Теннис • 18 Ақпан, 2022

Жұп құрағандар жұтынып тұр

230 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері дүние жүзінің түкпір-түкпірінде теннистен ірі-ірі халықаралық жарыстар өтіп жатқаны белгілі. Дәстүрлі турнирлерде қазақстандық теннисшілер де бой көрсетіп, бас жүлде үшін сынға түсу үстінде.

Жұп құрағандар жұтынып тұр

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Қатар астанасы – Дохадағы ATP 250 додасын сәтті бас­тағанымен, екінші айналымда екпінін жоғалтып алды. Жерлесіміз турнирдің жекелей бәсекесіндегі ал­ғаш­қы кездесуін әлемдік рейтингте 183-орында тұрған сло­вакиялық Йозеф Коваликпен өткізіп, екі сетте (6:2, 6:4 есе­бімен) басым түсті. И.Ковалик осы турнирдің іріктеу кезе­ңінде тағы бір қазақстандық Андрей Голубевпен күш сынасып, отандасымызды екі сетте (6:4, 7:6) жеңіп кеткен болатын. Осылайша Бублик Андрейдің есесін қайтарды десек те болады.

Дегенмен, жуырда ғана Монпельедегі (Франция) ATP 250 турнирінде топ жарған Александр Бублик бұл жолы алысқа шаба алмады. Екінші айналымда рейтингте өзінен 30 орын төмен орналасқан франциялық Артур Риндеркнехпен шеберлік байқасты. Тартысты өткен кездесудің алғашқы партиясын 7:6 есебімен жерлесіміз өз пайдасына жазғанымен, кейінгі екі сетте Риндеркнех Бубликті бет қаратқан жоқ. Екінші сетте франциялық теннисші 6:1 есебімен таразы басын теңестірсе, шешуші сетте 6:4 есебімен жеңіске жетті. Сөйтіп Артур Риндеркнех жарыстың ширек финалына жолдама алды.

Енді Александр Бублик осы жарыстың жұптық бәсе­кесіндегі жорығын жалғастырады. Бұл сында ол мажар­стандық Мартон Фуковичпен бірге жұп құрап, бірінші айналымда Додиг-Винус жұбын 7:6, 6:3 есебімен жеңді. Бублик пен Фукович жұбы екінші айналымда Андрей Голубев пен франциялық Фабрис Мартенмен ойнайды. Бұл бәсекеде қай жұп жеңсе де, қазақстандықтардың біреуі жалпы жүлде қоры 1 млн АҚШ долларынан асатын жарыстың жартылай финалына шығады.

Голубев-Мартен бастапқы ойынын ұлыбританиялықтар Дэниел Эванс – Кен Скупскимен өткізді. Қазақстандық-франциялық жұп бірінші партияда брейк жасап, басым түсті – 6:4. Олар екінші сетте де сол қарқынын жоғалтқан жоқ – 6:4. Бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған кездесуде А.Голубев пен Ф.Мартен 3 эйс жасап, 7 брейктің екеуін өз есептеріне жазды. Қарсыластары бір ғана эйс жасап, 4 брейк-пойнтты пайдалана алған жоқ.

Сонымен қатар тағы бір қазақстандық теннисші халық­аралық турнирге қатысуда. Александр Недовесов Флори­да штатының Делрэй-Бич қаласында өтіп жатқан ATP турнирін сәтті бастады. Ол пәкістандық Айсам-ул-Хак Курешимен жұп құрап, алғашқы айналымда америкалық Блумберг-Пол дуэтін үш сетте (7:5, 6:7, 10:8 есебімен) жең­ді. Енді Недовесов пен Куреши ширек финалда АҚШ спортшылары – Николас Монро/Джексон Уитроумен жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салады.