Қоғам • 22 Ақпан, 2022

Есірткіге қарсы күрес өрістей түсуі керек

1712 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Нашақорлық індеттің де кеселі қоғамға өзінің кесірін аз тигізбей тұр. Бұл дертпен «ауырған» адамның баратын жері түрме екені белгілі, бірақ соған жетпей қылмыстық әрекеттер жасап, қоршаған ортаға, адамдарға залалын тигізіп бағады. Қазір табиғи есірткіден гөрі мас қылатын жасанды препараттардың айналымы артуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында осы мәселе туралы: «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын», деген еді.

Есірткіге қарсы күрес өрістей түсуі керек

Ал 2021 жылғы қыркүйек айында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов осы мәселеге байланысты ар­найы кеңес өткізді. Осындай үлкен ка­бинеттердегі көңіл аударудың нәти­же­сінде есірткіге қарсы күрес бұрын­ғы­дан да жандана түсті. Бірақ оны толық жеңудің күні әлі алыс екені белгілі болып отыр. Күрес күшейген сайын син­те­тикалық есірткілерді қолданудың қар­қы­ны да барынша жоғарылап барады. Ең қиыны сол, бұл кесел жастар арасында қатты тарауда.

Ішкі істер органдары басқа да мемле­кет­тік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, есірткі қылмысын жою, наша­қор­лықтың алдын алу жөнінде мақсатты жұ­мыстар жүргізуде. Соның ішінде есірт­кі қолданудың алдын алу бойынша жүр­гі­зіліп жатқан жұмыстардың көлемі зор.

Солтүстік Қазақстан облыстық поли­ция департаменті Есірткі қылмысына қар­сы іс-қимыл басқармасының бастығы, полковник Жандос Басыбаевтың айтуына қарағанда, осы кеселмен күрес күшейе түскенімен, осыған қатысты қылмыс саны 2020 жылмен салыстырғанда 2021 жылы арта түскен. Есірткімен байланыс­ты қылмыс саны да 7,7 пайызға артқан. Есірткі сатумен айналысушылар саны тіпті 20 пайызға дейін көтеріліп, 49-дан биыл 59-ға жеткен. Сонымен қатар былтыр бір ұйымдасқан топ та әшкереленген. Есірткі шегіп рульге отыру фактілері де 3 есе артқан.

«Облыс аумағында есірткіні қолдан жасаумен айналысқан 8 наркологиялық ла­боратория әшкереленді. Олар синтети­ка­лық есірткі жасаумен айналысқан», дейді полковник. Оның біреуі тіпті Жам­был ауданындағы шағын ғана Миро­любово ауылынан табылыпты. Қара­ниет­ті­лер ауылды жерлерде тексеріс аз болатынын ескеріп, бір үйді арнайы жалдап алып, есірткі дайындаған. Кептіретін, құр­ғататын арнаулы құралдары, таразылары мен колбалары, тіпті қышқылдан сақтандыратын арнаулы костюмдеріне дейін болған. Ауыл адамдары олардың немен айналысып жатқанын қайдан білсін, тек бір ерекше өткір иістердің шығатынына ғана күдіктеніп, полицияға хабарлаған. Арнаулы операция барысында қылмысты «ісмерлер» тегіс ұс­та­лып, олардан 3 килограмнан артық синтетикалық есірткі алынған. Оның бәрін 50 мың қалташаға бөліп салып та қойған екен.

Былтырғы қараша айында болған сот осы қылмыстық ұяны ұйымдастырушыны 16 жылға бас бостандығынан айырды. Қалғандары да 11-15 жылдар арасында жазасын алды.

Міне, осындай фактілер есірткіге қар­сы күресті белсенді жүргізуді талап етіп отыр. Қазір есірткімен байланысты қылмыстардың жазасы қатаңдатылды. Есірткі сатумен айналысқан адам ең кемі 10 жылдан 20 жылға дейін қа­мал­уы мүмкін. Былтыр облыста 120 адам осы қылмыс түрімен сотталды. Есірткіні жарнамалау мен насихаттау да бұрынғыдай әкімшілік жаза емес, бас бостандығын айыру жазасына кесі­ле­тін болды. Қаладағы барлық ПИК тө­рағалары үйлердің кіре­бе­рістеріне есірт­кіні қайдан алуға болатынын ас­тар­лап жазған граффиттерді айы­ра­тын болды. Ол үшін Есірткіге қарсы күрес басқармасы ПИК төрағаларының бәрін жинап бірнеше рет оқу-семинар­ла­рын өткізді. Соның арқасында граф­фит­тердің саны қазір біршама азайды. Кіреберістерден граффитті көрген төраға ватсап арқылы арнаулы чатқа бірден хабарлайды. Сонымен қатар есірткіге қарсы «Рефлекс», «Паутина», «Дәрмек», «Транзит», «Канал-гранит бастионы», «Қарасора» атты бірнеше жедел-профилактикалық операция­лар жүргізілген. Осындай барлық жүр­гізіл­ген шаралардың саны 267, оған 15 мыңнан артық адам қатыстырылған. Бірақ соның өзінде нашақорлар саны артып отыр­ға­нын жоғарыда айттық. Демек, іс-шара­лар­дың тиімділігін әлі де арттыра түсу керектігі сұранып тұр.

 

Солтүстік Қазақстан облысы