Қоғам • 23 Ақпан, 2022

Талғат Теменов: Бізге «әр қазақ менің бауырым» деген философия керек

698 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қаңтардың басындағы қырғын...

Бұл өте қорқынышты қысылтаяң кез еді. Қазақта «сырттан шапқан жаудан көрі, іштен шыққан жау жаман» деген сөз бар. Бұл жау іштен шыққан жау болды.

Талғат Теменов: Бізге «әр қазақ менің бауырым» деген философия керек

Бұл жерде бүкіл ҰҚК, яғни қауіпсіздік комитеті сатылып кетті. Ішкі әскерлердің барлығы сол биліктің басында жүрген, ұйымдасқан топқа қызмет етті. Егер сол дұшпандардың жоспарлары, ойы іске асса Президенттің өзіне де қастандық жасалуы мүмкін еді. Бұл жерде жасыратыны жоқ, қысылтаяң шақта Ақордада Президент серіктерімен ғана қоршауда жалғыз қалды. «Нұр-Сұлтанға содырлар, қарақшылар келді» дейді. Айналайындар-ау, бұл жерде мемлекеттігімізге қауіп туған кез болды ғой. Ал кітапханаға ешкім тимеді. Оған бір адам бармады. Ол жерден бір шыбық та сынған жоқ. Олардың бар мақсаты – Ақорданы басып алу. Ал ар жағы түсінікті... Оны жасаған содырлар емес, сырттан келген адамдар да емес, оны өзіміздің іштен шыққан, биліктің басында жүрген дұшпандар жасады. Әрине, саясат болған соң көп нәрсе айтыла бермейді. Халыққа оның бәрін жеткізе берудің қажеті де жоқ. Бірақ біз түйсігі бар, көзіміз ашық адамдармыз ғой. Президент ҰҚШҰ-дан, яғни сырттан көмек шақырмағанда біз тентіреп кетер ме едік, кім білген. Сондықтан ол шешімді дер кезінде дұрыс қабылдады және Президенттің өзі айтқандай «біз Ресейге қарыз емеспіз». Егер қарыз дегенді санасақ, түптеп келгенде Ресейдің бір ғана Байқоңырға елу жылдық қарызы бар.

Қаңтар оқиғасы біздің тарихымызда «Ақтабан шұбырындыдан» кейінгі үлкен қайғы-қасірет болды. Тіпті, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде де мұндай болған жоқ. «Ақтабан шұбырындыдан» кейін біздің халықтың сансырап, қансырап кеткені осы кешегі қаңтар болды. Ең қорқыныштысы сол Тәуелсіздігімізден ажырап қала жаздадық. Қаңтар оқиғасы өзінің бағасын әлі алған жоқ. Бұл оқиға қазақтың тарихынан ешқашан ұмытылмайды. Мұны ұйымдастырған қаныпезерлердің аты ерте ме, кеш пе, шығу керек. Өйткені, тасты суға тастауымыз мүмкін. Ал жапырақты суға батыра алмайсың. Ол ерте ме, кеш пе, судың бетіне қалқып шығады. Қаңтар кезінде қаза болған әрбір қазақ баласы сол жапырақ жүрек сияқты. Ол су бетіне шықпай қоймайды. Бұл қаңтар трагедиясы үш жыл бұрынғы өрттен шейіт болған бес сәбидің көз жасы деп білемін. Өйткені, қан кешірмейді, сәбидің көз жасы біздің қоғамның мойнында. Кешегі қаңтар оқиғасы кезінде шейіт болған бейкүнә сәбилердің көз жасы қаныпезерлерді ешқашан ұмыттырмайды.

Ал енді Президенттің көрші елден білім алу, осы көрші елдің Жоғары оқу орындарының филиалын біздің елде ашуға қатысты пікіріне мен өзім оң көзқарастамын. Неге десеңіз, Кеңес одағы кезінде сексенінші жылдардың басында Мәскеуге барып білім алған адаммын. Он жылға жуық Мәскеуде тұрғанмын. Өйткені, бұрын өнер мен білім, ғылымның ордасы Мәскеу болатын. Қазіргі Америка, Англиядан оқып келген балалардың білімін білмеймін. «Болашақпен» оқып келіп жатқандардың көбін көріп жүрміз ғой, не тілі жоқ, не ділі жоқ, не діні жоқ. Отыз жылда «Болон жүйесіне» қосыламыз деп бұрынғы білім берудің тәсілін, әдісін, дәнін, мәнін құрттық. Ал бірақ Мәскеудегі білім беру дәстүрі сақталып қалды. Бізге ағылшын тілінен гөрі осы қолданыстағы орыс тілінде білім алған әлдеқайда жеңіл әрі тиімді емес пе?! Бізге Нью-Йорктың киноакадемиясының филиалын ашу қайда? Оған алдымен тіл білуіміз керек. Екіншіден, кім бізге келіп дәріс береді? Қазақшалап айтқанда бізге «молданың істегенін істеме, айтқанын істе» дегендей, біз көрші елден білім мен ғылымды үйренуіміз керек. Әсіресе көрші Ресей космоста, қорғаныс саласында бізден әлдеқайда дамып кеткен мемлекет. Сондықтан азуы арыстандай Американың өзі осы көрші Ресеймен санасуда. Біздің көрші елден балаларымыз білім мен ғылымды оқыса, онда тұрған не бар, оның несі айып? Мен Мәскеуден оқыған мықты мықты небір тұлғаларды білемін. М.Әуезов, Қ.Сәтпаев, М.Төлебаев, О.Сүлейменовтер бар. Тіпті, Президент Қ.Тоқаевтың өзі Мәскеуден оқыған адам. Мәскеуден білім алған ғалым, өнер адамдарымыз қаншама. Мәскеудің бәрін жаман деуге болмайды, оның ішінде де жақсылары бар. Біз тек сол жақсысын, өзімізге керегін, білімі мен ғылымын алуымыз керек. Кезінде Абайдың өзінің «орыс тілін біліңдер, ғылым, білімін үйреніңдер» дегені тегін емес. Бізге Жапонның білімі қолжеткісіз, алыс, оның тілі мен ділі басқа, менталитеті басқа. Біз ешқашан американдық бола алмаймыз, олардың өмірге деген көзқарасы бізге мүлде кереғар.

Қанды қаңтар оқиғасы бізге нені көрсетіп берді десек, бізге іріген, шіріген, байыған, сасыған Қазақстан емес, Жаңа Қазақстан керек. Ал Жаңа Қазақстан санадан басталады. Жаңа Қазақстан ой-өрістен, адамгершіліктен, кісіліктен, кішіліктен, кешірімділіктен басталады. Бірақ кешірім дегенде қаныпезерлерді кешіру емес. Өйткені, біз қазір арам шөпті түп-тамырымен жұлған жоқпыз, біз тек жапырақтары мен бұтақтарын кесіп жатырмыз. Сол зұлымдықты бізге түбірімен қопару керек. Ал шіріген ағашты кескенімен, оның бір жері болмаса бір жері көктейді. Сол секілді бізге мына жүйені түп-тамырымен қопарып, орнына жаңа Қазақстан құру керек. Ол үшін біз халықтың санасын өзгертуіміз қажет. Өйткені, біздің қоғамда қалайда баю, қалайда қарын тойдыру, қалайда мәшине міну, қалайда өтірік болмасын жағынып, алдап, арбап болса да, зұлымдыққа барып болса да баю сияқты философия пайда болды. Жаңа Қазақстан дегенде осы «қалай да баю» деген қағидадан арылу керек деген сөз. Мәселен, Америкадағы бүкіл байлық халықтың тек он-ақ пайызында. Ал қалған 90 пайыз хaлық бай емес. Бірақ олардың тапқандары тамағына, киіміне, демалысына жетеді. Міне, халық деген осы. Бізге де сол керек. Біздің қазақ «аса байлық не керек, ден сау болса болғаны» дейді. Бізге амандық әсіресе, рухани амандық керек. Бізге біріне бірі жаны ашитын қоғам, демократиялық мемлекет керек. «Әр қазақ менің бауырым» деген сөз біздің Конституцияда алтын әріппен жазылу қажет. Бұл әрбір мекемеде жазылып тұруы тиіс. Бізге «Nur Otan-ның» керегі жоқ. Бізге «әр қазақ менің бауырым» деген философия керек. Және осыны бала кезден, балабақшадан айтып, мектеп кезінде сіңірсек, балалар арасында бір-бірін ұратындар, әлімжеттік жасайтындар болмас еді. Әскердегі де небір қатыгездік жойылар  ма еді. Бұл біздің баяғы 1917 жылдары жоғалтқан, яғни жүз жыл бұрын бойымызда болған адамгершілік болмыс, даламызға тән дархандығымыз, мейірбандығымызды қайтару керек деген сөз. Сонда ғана халық ілгерілейді. Әлемдік өркениетті елдер көшінде Қазақстан да өз орнын алар еді.

Жаңа Үкіметтің жасап жатқан істері әзірге көзге көрінбейді. Бұрынғы биліктің отыз жыл бойы тонаған былығын енді ғана ашып жатырмыз. Ол әлі халыққа қайтқан жоқ. Әзірге тек сөз жүзінде, көгілдір экранда ғана айтылып жатыр. Ал шын мәнінде жаңа Қазақстан құрамыз десек тез арада халықтың әлеуметтік жағдайын жаз шыққанша көтеру керек. Жұрттың жалақысын ең құрығанда үш жүз мыңға өсіруіміз қажет. Сосын ауылды көтермесе болмайды. Ауыл – қазақтың алтын тамыры. Қазақта «жүз рет сіз-бізіңізден, бір рет шыж-быж артық» дейді. Шыж-быж деген ол тамақ. Халық аш. Рухани да аш, қарыны да аш.

 

Жазып алып, дайындаған – Әсел Дағжан.