Ekin patrol деп аталатын жаңа құрылғы әрі айналасына «мен келе жатырмын» деп белгі беретін жарқылдатқыш, әрі төңіректі 360 градусқа дейін шолып, өзінен 70 метрге дейінгі қашықтағы автокөліктің нөмірін жазып алатын 10 камералы «ақылды» қондырғы.
Қостанай облысы мұндай құрылғының алтауын сатып алып отыр, бағасы қымбаттау, біреуінің өзі 35 млн теңге тұрады. Қазір Ekin patrol орнатылған төрт патруль көлігі Қостанайда, екеуі Рудныйда жол тәртібін бақылап жүр.
Жаңа бақылау жүйесі бұған дейін екі ай уақыт сынақтан өткен. Сынақ мерзімінің соңғы екі күні ішінде полиция Ekin patrol көмегімен 100-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзғандарды анықтап, іздеуде жүрген 20 автокөлікті тапқан. Тестілеу кезеңі болғандықтан ешкімге айыппұл салынбапты. Алайда енді автокөлік жүргізушілердің жолда абайлап қозғалуына тура келеді.
Ekin patrol бүгінде Қарағанды мен Көкшетау көшелерінде де жүр. Түркияда жасалған құрылғыны Қостанайға Қарағандының «Gorus» фирмасы жеткізіпті. Компания инженері Виталий Окарскийдің сөзіне сенсек, көлік үстіндегі «ақылды» камералар автоматты режімде және нақты уақыт режімінде бірдей жұмыс істейді. Жол тәртібінің бұзылғаны туралы мәліметтердің бәрін адамның қатысуынсыз дерекқорға жіберіп отырады.
– Бақылау жүйесі алды-артындағы жылдамдық мөлшерін асырған машиналарды жазып алып отырады және іздеудегі автокөліктерді анықтайды. Радары 120 метрге дейінгі радиуста жұмыс істейді. сондай-ақ 70 метрге дейінгі көліктерді анық көре алады, – деді В.Окарский.
Әкімшілік полиция басқармасына қарасты автоматтандыру және электронды қызмет көрсету тобының инспекторы Бауыржан Нұғымановтың айтуынша, жаңа патруль жол бойында дұрыс тұрмаған машинаны да, жолдағы жолақтан асып кеткен немесе қызыл белгіге өтіп кеткен автокөліктерді де түсіріп алады. Жылжымалы бақылау жүйесінің басқа камералардан басты ерекшелігі – қаланың кез келген көшесінде тәулігіне 7 сағат бойы кезекшілік етеді.
Виталий Окарский құрылғы қымбат болғанымен, құнын тез өтеп алады дейді. Ең бастысы, енді жол ережесін бұзатындар азаяды. Өйткені көлік жүргізушілердің көбі жол бойында, бір орында ілініп тұрған камералардың маңында ғана ереже сақтайды, ал жылжымалы камера кез келген жерде абайлап, ереже сақтап жүруге үйретеді.
Қостанай облысы