Әдебиет • 23 Ақпан, 2022

Сағатыңыз қанша болды?

1271 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Сағатыңыз қанша болды, жапырақ,

Сағатыңыз неше болды, көбелек?»

    Ерлан Жүніс

 

Сағатыңыз қанша болды?

...тық ...тық ...тық...

«Егемен Қазақстан» газетінің редакциясындағы – 41-кабинетте үй сағаты ілініп тұр. Иә, сол домалақ сағат. Журналистер тынши қалса, сағаттың үні баяу ғана естіледі. Яки жұмысқа ерте келсеңіз, болмаса кешқұрым жалғыз қалсаңыз, кабинетте сағаттан басқа ешкім «сөйлемейді». Ал көбінесе оның тықылын да естімейміз, тіпті бар екенін де байқамаймыз.

Бұрын әрбір үйде сағат тілінің тықылы естіліп тұрушы еді. Сол бір жыл­дар бүгінде жып-жылы ностальгияға айналған. Қа­рыш­тап дамыған заманауи тех­но­ло­гия­дағы игілік­тер ескінің бәрін жа­ңартты: ол «ескінің» ішінде үй сағаты да бар. Қазір ешкім қа­быр­ға сағатына қарамайды, сол үшін сатып алмай­тын да болар: бәрімізде телефон. Иә, бұл – жаңа ғасыр, жаңа заман.

 

* * *

Сағат дегеніңіз уақыт, уақыт дегеніңіз өмір: оп-оңай формула. Үй сағаты да, өмір сағаты да, тек ақиқатты көрсетеді. Бұл туралы бұған дейін де талай фило­софиялық ой айтылды, түрлі шы­ғарма жазылды. Жалпы, өмірді жыр­ламаған, өмірдің мәнін ұғуға талпынбаған жан жоқ шығар. Он екі санды айнала тықылдаған сағат тілі сол өмірдің әр секундын хабарлайды. Сонда не дейді?..

Бәлки, қоғамға бір сөз айт­қысы келетін болар. Әлде бәрі­мізді бір жаққа асықтыра ма? Ал біз сол сағаттың үнін ести алдық па? Өмір­­­дің өткінші еке­нін, әр сәттің ба­ға­лы екенін, осы­ның бәрі бізден қа­латынын жиі се­зінеміз бе?.. Иә, са­ғат­ты тың­дасаңыз, сұрақ көп. Яғни сағат «ме­нің даусымды ес­тің­дер» дейді. Ал біз кейде өз жү­ре­гі­міз-
дің дау­сын да тыңдамай жатамыз.

 

* * *

Дәл осы сәтте, дәл осы секундтарда қоңыр тіршіліктен бір сәт алыс, аяулы мекенге бір жан кетіп бара жатқан болар. Сонау бір шақтарда қалған жып-жылы естеліктермен мез­­гіл­сіз қауышуға асығады. Ой­ша еркін құстай зеңгір көк аспанда қалықтап ұшып барады. Ал енді біреу теңіз жағасында ақ көбіктенген толқындармен бірге Күнді шығарып салып тұр. Күннің қызарған шуағына бетін тосып, ішінен тілек тілеуде. Тағы бір мекенде талантты жазушы жақсы шығармасын жазып отыр. Жер бетінің әр түкпірінде біреу қуанып, біреу мұңайып, біреу ән айтып, біреу ашуланып, біреу ұйықтап, біреу есінеп, біреу шаршап, біреу бұл жарық мекенді енді көріп, біреудің жаназасы оқылып, әйтеуір өмір өтіп жатыр. Барлық сәт жылдар мен са­ғаттардың ағы­сымен жылжып барады.

 

* * *

Сіздің де, менің де, оның да – әркімнің өз сағаты бар. Ол сағат тоқтаған күні, бәріміз бел­гісіз бір жақсы мекенге кетеміз дейді. Өмірдің жалғандығы да, өткіншілігі де, әділетсіздігі де сол – уақытың әйтеуір бір күні тоқ­тайды. Мұңды хикая сияқты. Дегенмен, сіз дәл осы мезетте жүрекке салмақ салып, күңіреніп кетпеңіз. Ғалымдардың айтуынша, адам реалист болған сайын өмірі жеңілдейді екен (бәлки, рас шығар). Мәселен, қоғамда сағатқа қарамайтын, уақытпен жарыспайтын жандар да бар. Олар тек сәттермен өмір сүреді. Эмоцияларын шектемейді һәм жасырмайды. Табиғатпен, аспанмен, қоғаммен үйлесімде болғысы келеді. «Көзіме әжім түседі» деп те қам жемейді: еркін күледі. Әрине, ең бастысы, реалист.

Жалпы, адамдардың өмір сүру ұзақтығы, орта есеппен алғанда, жетпіс жас. Ол деге­ніңіз 25 550 күн, 613 200 сағат. Сон­да осынша уақытқа қанша ұмытылмас сәт, күл­кі, жас, ән, өлең сыйдыруға бо­лады деп ойлай­сың. Қызық. Кей­де сол уақыт өтпестей болып көрінеді, ал шын мәнінде зулап барады. Мейлі.