Коронавирус • 24 Ақпан, 2022

Індеттің беті қайта бастады

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірде ақпанның басынан бері асқынып кеткен қауіпті індет өткен аптада қайтадан бәсеңдей бастады. Мысалы, 1 ақпанда 586 адамнан COVID-19 анықталса, 18 ақпанда бұл көрсеткіш 97-ге дейін түсті. Алайда дәрігерлерді короновирус жұқтырып алып жатқан балалардың әлі де азаймай тұрғаны алаңдатады. 18 ақпанның өзінде 17 баладан КВИ белгілері анықталған.

Індеттің беті қайта бастады

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Өткен апта соңында об­лыс­тық коммуникациялық қыз­мет орталығында сани­тарлық-эпидемиялық бақылау де­партаменті бастығының орынбасары Юрий Севостьянов бас­пасөз жиынын өткізіп, көп­шілік көкейіндегі бірқатар мәселенің түйінін тарқатып берді.

«Өңірде «омикрон» штамы бар ма?» деген сауалға Ю.Севостьянов: «Біз науқас­тардан алынған талдауларды республикалық зертханаларға жібергенбіз. Өкінішке қарай, олардың нәтижесін әлі ала алмай отырмыз. Бірақ соңғы кездері тіркеліп жатқан клини­калық белгілерге қарағанда, өңірде «омикрон» бар деп ай­туға болады», деп жауап берді. Департамент өкілі екін­­ші немесе үшінші рет екпе қабылдайтын 50 жастан асқан облыс тұрғындарына  Pfizer Comirnaty вакцинасы егілуі мүмкін екенін айтты. Ай­туынша, бұл мәселе 17 ақпанда өткен салааралық комиссия отырысында талқы­ланыпты. «Ревакцинация қа­былдайтын мүгедектігі бар аза­маттарға да Pfizer Comirnaty вакцинасы егілуі мүм­кін. Бірақ ол үшін еліміздің бас мем­ле­кет­тік санитарлық дәрігерінің қаулысы шығуы керек», деді Ю.Севостьянов.

Баспасөз жиынында өңірде «Спутник V» және «Спутник Лайт» вакциналарының тапшы екені де айтылды.

– Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мен ұлттық ор­талық бұл вакциналарды сертификаттап жатыр. Сондықтан бізге әзірше екі вакцинаның да келетін күні белгісіз. Ал Қазақстан азаматтары Ресей Федерациясы аумағына ПТР-сіз қашан өте алады деген сауалға келсек, бұған дейін бірнеше рет көтерілген бұл мәселе жа­қында оң шешім тауып қалуы мүмкін. Бас мемлекеттік са­ни­тарлық дәрігердің таяуда қабылданған №9 қаулысында Қазақстанның вакцина пас­портын мойындаған елдердің тізімі көрсетілген. Өкінішке қарай, Ресей Федерациясы қазір­ше бұл тізімде жоқ, – деді Ю.Севостьянов.

 

Қостанай облысы