Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Қазір шын мәнінде жеке-дара БАҚ деген жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдарының орнына, Бұқаралық коммуникация келді. Әлеуметтік желіде Мақат Садық: «Мен қазір теледидар көрмеймін» депті. Өзі осы салада басшы болған адам. Ешкімді қинай алмаймыз, адам өзі қалағанын көріп, оқуы керек. Ол үшін өзгеріс керек, кітапқа да, теледидарға да, газет-журналдарға да. Адамдар өзі таңдап, қалап оқитын дәрежеге жету керек. Бұл мәселені біздің алдымызға Бұқаралық коммуникация алып шықты.
БАҚ құралдары деген не? Бұрын барлығы БАҚ деп жазатын. Бұқаралық ақпарат құралдарына не кіреді? Газет кіреді, журнал, теледидар, радио кіреді. Сайттар да кіреді деп айтуымызға болады. Бұл – дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары. Бірақ қазір тек мұнымен шектелмейді. Мұның сыртында не бар? Интернет бар, әлеуметтік желі бар, ақпарат тарататын түрлі-түрлі құралдар бар. Осыған байланысты БАҚ құралдары дегеннің орнына, Бұқаралық коммуникация деген келді.
Бұқаралық коммуникацияның аясы кең. Бірақ бізде БАҚ туралы заң деп тұр, атау өзгерген жоқ. Бұқаралық коммуникация туралы заң деп өзгеру керек, алайда өзгерген жоқ. Әлі күнге дейін барлық жерде БАҚ деп айтылады, жазылады. Тіпті журналистердің өзі БАҚ деп жаза береді. Мысалы, белгілі бір тұлға БАҚ өкілдерімен кездесті дейік. Бірақ ол жерде блогерлер мен әлеуметтік желілердегі белсенді адамдар да отырады. Кейін сол кездесу туралы ақпарат дәстүрлі БАҚ-тан бұрын, ең бірінші әлеуметтік желілерде, сайттарда жарияланады.
Сонда кім кімге қарап бейімделуі керек? Бірінде кәсібилік, екіншісінде жылдамдық жетіспейді. Енді, қазақша айтқанда, олар бірінің басын бірі жұтуы керек. Қайткенде де кәсібилікке ештеңе жетпейді. Түбінде шын кәсіби сала мен кәсіби адамның мерейі үстем болуға тиіс. Бірақ оған қол жеткізу үшін өзгенің жақсысын бойына сіңіріп кете алатын БАҚ керек. Онда да БАҚ деп сіресіп қалған атаудың өзін өзгерту керек. Өзімізді БАҚ өкілдері емес, Бұқаралық коммуникация өкілдеріміз деп айтуымыз қажет.
Қазір енді бәріміз БАҚ деп жүрген кезде, кейбір ғалымдар, әсіресе шетелде Бұқаралық коммуникация деп айта бастады. Ғылыми еңбектерде де Бұқаралық коммуникация деп жазыла бастады. Бұқаралық коммуникацияның ішіне бәрі кіреді. Газет-журнал, теледидар, радио, әлеуметтік желі, сайттар, барлығы кіреді. Қандай жолмен ақпарат таратасыз, сол Бұқаралық коммуникацияның ішіне кіреді. Қазір жоғарғы жақтан ақпарат тарамайды. Ақпарат қазір төменгі жақтан тарайды. Бұрын жаңалықтарды, тағы да басқа идеяларды билік ақпарат құралдары арқылы жоғарыдан таратып отыратын. Ал қазір керісінше, ақпараттың басым бөлігі әлеуметтік желі арқылы төменнен тарайды. Оны жоғарыдан, билік таратып жатқан жоқ. Басым бөлігі төменнен тарап жатыр, халық таратып жатыр. Бұл, әсіресе кешегі қанды қаңтар оқиғасының кезінде анық көрінді. Егер Алматы қаласында интернетті ажыратып тастамағанда не болар еді?
Онда билік ақпарат тасқынына мүлдем ие бола алмай қалар еді. Одан бергі уақытта байқасаңыз, жаңалықтың көбін Бұқаралық коммуникация таратып жатыр. Ал жоғарғы жақ соған жауап ретінде өздерінің ойларын, уәждерін, шешімдерін, идеяларын айтумен шектеліп қалды. Яғни төменнен тарап жатқан жаңалықтарға жауап беріп жатыр. Демек бірінші орынға БАҚ емес, Бұқаралық коммуникация шықты деп айтуға болады. Ғалымдардың Бұқаралық коммуникация туралы ойларын қарап, бір нәрсені байқадым. Ғалымдар ақпарат таратудың техникалық жақтарына көбірек мән беріп кеткен секілді. Бұдан басқа, ғалымдардың өзі ескермей отырған бір нәрсе бар. Ол – стандартты ойлаудан кету. Бұқаралық ақпарат құралдары бар кезде, соның заманында біз белгілі бір дәрежеде стандартты ойлайтынбыз. Рас, ол заманда да еркін ойлайтын адамдар болды.
Бірақ бәрібір мақаламызды әр жанр бойынша жазып, ойымыздың барлығын белгілі бір қалыпқа салып беретінбіз. Сұхбат алған кезде де қандай сұрақ қоюға болады, қандай сұрақ қоюға болмайды, соның барлығын ойластыратынбыз. Бұның барлығы стандартты ойлаудың, стандартты жазудың, стандартты сөйлеудің әсері болатын. Бұл БАҚ-тың кезінде солай болды. Ал енді БАҚ-тың заманы өтіп, бізге Бұқаралық коммуникацияның заманы келді. Біз енді стандартсыз ойлайтын заманға келдік. Мысалы, қазіргі таңдағы оқиғаларды халық қалай жазып жатыр, қалай айналысқа салып жатыр?
Олар белгілі бір стандартқа салып жазып жатқан жоқ. Не маңызды, қандай сөзді айтқысы келеді, қандай фактіні алдыға шығарғысы келеді, міне, содан бастайды. Сол мәселенің төңірегінде ғана ой қозғайды және сол ойын еркін жеткізіп, айта біледі. Ешкім оған мына ойды олай, мына фактіні былай жаз деп айтпайды. Олар өз еркімен, өзінің қалауынша, өзінің ойынша жазады. Ал ол халықтың өзіне ұнайды. Сондықтан дәстүрлі ақпарат құралдарының бәрі стандартты ойлаудан кету керек, еркін жазу керек. Халық көбірек оқитын жаққа, сұранысқа көбірек ие жаққа келу керек. Қазір сұранысқа не ие? Мысалы, белгілі бір қалыпқа салынған нәрсені халық оқымауы мүмкін, ондай қалыпқа салынған бағдарламаны көрмеуі мүмкін. Ал енді сол қалыптан, шеңберден тыс берілетін ақпаратты, еркін ойды халық көбірек оқиды, қарайды.
Бұл оппозициялық бағыт деген сөз емес. Әсілінде, еркін ой мен оппозиция екеуі екі басқа. Бұған қарап оппозицияны күстаналады деп, сөзімізді басқа бағытқа бұрмаламауды өтінер едік. Еркін ойлау деген мүлде басқа, біз сол еркін ойлау, еркін жазу, еркін сөйлеуге қарай бет бұруымыз керек.
Кәсібилік жағынан журналистер өздерінің орындарын қазір қайта тартып алып жатыр. Түрлі бағдарламалардан эстрада жұлдыздары кетті, ақпарат кеңістігінен блогерлер де ығыстырыла бастады. Ал бірақ еркін ой жағынан үйренетін нәрсе көп. Кеңес заманында Мұқағали Мақатаевтың Фариза Оңғарсыноваға айтқан атақты сөзі бар, тіпті қазір мәтел болып кетті. «Шеңберден шығайық, Фариза!.. Шеңберден шығу керек, қара қыз!..»
Кеңес заманында, тоталитаризм қысып тұрған заманда «шеңберден шығайық» деген. Сол заманның өзінде шеңберде қалған ойдың ешкімге қызық емес екенін Мұқағали Мақатаев дәл байқаған, дөп болжаған. Міне, қазір біз соған келдік. Шеңбердегі ой, шеңбердегі газет-журнал, шеңбердегі телерадио, шеңбердегі журналист, шеңбердегі қаламгер ешкімге керек емес.
Сіздерге мысал ретінде өзімнің жазған бір мақаламды ұсынғым келеді. Абай Құнанбаев туралы үш мақала жаздым. Соның соңғысы «Ескілік пен естілік» деп аталады. Осы газетте жарияланған. Міне, сол жерде еркін ойлаудың не екені көрсетілген. Ол оппозициялық ой емес, міндетті түрде біреуге қарсы шығу емес, өзіңнің көзқарасыңды еркін жеткізе алу.
Абай Құнанбаевтың «Ескілік киімі» деген өлеңі бар. Ол жерде Абай қандай киім туралы айтып отыр? Қазір біз шапан жабуға құмармыз. Тойға барсақ та қатар тізіп қойып, шапан жауып жатады. Негізі, қазақ шапан кимеген, жоқ шапан, өтірік ол. Мақалада оның жалған екені жазылған. Егер қазақ шапан киген болса, оны Абай киюі керек еді. Абайдың атақты екі суреті бар. Біреуінде Ақылбай, Тұрағұл үшеуі бірге түскен. Абай отыр, оң жағында Ақылбай, сол жағында Тұрағұл тұр.
Сондағы олардың киген шапандарына мән берейікші. Үшеуінің де үстінде оюы бар шапан жоқ. Бұл бізден жүз жыл бұрынғы киімнің үлгісі. Абайдың үстінде ою-өрнегі бар шапан жоқ. Оның балалары Тұрағұл мен Ақылбай да ондай шапан киіп тұрған жоқ. Жоқ, ондай шапан. Ал енді Абай өзінің «Ескілік киімі» өлеңінде өзінен жүз жыл бұрынғы киімнің үлгісі туралы жазады. Яғни бізден екі ғасыр бұрынғы қазақтың киім үлгісі. Ол жерде де омырауында оюы бар шапан жоқ.
Ал енді шапан деген қайдан келді қазаққа? Шапан деген тоғышарлықтың белгісі емес пе деген қаупіміз бар. Біреуге жағымпазданған кезде, біреуді хан-сұлтан сайлаған кезде соған жабады. Бірақ оны аттың үстінде жүрген, түзде жүрген қазақ кимеген. Оны отырықшы халық киген. Отырықшы халықтар арқылы келген бізге. Ал қазақтар бас-аяғын қымтап, белін буып жүретін киім киген. Ханы болсын, қарасы болсын бәрі аттың үстінде жүрген. Абылай хан да аттың үстінде жүрген. Бұрынғылар оюлы шапан кимеген. Ал қазіргі заманда біз тоғышарлықтың белгісіндей қылып, сыйлы кісілердің иығына жаппай шапан жауып жатқан кезде, кішкене көңіліңе аласың.
Міне, осы мақаланы оқығанда, адамның еркін сөйлеуін, ойындағы нәрсені бүкпесіз дәл айтуын түсінесіз. Көркем шығарма жазсақ та, қара мақала жазсақ та, теледидардан хабар жүргізсек те ішіміздегіні айта алуымыз керек. Стандарттан кетуіміз керек. Бұқаралық коммуникация заманындағы еркіндік деген осы!
Қазір телевидениеде жүрген екі мықты журналист бар. Біреуі «Ашық алаңды» жүргізетін Мақсат Толықбай, екіншісі «Мәселе» бағдарламасының тізгінін ұстаған Нартай Аралбай. Осы екі журналисті қарап отырсақ, белгілі бір дәрежеде стандартсыз ойлаудың, яғни еркін ойлап, сөйлеудің кейбір элементтерін шебер меңгергені байқалады. Бірақ мен солардың арғы қалқасынан Бейсен Құранбекті көргендей боламын және оның шынайылығын бұл екеуінен артық қоямын. Оның хабар барысында қалай еркін жүріп-тұратыны, келген қонақтың іші-бауырына қалай кіріп кететіні, сол арқылы кімге де болса шындығын айтқызатыны көз алдыма келе береді.
Ол ең әуелі телевидениенің белгілі стандарттарынан бойын аулақ салды. Ішіндегі ойын жасырмай, көңілінде не тұрса соны жеткізіп айтты. Қолдан жасалған шындықты айтып тұрғандай жасандылыққа ұрынған жоқ. Сол арқылы халықтың, қазақтың сүйіктісіне айналды. Бейсен Құранбек сияқты журналист ол күнде де болған жоқ, бұл күнде де жоқ.
Бұрын БАҚ-ты «төртінші билік» деп айтатынбыз. Қазір Бұқаралық коммуникацияның орны мүлде басқа және өзіне өте ыңғайлы орында тұр. Бұрын БАҚ «төртінші билік» ретінде өзіне ыңғайсыз орында тұратын. Әсілі әркім өз жұмысын істесе, оған сол ыңғайлы екенін айтып жату артық та шығар. Осы бір «төртінші билік» деген заңдастырылмаған атақтан арылмайынша, өзімізге жүктелген артық міндеттен де құтылмайтын сияқтымыз. Біз мойындасақ та, мойындамасақ та бүгінгі Бұқаралық коммуникация сол қасаңдықтың бәрін бойымыздан сылып тастап жатыр, байқайсыз ба?!
Ғалымдар неге Бұқаралық коммуникация атауына құмар болып отыр? Бұл дамыған заманауи технологиялар әсерінен туған көңіл күй ме? Жоқ, олар да қарапайым оқырман мен көрермен ретінде күнделікті жаңалықтарды әлеуметтік желіден ала бастады. Егер сол тарапқа кәсіби журналистер өздері барып кірмесе, ақпарат кеңістігін бейберекеттік жайлауы мүмкін. Түбі ол да түрлі кәсіби өзгерістерге түсуі ғажап емес, бірақ ол кәсіби журналистерсіз мүмкін де емес сияқты.
Әзелден келе жатқан бір сұрақ бар. Ой, идея, мәселе алға шығу керек пе? Әлде форма алға шығу керек пе? Ой, идея, мәселе, бұл – мазмұн, ал форма бұл біздің оны образды түрде қабылдауымыз. Ой, идея барлығы шығарманың ішкі дүниесі болса, форма – шығарманың сыртқы көрінісі. Қазір мазмұн өзгерді, соған байланысты форма да өзгерді. Яғни форма белгілі бір дәрежеде стандартты бұзды. Стандарттан тыс ойлау дегеніміз осы, шеңберден шығу дегеніміз де осы.
Сонымен санамалап айтсақ айырмасы неде? Бірінші, ақпаратты тарату құралдарының аясы кеңейді. Алдағы уақытта да жаңа түрлері пайда болуы мүмкін. Бұрынғы БАҚ жаңа түрлердің пайда болуына қарсы болатын. Бұқаралық коммуникация БАҚ сияқты жаңа ақпарат тарату көздерінің пайда болуына қарсы шықпайды. Өйткені оның өзі осы еркіндіктің негізінде дүниеге келген. Екінші, ақпаратты тарату әдістері стандарттылықтан арыла бастады. Үшінші, ақпарат саласында бұрын болмаған ой еркіндігі пайда болды. Төртінші, ақпарат бұрынғыдай жоғарыдан емес, төменнен таратылатын болды. Мәселені төменнен тараған ақпарат айқындайды. Бұрынғыдай жоғарыдан тараған ақпарат мәселені анықтамайды. Бесінші, ақпарат өмірге барынша жақындай түсті. Ақпараттың дұрыс-бұрыстығын анықтау қоғамның өз еркіне көшті. Яғни ақпарат дұрыс, дұрыс емес деп қоғам өзі айтады. Осылай санамалай берсек, бұл ерекшеліктер онға жетуі, тіпті одан да асып кетуі мүмкін.
Бірақ мәселе онда емес. Мәселе, еліміздегі БАҚ саясатын жаңа жүйеге көшіруде жатыр. Онсыз оқырман мен көрермен һәм тыңдарман сеніміне кіру қиын. Түрлі телешоулардан эстрада жұлдыздарын кетіріп тынған және қилы саяси бағдарламалардан саясат сайыпқырандарын ығыстырып шығарған кәсіби журналистердің қолынан көп нәрсе келеді. Олар ертең өзендей тасыған «көше ақпаратына» да ие болып шыға келсе, еш таңғалуға болмайды. Ол үшін кәсіби адамға көп нәрсе керек те емес, бар болғаны ақпарат тарату саласын әлемде бар жаңа жүйеге көшірсе болғаны демекпіз.