Медицина • 22 Ақпан, 2022

Шымкенттік дәрігерлер мидың қатерлі ісігіне күрделі ота жасады

565 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкент қаласындағы клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері алғаш рет мидың қатерлі ісігіне күрделі ота жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шымкенттік дәрігерлер мидың қатерлі ісігіне күрделі ота жасады

Білікті мамандар ұжымы бас сүйектегі ісікті алып тастау үшін жеті сағат бойы ашық түрде ота жасап, науқасты ажалдан арашалап алған.

Науқас 16 жастағы жасөспірім қыз. Ол осы жылдың 15 ақпанда өткен қалалық клиникалық балалар ауруханасының «Ашық есік күні» онкогематологтың қабылдауында болған. Дәрігерлер қызды шұғыл түрде аурухананың жансақтау бөліміне жатқызған.

Дәрігерлер ауыр халдегі науқастың жағдайын тұрақтандырып, диагностикалық тексеруден толық өткізген. Мамандар жасөспірімнің өмірін аман алып қалу үшін күрделі ота жасауға шешім қабылдады.

Күрделі отаны жоғары санатттағы нейрохирург Самат Көкшибаев пен Таңсық Абдуллаев сәтті жасап шықты.

Нейрохирургтың айтуынша, бас сүйекке жасалған ота жаңадан алынған қондырғының көмегімен жүзеге асқан.

«Науқас онколог пен нейрохиург дәрігерлерінің қарауында болды. Оған 17 ақпан күні ота жасадық. Мұндай ота қалалық клиникалық балалар ауруханасында алғаш рет өтті. Ауруханаға жергілікті бюджет есебінен жаңа микрохиургиялық аппараты алынған болатын. Ота кезінде осы қондырғыны қолдандық. Енді осы аппараттың көмегімен күрделі оталарды жасап, науқас балалардың өмірін аман алып қалуға барымызды саламыз», деді С.Көкшибаев.

Қазір науқастың жағдайы қалыпты. Енді ол ауруханадағы емін онкохирургтың бақылауында жалғастырады.