Қазақстан • 18 Ақпан, 2022

ЕХРО 2020: Дубайдағы Қазақстан павильонында халықаралық форум өтті

295 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

17-18 ақпанда EXPO 2020 Dubai дүниежүзілік көрмесіндегі Қазақстан Республикасының Ұлттық павильонында «Болашақ энергиясы: әйелдер, бизнес және жаһандық экономика» III халықаралық форумы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕХРО 2020: Дубайдағы Қазақстан павильонында халықаралық форум өтті

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «Еуразиялық әйелдер альянсы» ҚБ іс-шараның ұйымдастырушысы болды. I және II халықаралық форумдар EXPO 2015 Milan және EXPO 2017 Astana көрмелері аясында өткізілді.

2030 жылға дейінгі кезеңге арналған тұрақты даму саласындағы жаһандық күн тәртібінде әйелдердің жан-жақты және тиімді қатысуын қамтамасыз ету қажеттілігі және шешімдер қабылдаудың барлық деңгейлерінде, оның ішінде қоғамдық өмірде басшылық жасау үшін олардың тең мүмкіндіктері ерекше атап өтілді.

Форумның негізгі идеясы экономика мен мәдениеттің түрлі салаларындағы халықаралық гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту үшін қоғамдық бастамалар мен әртүрлі елдер әйелдерінің ұмтылыстарын біріктіру болып отыр.

Форумның пленарлық отырысында Еуразиялық әйелдер альянсы Басқарма төрағасы, Мәскеу қаласындағы Еуразия әйелдер форумы төрағасының орынбасары Райхан Бәкірова, Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі бас консулы Рауан Жұмабек, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанова, Италия Ұлттық павильонының директоры Изабелла Коланджело және басқалар сөз сөйледі.

Форумда «Әлеуметтік өзгерістер мен өмір сапасын арттыру мақсатында әйелдер көшбасшылығын насихаттау» және «Қазіргі заманның жаһандық сын-тегеуріндері жағдайында этномәдени құндылықтарды сақтау: цифрландыру және виртуалды ғалам» атты екі тақырыптық сессия өтті. Сессия шеңберінде әйелдің ғылымдағы, әлеуметтік өзгерістердегі, медицинадағы және жасыл технологиялардағы рөлі талқыланды.

Форум соңында павильон алдындағы аумақта «Сарыарқа – Ұлы Дала әйелдері» портретін салған суретші-пассионарий, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, халықаралық байқаулардың лауреаты және КИНЭС пен Гиннестің рекордшысы Ренат Елубаевтың қатысуымен шоу өтті.