27 Наурыз, 2014

Өлкетанушы

712 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Валерий Стародуб халқымыздың шежіресін бір қазақтан кем білмейді

20140318_003024_001-1Қазақстан – ұлтаралық түсіністік пен конфессияаралық келісім салтанат құрып отырған мемлекет. Елімізді мекендейтін сандаған ұлттар өкілдерінің бәріне де бойларындағы мүмкіндіктерін ашып көрсетуге толық жағдай жасалған. Бұл сөзімізге біздің бүгінгі кейіпкеріміздің іс-әрекеті толықтай дәлел бола алады. Ол қазақ халқының бауырмалдығы мен меймандостығы­­­ның арқасында өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде ғана сезініп қоймай, қазақтың өткеніне қызығушылық танытатын өлкетанушы деңгейіне көтерілген.  «Көңілдің көзі ашылмаса, көз ешнәрсені көрмейді» деген рас екен. Қарап отырса, туған жердегі әр тас, әр тал «сөйлеп» кеткелі тұр екен ғой. 1986 жылғы «найзағайдың» жарқылы санаға сәуле түсіріпті. Оның артынша, 1988 жылы Наурыздың халықтық мереке екені ресми түрде мойындалды. Осы Наурыз табиғаттың бусанып оянуы, күн мен түннің теңелуі ғана емес, елдің теңелуі, әділеттіліктің орнығуы, адамдар санасының оянуы екендігін сары жігіт те түсінген. Онымен әңгіме құру кімге болса да қызықты. Сарыкөл, одан қалды Қостанай өңірінің тарихын бес саусақтай біледі. Ол үшін туған жердің тарихынан, әр халықтың салт-дәстүрі, тұрмыс ерекшелігінен қызық ешнәрсе жоқ секілді, оны қызықтырып, ынтықтырып келеді. Ауылдағы басқосуларда украин жігіті қазақтардың руын, шежіресін таратып бергенде талайдың аузы ашылып қалған. – Сарыкөл ауданы өңірін негізінен керейлер, оның ішінде сибандар жайлаған. Қанжығалы, сосын қыпшақтан тарайтын күрлеуіт руы да негізінен осы жерді қоныс еткен. Ал қатар жатқан Ұзынкөл ауданына қарай уақ тарайды, Меңдіғара ауданында негізінен керейлер, сосын қыпшақтар бар, –дейді менің «көзімді ашып». Айтқанының бәрі рас. ERA_9837 Облыста тарихшылар да, өлкетанушылар да аз емес. Солардың ішінде кейде халқымыздың тарихы жөнінде қазақ тілділер мен орыс тілділер айтқан уәждердің басы бірікпей, екі жаққа айырылып жатады. Әркім көрпені өзіне қарай тартып, тарихтың жұлма-жұлмасын шығарады. Қарның ашады, әрине. Ал Валерий Васильевичтің әңгімесін тыңдағанда білімділікпен қатар, адамгершілікті, тазалықты, шынайылықты, турасын айтатын әділдікті сезініп отырасың. – Ен даланы жайлаған қазаққа күн көру өте ауыр болды. Өйткені, малдың жағдайын жасау оңай ма? Олардың күнкөрісі, киімі де, азығы да мал болды. Байларды тақырға отырғызатын табиғи жұтты былай қойыңыз, малын қуып кету, жайылым-суатын алып қою секілді озбырлықтар, ішкі-сыртқы жаулардың әрекеті бейнетті өмірдегі халықтың азабын одан сайын қалыңдатып  жіберген ғой. Міне, осындай кезде Барақ әулие секілді халықтың өз арасынан шыққан тұлғалар өзіне қорған болған. Мен Барақ әулиені даладағы алғашқы пацифист дер едім, ол жауласуға қарсы болды, әділдікті жақтады. «Жаратқанның алдында адамның барлығы бірдей» деген сөзді әулие адам ғана айтады. Пугачев жеңілгеннен кейін әскерінің сарқыншақтары біздің өңірге дейін келіпті. Ресейге барса оларды да басшысы секілді азапты өлім күтіп тұрды. Сондықтан олар далаға, Ресей патшасының қолы жете бермейтін жерге «құрудың» амалын жасаған. Азып-тозған орыстарды Барақ қарсы алыпты, оларға нан, су беріп, тірілткен. Қанша дегенмен қарақшылар емес пе, тойынып алған соң әлгілер бас көтере бастапты. Арасында Шодыр деген біреуі Барақтың өзіне доқ жасаған, шектен шығып, оны жекпе-жекке шақырыпты. Барақ оң қолына мылтығын алып, қорғасынмен қаптаған қолғап киген сол қолын шетке ұстап, қарап тұра беріпті. Батырсынған Шодыр шүріппені басып қалғанда оқ Барақтың сол қолына тиеді, денесіне дарымай, қорғасын қолғапқа жабысып қалады. Барақ өзіне қарай жүргенде, атып тастайды деп қорыққан Шодыр бір уыс болады. Бірақ Барақ атпайды, Шодырға келіп: «Мына оқ сенің жақсылыққа қайтарған жақсылығың ба еді?» – депті. Сонда Шодыр Барақтың аяғына жығылып, кешірім сұраған екен, – деп әңгіме тиегін ағытады Валерий Васильевич. – Барақ әулие керей ме деймін, – дедім әңгімені «үрлеп» қойғым келіп. – Жоқ, Барақ әулие қанжығалы ғой. Барақ деген сөздің төркіні сонау шумерлерге жетелеп кететінін білесің бе? Барақ әулие 1711 жылы туып, 92 жас жасаған. Негізі, қазақ даласында бірнеше Барақ болған, кейбіреулер әулие Барақты Әбілқайырды өлтірген Барақ сұлтанмен шатастырады, – деп күліп алды. Ол Барақ әулие туралы көп зерттеді. Кітаптарды ақтарумен қатар, ауылдардағы ақсақалдарды көп тыңдады. Өткен уақыттың суретін сол күйінше жадында сақтаған құйма құлақ ақсақалдар бұрын көп болды. Сол кісілердің әңгімесіне құлақ аспағанын көптеген кісілер қазір өкіне еске алады. Солардың бірі Валерий Васильевич. – Ақсақалдармен бірге даланың ішіне бүккен қаншама сыры бірге кетті. Біз осы жөнінен ұтылған ұрпақпыз... Ой-ой! Саясат та, уақыт та бізге бас бұрғызбады. Қазір біздің қолымыздағы деректер там-тұмдап жинап үлгеріп қалғанымыз, – дейді өкініп. Бұған оның өзінің де көзі жетті. 90-жылдардың ішінде Шоқан Уәлиханов қайда туған деген мәселе көтерілді. «Кемеңгер ғалым қазіргі Сарыкөл ауданындағы Күнтиместе ме, әлде Әулиекөл ауданындағы Құсмұрында туды ма?» деген ой төңірегіндегі айтысқа облыстағы қазақ зиялылары, ғалымдар атсалысты. Бұл Валерий Васильевичті де қызықтырды, осы іске құлай кіріскенін өзі де сезбегендей. Қаншама кітаптарды ақтарды, көп жасаған ақсақалдар әңгімесін іздеп жүріп тыңдады. Валерий Васильевич Шоқан Уәлиханов Құсмұрында емес, Күнтиместе туған деген пікір жағында қалды. Оны өзі де дәлелдеді. – 1835 жылы Шоқан туғанда Құсмұрынға әскери бекініс әлі түспеген еді, ол 1838-39-жылдары дайын болды. Шыңғыс Құсмұрынға ауысқанда Шоқан 3-4 жастағы ойын баласы болатын. Менде Манаш Қозыбаевтың хаты сақтаулы, онда ғалым Шоқанның туған жері Күнтимес екеніне ғылыми тоқтам жасалғанын айта келіп, бір бума архив құжаттарын қоса салып жіберген еді, – дейді Валерий Васильевич. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демей ме?! Шоқан, Шыңғыс Уәлихановтар немесе Күнтимес тақырыбы өлкетанушыны қызықтыра түсті. Осы Күнтиместегі ескі бейіттен табылған тастағы араб қарпімен жазылған жазуды оқыту үшін ол арабша хат танитын кісілерді іздеді. Оны университетте араб тілін оқыған Ханкерей Жаңабаев деген досы оқып берді. Онда: «Тарихи жыл санау бойынша 1871 жылы 21 қарашада керей руынан шыққан Аманбайдың ұлы Өсіп ауыр науқастан 58 жасқа қараған шағында жалған дүниеден озды» деп жазылыпты. – Мұның қызығы бар. Осы тасты сыйлас досы болған Өсіптің бейітіне Шыңғыс қойдырған. Тастағы жазу Өсіп туралы ел аузынан жинаған мәліметтеріммен бірдей болып шықты, – дейді өлкетанушы. Тағы бір қызығы, Валерий Васильевич Күнтиместе Шыңғыс салдырды деген мешіттің орнын тауып, іргетасының тасын тарихи-өлкетану музейіне өткізеді. – Ұзынкөл ауданынан 90 жастан асқан Беген Асқаров деген ақсақалды тауып алдым. Ол кісінің аталары Күнтиместі жайлаған екен. Ақсақал Күнтимеске келген соң, біресе төбеге көтерілген күнге, біресе жерге қарап жүріп, «мына жерді қазыңдар, осы жерде Шыңғыс салдырған мешіттің іргетасы жатыр» деді. Қазып бердік, ақсақал бір метрге де қателеспепті, тегістеліп, шөп өсіп кеткен жерден іргетас шыға келді. Ақсақалдың айтуынша, мұнда татарлар құйған қызыл кірпіштен салынған мешіт болған екен. Бір ғажабы, сол заманнан бері ауыл қаншама өзгеріп, үйлер, мал қоралар салынғанымен, мешіттің үстіне ешқандай құрылыс түспеген. Мұнда да бір сыр бар ма, кім білсін, – дейді Валерий Васильевич. Күнтиместің маңайын жайлаған, 30-жылдары қуғындалған атасы Бегайдардың ізін табу үшін сонау Ресейдің Түмен облысынан Ерген Тобылжанов деген қандасымыздың Валерий Васильевичке жүгінуі де қызық әңгіме желісі. – Олар сибаннан тарайды екен. Ол кезде қазақтар руымен бірге қоныстанған. Сол арқылы Бегайдардың қай ауылда тұрғанын анықтадым. Сосын архив құжаттарына жүгініп, оның Қарлагта отырғанын, одан аман оралып, соғысқа барып, Ленинград түбінде қаза тапқанын анықтап бердім. Осы үшін Ерген Түменнен маған екі рет келді, – дейді ол. Өлкетанушы жиған-тергенін екі кітапқа жинастырды. «Исторические, культурные и памятные места Сарыколя» деп аталатын алғашқы кітабын оқырмандар жылы қабылдады. Өткен жылы ғана «Письма из деревни» атты екінші кітабы шықты. Екі кітабында да өлкетанушы өңірдің, халқымыздың тарихына байланысты ел аузынан жинаған әңгімелерді тарихи құжаттармен шегелеп отырады. Біздің кейіпкеріміз – физика пәнінің мұғалімі. Зейнет жасында болса да бүгінге дейін мектептен қол үзген емес. Вале­рий Васильевичтің Сарыкөл ауданындағы халық драма театрының жетекшісі екені жалпы жұртқа мәлім. Бұл өзі айтпаса болмайтын, айтсаң бір мақа­ланың көлеміне сыймайтын ұзақ әңгіме. Ауыл­дағы театрда қырық жылда алпыстан аса спектакль қойыпты, оның ішінде классикалық шығар­малардан бастап бүгінгі авторларға дейін қамтылған. – Шыңғыс Айтматов пен Қалтай Мұхамед­жа­новтың «Көктөбедегі кездесу» пьесасын сахналауды көптен армандап жүрмін, бірақ игеру оңай болмай тұр. Жеке қалсам, миымды осы шығарма шырмап алады, – дейді ол ағынан жарылып. Иә, біздің кейіпкеріміз қазаққа етене жақындығының арқасында осындай құрмет биігіне көтеріліп отыр. Мұны Отанымыздағы өзара түсіністіктің нағыз жарқын мысалы десек те қателеспейтініміз анық. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы. –––––––– Суретте: Валерий Стародуб Барақ әулие кесенесінің алдында.