Хоккей • 22 Ақпан, 2022

Плей-офф: «Барыс» «Металлургті» жеңе ала ма?

211 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бейжіңдегі Қысқы Олимпия ойындарына байланысты уақытша тоқтатылған шайбалы хоккейден Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) ойындары көктемнің алғашқы күнінен бастап қайта жалғасады. Яғни Гагарин кубогы жолындағы плей-офф кезеңіне жолдама алған 16 команда 1 наурыздан ойындарға кіріседі. Үздіктер қатарында елорданың «Барысы» да бар.

Плей-офф: «Барыс» «Металлургті» жеңе ала ма?

Әуелгі жоспар бойынша ҚХЛ-дың қалған ойындары Олимпиададан кейін өткізілуі тиіс еді. Алайда бірнеше матчтың кейінге шегерілуіне және жарыс кестесінің тығыздығына байланыс­ты тұрақты біріншіліктің президенті Алексей Морозов биылғы маусымды мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болғандығын мәлімдеген еді. Сөйтіп Лига басшылығы тұрақты чемпионаттың қаңтар айына дейінгі аралық нәтижелерін ескере отырып, плей-оффқа шыққан командаларды жинаған ұпай сандарының пайызына қарай іріктеп алды.

Елордалық команда тұрақты бірін­шіліктің турнир кестесінде 8-орынға табан тіреп, Гагарин жолындағы кубоктың плей-офф кезеңіне тікелей жолдама алады. Жарыс ережесіне сәйкес, плей-оффқа соңғы орынмен шыққан команда алғашқы ойынын турнир кестесінде бірінші орын алған ұжыммен өткізеді. Ал «Шығыс» конференциясындағы турнир кестесінде Магнитогорскінің «Металлургі» көш бастап тұрған еді.

Ең қызығы, «Барыс» пен «Металлург» ұжымдары биыл қатарынан үшінші жыл плей-офф кезеңінің бірінші ойынында кездескелі тұр. 2019/2020 жылғы маусымның 1/8 кезеңінде командалар бес ойын өткізіп, елордалық команда 4:1 нәтижесімен келесі кезеңге өткен еді. Алайда сол жылы әлемді шарпыған коронавирус індеті барлық елге тарап, салдарынан сол жылғы жарыс­та кубоктың жеңімпазы анықталған жоқ.

 Келесі 2019/2020 жылғы плей-офф бәсекесінің алғашқы айналымында екі клубтың жолы қайта түйісті. Алты ойынға жалғасқан бұл жолғы тартыс­та «Металлург» хоккейшілерінің мерейі үстем болды – 4:2. Алайда Магнитогорскінің командасы ширек финалда дәл осындай есеппен болашақ Гагарин кубогының иегері Омбының «Авангардынан» жеңіліп қалды.

Енді, міне, екі клуб биыл үшінші мәрте плей-оффтың алғашқы кезеңінде бақ сынайды. Әзірше командалардың еншісінде бір-бір жеңіс бар. Бұл жолы жеңіске жеткен команда жеке есепте алға шығады. Айта кетейік, «Барыс» пен «Металлург» ҚХЛ-дың биылғы мау­сымын­да мұзайдында төрт мәрте кездесіп, екі команда да екі реттен жеңіске жеткен.

Плей-офф ойындарының алғашқы екі матчы 1 және 3 наурыз күндері Магнитогорскіде, кейінгі екі кездесу 5 және 7 наурызда елордада өтеді. Жарыс ережесіне сәйкес плей-офф бәсекелері бір команда төрт рет жеңіске жеткенге дейін жалғасады. Егер төрт ойында жеңімпаз команда анықталмаса, қосым­ша ойындар өткізіледі. Бұл матчтар 9 наурыз (Магнитогорск), 11 наурыз (Нұр-Сұлтан) және 13 наурыз күндеріне (Магнитогорск) жоспарланған.