Әдебиет • 20 Ақпан, 2022

Сайыпқыран сықақшы

1393 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Бірінші таныстық

Әлімізге қарамай біз де кезінде әдебиет алыптарының соңдарынан салпақтадық. Жандарында жанасып жүрмесек те, сырттай бір-бір жазушыны еншілеп алатынбыз.

Сайыпқыран сықақшы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Онда біресе қызғалдақ қызға ғашық болып, махаббаттан бас айналып бұрқы­ратып өлең жазамыз. Мұнымыз өлең деген өрелі өнердің талабына сай келе ме, жоқ па, аражігін ажыратып жатқан біз жоқ. Қойны-қонышымыз толған «өлең». Ішкі дауысты тыңдасақ, мұндай керемет өлеңді тіпті Абай да жазбаған. Бірақ ешбір газет-журнал жарияламайды. Сосын, көсілтіп әңгіме, новелла жаза бастаймыз. «Шикілеу екен» дейді көңілімізді жыққысы келмейтін көкелер.

«Қалай пісеміз?» деп шарқ ұрып жүр­генде қолыма от ауызды, орақ тілді сы­қақшы Садықбек Адамбековтің «Атылған қыз туралы аңыз» атты сатиралық романы түсе қалмасы бар ма? Жата қалып оқиын. Кітап 1969 жылы «Жазушы» баспасынан шығыпты.

Көркем әдебиеттің басты міндеті сөз­бен сурет салу, болмысты әсерлі беру, елес­тету десек, Садықбек ағаның шағын жанр­ларының өзі үнемі бүкіл оқиға, иірім­ді көз алдынан өткеріп отырады екен. Әрине, бұл сықақшы туындыларының тұшым­дылығын, көркемдігін арттырып жататынын әдебиет теориясын оқығандар жақсы біледі.

«Атылған қыз туралы аңыздың» екін­ші кітабы араға бақандай 6 жыл салып 1975 жылы жарық көрді. Осы 6 жыл мен үшін 6 ғасырға тең болды десем, қазіргі өндір жас «Өтірікті шімірікпей айтады екенсіз» деріне күмәнданбаймын.

Осылай, Садықбек Адамбеков есі­міне мектепте оқып жүрген сарыауыз ба­ла шақтан қанықтық. Әрине, сары­ауыз болған соң сайыпқыран, сақа сы­қақ­­шының сатиралық романына те­рең бойлай алмадым білем. Бірақ осы олқы­лық­тың орнын С.М.Киров атындағы Қазақ­тың мемлекеттік университеті (қазір­гі әл-Фараби атындағы қазақтың ұлт­тық уни­верситеті) журналистика факуль­те­тінде оқып жүргенде көрнекті ғалым, ұла­ғатты ұстазымыз Темірбек Қожакеев тол­тырды. Негізінен садықбектануды үйрет­кен сол кісі. Адамбековтің шығар­маларын жілікше шағып, талқылап жазған еңбектерін оқысаңыз, көп жәйтке қанығасыз. Т.Қожакеев жоғарыдағы кітап туралы «Бұл – ауыз толтырып айтар­лық, қазақ сатирасындағы ерекше атар­лық жаңалық» деп бағалады. Ра­сында, С.Адамбековтің бұл еңбегі қазақ әде­биетіндегі тұңғыш сатиралық роман еді. Енді Қожакеевше айтсақ, асылы, са­тира әсерлі де ықпалды, тәрбиелеуші, сақ­тандырушы күші мол болуы үшін онда түр-түсі мен іс-әрекеттерінен, ойлау, сөйлеу парасатынан оқушы түңілетін, «мұндай бола көрмейін» деп жиренетін сатиралық образ болуы керек. Садықбек көкем осы шартты үнемі ескеріп отырды. Әр туындысында-ақ тип жасауға талпынды. Көкемнің сықақ әңгіме, фельетондарынан өтірікші суайттың, жауапсыз тоғышардың, жылпос ұрының, басынан жақсылығы артылмайтын өзімшілдің, ымырашыл, жершіл, рушылдың, арсыз арызқойдың бізбен қайнасып жүрген өмірдегідей бейнелері көптеп табылады.

«Төтенше өкіл» деген сықақ әңгімені оқып көрелік. Ақ қар, көк мұзда тар шалбар, шолақ пальто, істік тұмсық туфли киген өкіл ауылға арыз тексеру үшін ке­леді. Қалың қарда қарға адым аттай алмай бүрсең қағып, сорлап қалады. Осыны пайдаланған шаруашылық басшылары өкілді бір маяның түбіне апарып, коньякқа тойдырып, көзі бұлдырады-ау деген кезде қабат-қабат теңкиіп жатқан төбелерді көрсетеді. Өкілге әр төбе бір-бір мая шөп болып елестейді. Тексерушіні тік көтеріп, иығына қойған Қаспақов істік мұрын өкілді оңға-солға бұрып, сирағынан мықтап ұстап тұрады.

– Көрдім, өте жақсы көрдім. Туу, не деген көп шөп... Ах, оңбаған арызқойлар. Қалай ұялмай өтірік айтады? Түсіріңіз енді... – дейді төтенше өкіл.

«Тірсегі майысқан өкілдің құлап кетем бе деп жүрегі суылдады. Қаспақов өкілді дік еткізіп, жерге қойды» дейді автор.

Бұл, әрине, сатиралық елес берудегі, сөзбен сурет салудағы тың тапқырлығы. Арыздағы айғақтарды індетіп тексеріп, анық-қанығына көз жеткізу орнына, өкілдің совхоз маяларын шаруашы­лық басшыларының бірінің иығына шы­ғып тұрып санауы – күлкілі елес, тап­қырлықпен салынған сурет әрі өкілді ақы­мақ ету. Мұнан соң директор «енді жаяу жүріп шөпті өлшеп қайтыңыз, қане, алға түсіңіз» дейді. Ұзын тұмсық туфли киген өкіл өлсе алға түсер ме? Бұта паналаған торғайдай сиыр кеулеген мая үңгіріне кіріп, дірдектеп отырған өкіл «ойбай, өлше­меймін, сіздерге сенемін, өзім де көр­дім ғой» деп безілдейді.

Осындай тапқыр әрекет, тапқыр елес, тапқыр тіл, тапқыр пікір Садықбек сатирасына нәр беріп, қуаттандырып тұрады. Ауыз тұшып, эстетикалық әсер алатын мұндай шығармалар «Қожанасыр қақ­пасы», «Аюбайдың ажалы», «Көсенің көзі» атты жинақтарында молынан кез­деседі.

Міне, осы үшін де Садықбек шығар­малары туралы кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезов кезінде: «Ақындық тәжі­рибесін мол пайдаланбаса да, фелье­тон, әзіл-әжуа түріне ауысып, сол кіш­кене көркем жанрда өз өнерін өткір­леп, айқындап ашып келе жатқан С.Адам­бе­ков­тің тілі де сүйсінердей нәр танытты» деп жазды. Сондай-ақ ұлы жазушы «Са­дық­бектің әр сақалының түбінде бір-бір сайтан ұялап жатыр» (М. Әуезов. 20-том) деп әзілдейтінін көнекөздер әлі де айтып отырады.

ҚазМУ-де оқып жүргенде Темірбек Қожакеев менің ептеп сықақ жазатынымды біліп, қанатының астына алып жүрді. Бұл кісі сатира жанрына бейім жаңа есімдерге ерекше қамқорлық танытушы еді. Бірде сол ұстаз:

– Сабырбек, сен Садықбек деген ағаң­ды білесің бе? - деп сұраған.

Қалай білмейін. Арыс балалар үйінен шыққан Садықбектей көзі тірі сатирикті білмеу өлім емес пе? Осыны айтқанымда Темірбек ағай:

– «Ара» журналына іздеп барып, таныс. Мен жіберді десең, жақсы қарсы алуы тиіс, – деп бағыт-бағдар сілтеді.

– «Арада» жұмыс істеу жалаңаш құй­­рықпен кірпінің үстіне отырғанмен бір­дей!» – депті ғой Күлмесханның өзін күл­­дірген Қалтай Мұхамеджанов ағамыз. Кірпінің үстіне жалаңаш отырып жүрген көкелермен кештеу таныстым. Көкеммен алғашқы таныстық осылай басталған.

Екінші таныстық

Қайратты шашын артына қарай шал­қайта тараған кірпішешен үстіндегі көкем әуелі маған тым сұсты көрінді. Содан амалсыз Оспанхан Әубәкіров ағаны жағаладым. Бір-екі шымшыма мен сықақ өлеңімді бармақтай ғана алғысөзбен «Сү­зеген сөзге» жариялады.

Сөйтіп жүргенде телеарнадан Са­дықбек Адамбековпен арнайы сұхбат өтті. Сұхбат беріп отырған сатирик қызу­қандылыққа салынып, ерсілі-қарсылы жүріп кетті. Қабағы қатаң. Жүрісі ылдым-жылдым. Сөздері түйеден түскендей. «Мына адам алдына барсам түтіп жейді ғой» деп топшыладым. Кеңес өкіметінің күркіреп тұрған тұсы ғой. «Ара» журналына шыққан атқа мінерлер аттарынан ауып түсетін. Сәкеңнің сұр садағынан атылған жебе талайлардың белін бүгіп, тізесін дірілдетіп тұрған кезең. «Мен де осы кісідей болсам-ау» деген арман сол кезде бой көтерді білем. Бірақ ол кісідей болу қайда?!

Созбалақтап қайтемін, «Араға» бара-бара, табанымыз жара-жара болып жүріп Садықбек көкеммен танысудың орайы келген. Таныстырған Оспанхан ағам еді.

– Келіп-кетіп жүретініңді білем. Қатираға ғашық болғандай сатираға да ғашықпысың? – деді Садықбек көкем салған жерден.

– Иә, аға!

– Қайдансың?

– Оңтүстіктен.

– Жерлес екенбіз. Бірдеңе түртіп жүр­сең, ұялмай әкеліп көрсет.

– Макұл, аға!

– Бар, енді сабағыңнан қалма.

Бұдан әрі сұхбаттасудың артықтығын сезініп, сабағыма қарай сырғыдым.

Бірде осы кісіні Темірбек Қожакеев аудиторияға ертіп келді. Таныстырды. Мен бұл кісімен ертерек таныс екенімді білдіргім келгендей елпектеп кетсем ке­рек, Темірбек ағай қабағымен-ақ тыныш отыруымды ұқтырды. Біздің курс­та Гүлмира деген қыз оқушы еді. Соған бұрылып:

– Айналайын, университеттен соң қай салаға барғың келеді? – деп сұрады.

Сол кезде бізді екі салаға – газет және телеарнаға бейімдеп оқытатын.

– Газетке, – деді Гүлмира іркілмей.

– Қазір газетте қызмет істеу таңсық емес. Таныламын десең телеарнаға орналас. Ол жағына мен көмек беремін, – деді құрметті қонағымыз.                       

Қонақтың қамқорлығына қуандық. Сәкең курстасымызға өзінің мекенжа­йын жазып берген. Кейіннен Гүлмираға «сенің сатирик көкең бар емес пе?» деп әзілдеп жүрдік.

Ол кезде Садықбек көкем жайлы небір аңызға бергісіз әңгімелер айтылушы еді. Соның бірі мынау.

Қайнекей Жармағамбетов пен Садық­бек Адамбековтің «Ара» журналында бірге қызмет істеп жүрген кезі екен. Бірде Сәкең журналдың бас редакторына кіріп, ақша сұрапты. Қанекең мырс етіпті де:

– Есікті жауып, кабинеттен шық та, іле қайта кіріп, төрт жол өлең шығар. Сосын көрерміз, – дейді.

Сәкең «құп» деп шапшаң басып кабинеттен шығып кетеді де, артынша қайта оралады. Сөйтеді де бастығының алдына бір тізерлеп отыра қалып:

– Қайнекей-ау, Қайнеки,

Садықбегің мінеки.

Ақшаң бар ма, қанеки?

Ресторан әнеки! – деп терезе жақты нұсқайды.

Енді Сәкеңнің сапарлауы жайындағы әңгіме ертегіге бергісіз. Журналист ретін­де ол іс-сапарға шығатын болады. Бас редактор Сырбай Мәуленов оған қаражатты қомақтылау белгілесе керек. Жол жүретін күні «Сәлем» мейрамханасында Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Тахауи Ахтанов барлығы жолашарға жиналады. Дастархан құнын Сәкең төлейтін болған соң аянсын ба, тапсырысты үйіп-төгіп береді. Бұл аздай былай шыға интернатта жарты нанды бөліп жеген досы Сырбай Садықбектің екі қолын Жұбан мен Тахауиға ұстатып, қалтасындағы қалған ақшасын сыпырып алады.

– Өз ауылыңа бара жатырсың ғой. Са­ған ақша неге керек? – деп үшеуі қарқ-қарқ күліпті.

Ақша қалтада. Іштегі тағы бірдеңе ті­леп, түрткілейді. Үш «сері» қайта айналып «Сәлемге» кіреді.

Осы кезді пайдаланып Садықбек кө­кем такси ұстайды. Әуелі Жұбан досының үйіне жетеді.

– Софья! Бол тез. Жұбан жұмсады, – дейді ентігіп.

– Не үшін?

– Орталық дүкенде ғажап норка шуба сатылып жатыр екен. Саған шап- шақ. Жұбан қырғын кезекте тұр. Бол жылдам. Шуба таусылып қалар, – дейді досының жұбайын асықтырып.

Жеңгей Садықбек көкемнің қолына сұраған ақшасын ұстатып қала берген. Осы әдіспен ол Сырбай ағаның үйіндегі Гүл­жамал жеңгейді де үптеп кетеді.

Қайтып келсе үшеуі әлі думандатып отыр. Пойыздың жүретін кезі де тақап қалады. Үзеңгіге аяқ салған Сәкең:

– Үйлеріңе тезірек қайтсаңдаршы! – десе керек «жанашырлықпен».

– Аға, осы әңгімелер қаншалықты шындық? – деп сұрадым бір кездескенде көкемнен.

– Қызықсың, – деді ол қыңырланып, – өтірік болса ел қалай айтып жүр?

«Қазақ әдебиеті» газеті, «Ара» және «Крокодил» журналдарындағы қызметінен соң Садықбек көкем шығармашылық жұмыстарға біржолата кетті де, мен де елге оралдым. Арадағы аз-кем байланыс осылай үзіліп қалды.

Мұны қырғи тілді қайсар ағамен екін­ші кездесу деп біліңіз.

 Үшінші кездесу немесе қоштасудың қиыны-ай!

Бұл кездесу туралы ойласам, жүрегімді сағынышқа бөлеп, арқама шаншудай болып қадалатын елеулі оқиғалар көз алдыма келеді. Ғұмырының соңғы жылдарында Садықбек көкем өзі туып-өскен Арысына келді. Баяғы қайратты қара шаш селдіреген, бозаң тартыпты. Денсаулығы да аса мәз емес-ті. Соған қарамастан шы­ғар­машылықпен үздіксіз айналысты. Же­лісі желтоқсан оқиғасын қамтитын 510 бет­тік роман жазды. «Желтоқсандағы қара түн» атты осы кітапты қысқарта-қысқарта келе 95 бетке түсірді.

– Денсаулығым болмай жүр. Осы кіта­бымның қаржысына ота жасатуым керек, – деп еді бір барғанымда.

Қарт Сәкеңнің Шымкентке шапқылауы жиіледі. Бірде «Оңтүстік Қазақстан» газе­тіне арнайы сұхбат берді. Өзі туралы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Алдыңғы толқын ағалар жайлы кеңірек әңгімелегені, бүгінгі қоғам хақында толғамдарын айтқаны есте қалыпты. Әңгіме Мұхтар, Сәбит, Сырбай, Жұбан, Тахауиға келгенде көкем толқыды.

– Жалғыз қалдым. Олар мені жалғыз қалдырып кетті, – деп жылады.

Қайратты кісінің жылағаны мені қатты толқытты.

Мен білгелі ол жалғызілікті ғұмыр кешті. Ілгеріректе халық ақыны Иса Бай­за­қовтың қызы Махфузамен дәм-тұз­дары жарасып, бірге тұрғанын естуші едім. «Содан кейін үйленген жоқ» дейтін білетіндер. Оны мен де сезетінмін. Үйіне барғанда жалғыз қарсы алушы еді. Өзі де, тағдыры да күрделі жан еді ғой.

Обалы не керек, қалалық әкімдік пен туған-туыстары жатса – көрпе, жантайса – жастық болып өбектеп күтті. Қала әкімі бір өзіне үлкен үй сыйлады. Садықбек көкемнің осы үйіне жиі келуші едім. Бұл туралы танымал жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт былай деп жазды:

«Сатира сардарларының бірі Са­дық­бек Адамбеков ағамыз өмірінің соң­ғы жылдарында Алматыда мазасы бо­лың­қырамай, туып-өскен өңірінде, атап айт­қанда, Арыс қаласында тұрды ғой. Бір­неше жыл бойы Сабырбек салып-ұрып Арысқа тартып кете барар еді. Садықбек ағасы сатирик інісін жақсы көретін. Сықақтарын тыңдап, мәз-мәйрам күй кешетін, жай адамдарды, жайдақ әңгімелерді жақтырмайтын Адамбеков тілінің қотыры бар, сықы­лықтай күліп, сықақтай сүйкенетін жас бауырларын жанына жақын тартып, жібермей, бұлар біраз уақыт бармаса жас балаша өкпелеп жүруші еді. Күндердің күнінде қазақ сатирасының классигі Садықбек ағамыз інісі Сабырбекке:

«Келген бала екенсің сағындырып,

Енді сықақ жаза бер қағындырып.

Қандай асау болса да жалында ойна,

Қаламыңның ұшына бағындырып, – деп өлең арнады».

Расында, дәл осылай еді. Бірде мен Садықбек көкеме келешек кітабымды көрсеттім. Алып қалды. Артынша Арыс қаласы әкімінің орынбасары Сәбит Сұл­танов екеуі «Оңтүстік Қазақстанға» мені іздеп келді. Қолжазбамды ұстатып тұрып жымиып күлді. Аз ғана жазған жолашар тілегі бар екен.

«...Алыс сапарға шығарда көкірегі ояу, көргенді елдің баласы ауылдың ақса­қалынан бата сұрап, қол жайып тізерлеп отырады екен қарияның алдында.

– Жорытқанда жолы болсын, жолда­сы Қыдыр болсын! – деп ауыл ақсақалы бата беріп, күміс сақалын сипап, алдында­ғы жас жігітке байсалды көзбен қарай­ды екен.

Ол баяғы, бағзы заман...

Қазір әр үйде бір-бір классик, өзінен басқа адам жоқ, кеудесіне нан пісіп, өзі болып, өзі толып осқырып тұрған кезеңде:

– Сәке, осы бір жинағымды оқып беріңізші, – деп бар ықыласымен келіп тұрған ақын, кәдімгі өзіміздің жігіттерге ұқсайды екен.

Бұл – ізгілік...               

Мен Сабырбекті оқып келемін. Ұшқа­нына, қонғанына қарап, іштей тілектес болып отырамын.

«Мүсәтірді» тіліме тигізіп көрдім. Енді осы жинағы жарық көрген соң сатира – сықақ ақынының «Құс жолы» айқындала түседі.

Жолың болсын, Сабырбек!

Сатираның сары шалы Садықбек Адамбеков» депті қамқор көкешім.

Осы алғысөзімен жаңа сықақ өлеңдерім кітап болып шықты. Көкеме арнайы алып барып бердім. Қатты қуанды.

Сол жолы біз редакцияның ауласын­дағы шағын бауда ескерткішке суретке түс­тік. Осы сурет келесі кітабымда жария­ланды.

Садықбек аға менің сатирадағы сара ұстазыма осылай айналды. Бұл менің ең бақытты күндерім еді. Үлкенді-кішілі кез­де­сулерде, басқосуларда оқырмандар: «Әдебиеттегі ұстазыңыз кім?» деп сұрап жатады ғой. Мұндайда менің аузыма бір­ден Садықбек аға түседі.

Шәкірттік міндетім әрі борышым ре­тінде ұлы ұстазым туралы естеліктер, ма­қа­лалар жазып тұрамын. Асыл аға бір­де «Оңтүстік Қазақстан» газетіне мені арнайы іздеп келді. Қасында жоғарыдағы Сәбит Сұлтанов бар. Түсте үшеуіміз бір мейрамханадан түстендік. Жүзіктің көзінен өткендей бір әдемі бойжеткен бізге ізетпен қызмет көрсетті. Қырағы көз­ді көкем әлгі қыздың келген-кеткенін бағып отырды. Әлдене керек болса «Ақ қа­натты періштем, келіп кетші» деп ша­қырады. Расында, әлгі ару жүріп емес, ұшып келе жатқандай, аяғының тықыры сезіл­мейді-ау. Әр келген сайын көкем қисынын тауып қыздың қолынан бір сүйіп қалады.

Міне, осы көзмерген көкеме қасиетті Түркістанның топырағы бұйырды. Бір төбенің басында төмпешік қана болып ұйықтап жатыр.

Бір қуанарлығы, қазақ әдебиетінде тұңғыш рет сатиралық роман жазған жазушы ретінде Садықбек Адамбековтің есімі алтын әріптермен жазылып қалды. Арыс қаласында С.Адамбеков атында­ғы орта мектеп бар. Бірақ бұл бізге сатира сайыпқыраны Садықбек көкеме көрсетілген құрмет әлі де аз сияқтанады да тұрады. Биыл оның туғанына 100 жыл толуына орай саңлақ сатириктің көп томдығы жарық көрсе нұр үстіне нұр болар еді. Содан соңғы міндет Шымкенттегі сатира және әзіл театрына Садықбек Адамбековтің есімі берілсе деп танымал сатирик, ақын Көпен Әмірбек екеуміз көптен бастама көтеріп келеміз. Биыл осы тілегімізді Үкімет хош көріп, театрға аты берілсе, бұл да сатирик ағамызға көрсетілген үлкен құрмет болар еді.

Осыдан біршама жылдар бұрын Көпен Әмірбек аға Садықбек Адамбеков атын­дағы халықаралық сатириктер байқауын өткізді. Заман ағымы мен сарыны қолай көрмеді ме, әлде тиісті мекемелер мен біздің бай-байшыкештер демеушілік жасап, қаржы бермеді ме, осы жақсы басталған үрдіс тоқтап қалды. Қазақтың жаны – күлкі, әзіл-оспақ. Күлкі – витамин. Күлкі – адамның өмірін ұзартатын дәмді дәрумен. Уытсыз, достық рәуіштегі әзіл-қалжың адамдарды табыстырады, таныстырады. Қалжыңқой қазақ бар­лық қиындықтарда бойындағы үрейді әзіл­мен жеңген, ел арасындағы күрмеулі түйін­дерді астарлы әзілмен тарқатқан. Ендеше, күлкінің күмбезін келістіріп сомдап кеткен Садықбектей сара сатириктен нені аяуымыз керек?

Біздің бұл тілегімізді ел болып қоштап, Үкімет, Қазақстан Жазушылар одағы қол­дап, асыл ағаның мерейтойын жетім қыз­дың тойындай емес, жетілген елдің мере­йіндей етіп өз дәрежесінде өткізер деген үкілі үміттеміз.

 Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Садықбек Адамбеков атындағы

әдеби сыйлықтың лауреаты