесі есебінде көрсетеді автор. Әулие небір пайғамбар болмаса, қай заманнан бері көпке жағу қиын екені екінің біріне мәлім. Тіпті сол пайғамбарлардың өзін халқы азаптап, қинап өлтіргені тарихтан белгілі. Аталған шығармадағы ұлы мәртебелі керісінше көптің алғысына бөленгені сондай, автор мынадай оқиғаны алға тартады. «...Өрік ағашының гүлдеген мерекесінен қайтқанда ұлы мәртебелі мінген күймеге жегілген өгіздер оқыс үркіп, ала қашыпты да, жолшыбай кездескен бір қарияны таптап өте шығыпты, сонда әлгі қария қолын кеудесіне қойып, ұлы мәртебелінің өгіздерін үстінен өткізген тәңірге алғыс айтыпты деседі».

Бұған қарап осындай зор құрметке бөленген ұлы мәртебелінің жанында Ёсихидэ кім деуге болмайды. Анау ұлы мәртебелі десек, мынау ұлы суретші. Ұлы мәртебелі императорға анасы босанарда бір әулие аян бергені де айтылады. Мынаған да талантты Құдай берген және сол өнерін көреалмастықпен күндейтіндер көп. Басқалар былай тұр­сын, императордың өзі осы сурет­шіге тапсырыс беріп, қаншама сурет салдырып, төрге ілдіреді. Бұл оны мойын­дағаны емей не?! Күнделікті өмір­де біреуі сүйкімді, екіншісі сүй­кім­сіз, мінез-құлықтары бір-біріне қайшы көрінгенімен, екі кейіпкер де түпкі мұратына адал. Өмірдегі ең бас­ты қасиет те сол емес пе? Бейнелеп айтқанда, бірі күн құдайы, бірі түн құдайы есебінде. Сондықтан бірі жақсы, бірі жаман деп бөлуден аулақпыз және бұл – біздің жеке ой. Себебі шығарманы әркім өзінше түсінеді. Бүгін басқаша қабылданған дүние біраздан соң қайта оқыса, мүлде өзгеше әсер етуі мүмкін. Көркем туындының уақытқа төтеп бере­тіні де осы қасиетінен шығар.

Автор шығармада өнердің ұлылығы туралы, оның таңғажайып құпиялары мен қандай азапты жол екендігін аңғартқысы келетін сынды. Яғни «Тозақ отын» салу үшін суретші қаншама құрбандыққа барады. Адам айтса нанғысыз азаптауларды көреді. Соның бәрін салып келгенде, картинаның түйіні шешілмей, нүктесіз қалып тұрады. Жұмыстың негізгі бөлігін суреттеу үшін автор оқиғаға көз жеткізіп, жүрекпен сезінуі керегін түсінеді. Суретші бұған дейін де, тек қана көріп, сезініп барып салып келген туындыларын. Тіпті әлдебір кісіге Құдайдан аян келіп, ол сөйлеп кеткенде суретші оны тыңдаудың орнына, әлгі кісінің бет-пішінінің қалай құбылып, өзгергенін көшіріп сала бастаған. Осы жолы да императордың тапсырмасымен салып жатқан тозақ туралы суретті түйіндеу үшін алтын күймеде өртке оранып, жаны шыжғырылып жатқан сұлу, ақсүйек әйелді көрсетуін өтінеді ұлы мәртебеліден...

Суретші Құдайдан жалғыз нәрсе тілейді – ұлы туынды салу. Соның жолында бәрін құрбандыққа шалады және өмірде жақсы көретін бір-ақ адамы – жалғыз қызы. Оны тұрмысқа бергісі келмейді. Шаң жуытпайды. Мұны сезген ұлы мәртебелі хан суретшінің қызын сарайға қызметке алдырады. «Емін-еркін бұла жүретін қызмет еді» дейді автор. Суретші императорға кіріп қанша өтінгенімен, ол қызды босатпай қояды. Тіпті бір туындысын салып апарғанда билеуші разылықтан «не тілейсің?» дегенде, «қызымды қолыма беріңіз» депті. «Болмайды» деп уәдесінде тұрмайды. Қызы болса сарайда әкесімен аттас маймылмен өте жақын дос болады. Ол маймылды сарайдағылар қыздың әкесінің сүйкімсіздігі мен мінезінің иттігіне байланысты Ёсихидэ атандырып жіберген. Маймыл қызға бауыр басады, император да қызға жақсы қарайды. Негізі көңілі болады. Автор бірде ол сөз елдің өсегі десе, енді бірде әлгі маймылдың ым-ишарасымен ұлы мәртебелі қызды өзіне қарата алмағанын емеурін етіп отырады. Қысқасы, новеллада авторды қосқанда алты кейіпкер болса, соның бірі – осы маймыл. Елдің сөзі қауесет десек те, сарайдағы қыз әлдекімнен қағажу көргендегі маймылдың жан­ашыр іс-әрекетін жоққа шығара алмай­мыз. Сарайда қыз тек император­мен ғана байланыста болғаны жазыла­ды. «Ёсихидэнің қызына ұлы мәртебе­лінің көңілі құлапты-мыс деген өсек бұрын­ғыдан бетер гулей жөнелді. Кейбіреулер тіпті тозақ оты суретінің салынуына сол қыздың ұлы мәртебелінің дегеніне көнбегендігі себеп болыпты десіп жүрді, бірақ олай емес екендігі әмбеге аян».

Осылай екіұшты ой тастағанда автор нені меңзегісі келді? Ойландырып қояды. Нагара көпірінің құрылысы кезінде өз ұлын құрбандыққа шалдырған делінеді ұлы мәртебелі. Яғни өз ісіне адалдығы көрінеді бұл жерде. Суретші де солай, шығармашылығы жолында бәрін құрбандыққа шалып келеді де, ең соңында кісі өлтіруді сұрайды императордан. Және император салдырып жатқан суреттің нүктесі сонда ғана қойылмақшы. Ол тұс – суретшінің қызы сарайда қиналып жүрген кезі: автор түн ортасында сарай ауласында келе жатқанда, алдынан шырылдап шыққан маймыл етегінен бір бөлмеге тартып қоймаған соң бұрылса, қыз өңі құп-қу болып шығып келе жатыр екен. Ар жағында бір адам суыт бара жат­қаны байқалады. Осыдан көп ұза­май Ёсихидэнің тілегін орындаған са­рай әміршісі тозақ елесін көрем деген суретшіге сәнді күймеге салып, көзінше қызын өртейді. Ондағы әлемтапырық көріністі шығарманы оқып білмесе, сезіп болмайды. Күйме ішінде алтынға малынып отырған қыз отқа шыжғырылып жатқанда, сарайдың биігінен қып-қызыл өртке келіп маймыл құлап еді дейді. Ал баласы көз алдында өртенген суретші тірідей тозаққа түскені анық. Бір айдан соң «Тозақ оты» картинасы да салынып бітеді. Шедевр елге мәшһүр болысымен, суретші асылып өледі. Бұдан шығармашылықты өміріне айналдырған суретші сертін ту қылып өткенін көреміз. Бірақ өте ауыр әрі қапалы емес пе?! Абай айтпақшы, «екі күймек бір жанға әділет пе?». Бетін аулақ қылсын, бұл құбылыс әлі де солай сияқты. Абайдан бастап санаса мысал жеткілікті.

Ұлы мәртебелі ел билеу ісінде көптің көңілінен шыққан, әділеттің жолын тұтқан дер едік. Алайда суретші сұрады екен деп оның туған қызын құрбандыққа шалғаны қай ақылға сыяды? Кісі өлтіруді ойына алғанның өзін осылай жазалады деп ақтап алайық. Онда жазықсыз қызында несі бар, суретшінің өзін жазаласа болмас па еді? Демек, гәп басқада. Суретшінің қызын ұнатқан, тіпті ессіз ғашық болуы мүмкін. Жұрттың сөзі де, маймылдың жанашырлық әрекеті де тегін емес. Олай болса, өлімге неге қиды сүйгенін? Қолы жетпеген сезім өшпенділікке ұласса, адам баласының кім болғаны?

Жалпы, шығармада суретшіден кейінгі күрделі кейіпкер маймыл секілді. Сарайдағы қамсыз жануардың өзі қыздың көз жасын сүртіп, бірге мұңаятын детальдар бар. Кілт маймыл десек, ұлы мәртебеліңіз зұлым дей беріңіз. Өйткені қызды өртер алдында суретшіге қарап «көрдің бе?» дегендей кекесінмен күледі ғой және бауыр басқан серігімен қоса маймыл да өзін құрбан етеді. Үш бірдей құрбан: суретші, қыз, маймыл. Жауыз да, қылмыскер де ұлы мәртебелі император. Қызға қолы жеткенімен, еркін жаулай алмаған соң тозаққа бәрінен бұрын түскен де сол мәртебеліңіз шығар.

Тіршіліктің өзі тозақ болып шықпай ма сонда?