Балықтарға төніп тұрған жаппай қырылып қалу қаупінің алдын алу үшін «Тобыл-Торғай облысаралық балық шаруашылығының қызметкерлері мен жітіқаралық кеншілер аудандағы өзен-суларға аэрация жұмыстарын жүргізді.
Жалпы, жергілікті Комаров тау-кен кәсіпорнында экологиялық конкурстар жиі өтіп тұратынын айта кету керек. Компания өңірдегі биоалуантүрлілікті сақтау мақсатындағы іс-шараларға да атсалысып келеді. Кәсіпорын жұмысшылары бұл жолы Шортанды өзеніндегі балықтарға ауа жіберді. Игі бастаманы тау-кен кәсіпорнына қарасты экономикалық-жоспарлау бөлімінің маманы Петр Лифанов көтеріпті.
– Өзім де әуесқой балықшымын. Қыста су астындағы оттегінің азаюы аса қауіпті жағдай. Сондықтан бұл жоғары жауапкершілікті қажет ететін аса маңызды мәселе. Аэрация жүргізу туралы ойымызды басшыларға жеткізіп едік, ол кісілер де қолдай кетті, – деді П.Лифанов.
Шортандыдағы игі шараға қатысқан кеншілер, көлік жүргізушілер мен экологтер өзен мұзын бұрғылап, қамыстан бау байлап, оны ойыққа малып қойды. Бұл су астына ауа жіберудің ежелгі тәсілі екен. Мұның сыртында, дизелді компрессордың көмегімен механикалық аэрация жасалды.
Кеншілер мұндай шараны алдағы уақытта Б.Майлин ауданында да жалғастыруды жоспарлап отыр.
Қостанай облысы