Өнер • 20 Ақпан, 2022

Түз тамашасы

771 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жарасын жалап жазған бөрідей айға арзу айтып, ұрпағының қамын ойлап бірде тау-тасқа жан сауғаласа, бірде ашық келген жауына айбаттана қарсы шапқан қазақтың қанына біткен бір қасиет – осы аңшылық өнер. Сары сүйегінде сан ғасыр бойы сақталып келген дала дәстүрінің дәрісі ұрпақ бойына сіңгелі қашан... Қансонардың қызығы қазақ үшін бітпес әңгіме, таусылмас жыр, көркем картина емес пе?!

Түз тамашасы

«Аңшы мен құс» картинасына қарап, бір әңгіме есіме түсіп тұрғаны. Жаңылыспасам жазушы Рақымжан Отарбаевтың «Шыңғыс ханның көз жасы» атты хикаяты-ау деймін. Сон­да ұлы жорыққа аттанған қалың түмен жүгірген аң, ұш­қан құсты азық етіп, аш өзе­гін жалғайды. Десе де кезік­кенін қынадай қыруға рұқ­сат жоқ. Шыңғыс ханның пәрмені сондай. Жылт еткен көктемнен қара күзге дейін қару көтертпейді. «Аң төлін, құс балапанын өргізер шақ. Тұқымы үзілмесін, алаңсыз аяқтансын, түбітін түсірсін» деген тілек. Ал қарашаның қатқағынан өгіздің өзін өкірткен ақпанның аяғына дейін қалай ауласаң да еркің. Қолын қақпайды. Бұл біз мысалға алған шығарманың шындығы.

Бақсаңыз, танымал суретші Алпысбай Қазығұловтың «Аң­шы мен құс» картинасы абстракционизм және сюрреализм стилінде жазылған. Ол жабық қою түстердің жар­қылына адамның кішкентай пішінің қарама-қайшы қол­данады. Бояу ағынымен жүзген саңылаулы аспанның түнеруі дүниеге төнген қасіреттен хабар беріп тұрғандай.

Кенеп бетіндегі композиция екі бөлімнен тұрады. Біз оң жақтағы көріністен құс қанаты мен садағын төмен түсіріп, тік тұрған ер адамның сұл­басын көреміз. Көкжиекке енген қызылды-сарылы күн сәулесіне қарап жердің тегіс екенін байқауға болады. Суретші екі бөлікті айқұш-ұйқыш боялған қауырсындар арқылы ажыратады. Біз ұшқан құсты емес, тек түстер арқылы әлем-жәлем боялған кенеп бетіне қиғаш орналасқан екі қанатты көреміз. Олардың ішінде қызыл-қара түстісі ұшуға талпынған құстың жанайқайын береді. Картинаның бұл бөлігі жайсыздық және азапты сезім сыйлайды, қазір ғана болған қасіретті сездіреді.

Суретші өз картинасында түс, сызық және композиция арқылы көңіл күйді, жан тербелісін беріп, қиялдау мен елестету үшін кеңістікті қалдырады. Бұлыңғыр кө­рініс­тер оқырманды әртүрлі ойға жетелейді. Шынында ше­бер­дің ойлағаны да сол болатын.