Оңтүстік жұртын дүрліктіріп тұрған Конго-Қырым қанды қызбасы кенесін қазақтар көкала деп атаған. Талайы дертті болған. Кеселін анықтай алмай көз жұмған жағдайлары да болған. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің көшпелі алқа мәжілісінде республиканың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері К.Оспанов 1989 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданында осы көкала шаққан 72 адамның 11-і қайтыс болғанын айтты.
Ол кезде аурудың диагнозын анықтауға он-он бес күн уақыт кететін болса, қазіргі халықаралық жағдайда жабдықталған лаборотория 5-6 сағатта кеселді, кеселді емес екендігіңді көрсетіп береді.
Қазір көкала Оңтүстікте құтырып тұр. Конго-Қырым қанды қызбасынан 8 жағдай тіркеліп, 2 адам дүниеден өтті.
Бұрындары қора маңындағы шалғынға шаршағанда аунай кетіп, сәлден соң тұла бойына жабысқан кенелерді алақанымен сыпырып тастап, жүре беретін малшылар қазір сақсынып алды. Онысы жөн енді. Өткен жылы Түркістанда көкала шаққан жас нәрестелі келіншекті емдейміз деп науқаспен бірге операция жасаған біраз дәрігерлердің де қайтыс болғанынан бәрі құлағдар.
Алқа жұмысына республикалық ғылыми орталықтардың директорлары, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің республикалық, облыстық басшылары, Оңтүстік Қазақстан облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшылары, халықаралық СДС, ЮНИСЕФ, Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері қатысып, өзекті мәселелерді талқылады.
Көшпелі алқадан Конго-Қырым қанды қызбасының Оңтүстік өңірлердегі қалыптасқан өзектілігіне байланысты республиканың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері К.Оспанов “Конго-Қырым қанды қызбасының 2010 жылы Қазақстан Республикасында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайы және табиғи ошақтары туралы” баяндама жасады.
Республика көлемінде 2010 жылы өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, тұмауға шалдығу 3,9 есеге, менингококты жұқпалар 2,1 есе, эпидемиологиялық паротит 48%, педикулез 27,2%, қышыма 27,1 %, жедел ауамен тараушы вирусты жұқпалар 17,5%, ротавирусты энтериттер 15,6%, мерез 13,5%, ВИЧ 13%, эхинококкоз 11,4 %, тыныс жолдарының туберкулезі 6,1 %, өткір вирусты сары ауру 5,9%, оның ішінде “А” вирусты сары ауру 2,6%, “В” вирусты сары ауру 17,1%, сондай-ақ көкжөтелдің төмендегені алқада атап өтілді. Қызамық, іш сүзегі, құтыру, лептоспироз, кене энцефалиті жұқпалы ауруларының жағдайлары тіркелінген.
Алқада Конго-Қырым қанды қызбасының Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында қалыптасқан жағдайы, Талдықорған және Қызылорда облыстарының обаға қарсы күрес стансаларының жұмыстары, Алматы облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының жеке кәсіпкерлік нысандарымен жұмыстар жүргізуі қаралды.
Алқа қорытындысында Комитет төрағасы – республиканың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері екінші жартыжылдықта атқаратын жұмыстарды, мақсаттарды айқындап берді.
Конго-Қырым қанды қызбасы, құтыру, сарып және басқа да аса қауіпті жұқпалы аурулар ошақтарында індетке қарсы бағытталған іс-шаралар жүргізу мәселелеріне көңіл бөлініп, тапсырмалар берілді.
Қазір баяғыдай емес, су көздері азайып, шөл, шөлейтті жерлер көбейді. Бұл кенелердің өсіп-өнуіне жағдай туғызады. Үкімет осы дертке қарсы күрестің пәрменділігін күшейту үшін Оңтүстік Қазақстан облысына 380 млн. теңге бөлді. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қанат Ыдырысов осы қаржы есебінен 933 мың 137 ірі қара, 3 млн. 590 бас қой-ешкілердің санитарлық тазалаудан өткенін айтады. Сондай-ақ дәрі бүрку, тоғыту сияқты жұмыстар толығымен аяқталып келеді. Мал қоралар мен көң үйінділері де тазалаудан өтуде.
Осы ретте ауыл тұрғындарының үкімет жұмыс жасап жатыр ғой деп қағыс қалып отыратындығы да айтылды. Малдың бәрі – жекеменшік. Ендеше, мал қорадағы көң, қиды сыртқа шығару өз жұмыстары емес пе?!
Шымкент қаласының әкімі де бейтарап отыра бермей, қала бюджетінен қаржы қарап, саябақ, сквер, балалардың ойын алаңдарын санитарлық тазалаудан өткізіп жатыр.
Конго-Қырым қанды қызбасының алдын алмасаң, үлкен эпидемиологиялық апатқа ұрындыратын кесел. Адамнан адамға жұғады. Сондықтан, бұл іске жүрдім-бардым қарауға болмайды. Кене шаққан адам лабороторияларда тез тексерілуі керек. Емделуге бар жағдай жасалған.
Алқа мәжілісінде осы жағы баса айтылды.
Бақтияр ТАЙЖАН, ШЫМКЕНТ.