Қазіргі уақытта балыққа келген нәубетті тоқтату бағытында жұмыс жүргізілуде. Мұз астындағы белгісіз себептен өлген балық жиналып, зертханалық зерттеуге жолданды. Зерттеу қорытындысы белгілі болғаннан кейін жарияланбақ. Білікті мамандардың айтуына қарағанда, балықтың қырылуы мұз астында оттегінің жетіспеушілігінен болуы әбден мүмкін.
Астрахан ауданының Новочеркасское ауылы маңынан өтетін Есіл өзенінің аңғарынан 85 келіге жуық өлген балық жиналған. Қазір Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспекциясының өкілдерімен бірлесіп, сынама жұмыстары жүргізілуде. Өлген балықтар санитарлық нормаларды сақтай отырып, жойылады.
Қазіргі таңда мұздың астыңғы қабатына оттегін өткізу үшін екі мотопомпа орнатылған. Бұл да тұншыққан балықтарға сеп болуға тиісті. Сараптама қорытындысы белгілі болғаннан кейін тиісті жұмыстар атқарылмақ.