Тасқынға тосқын жасау үшін өтіп жатқан бір айлық іс-шаралар барысында қар қалың түскен Тобыл өзенінің жағалауына жақын сайлы жерлердегі үйлердің маңайы барланып, арық көздерін аршу жұмыстары жүргізілуде.
Қызыл судан қауіп төніп тұрған Тобольская, Пионерская, Красный кузнец, Юный боец, Дачная сияқты атауы ескіріп кеткен көшелер мен Дружба ауылындағы, сондай-ақ «Текстильщик» саябағындағы жеке тұрғын үйлерде 1,5 мыңнан астам адам тұрып жатыр. Мұның сыртында, жер астындағы судың деңгейі көтерілсе, 2-Қостанай шағын ауданындағы үйлердің астынан да су шығуы әбден мүмкін.
Бір айлық қауіпсіздік шараларына волонтерлер де тартылып, қауіпті шағын аудандардағы түрлі кәсіпорындарға да күн сайын рейд жүргізіліп жатыр.
– Қазір мердігер мекемелердің су соратын техникаларының дайындығы мен инертті материалдарының жеткілікті екендігіне көз жеткізу мақсатында тексеру жүріп жатыр. Қар шығаруға арналған полигондардың жағдайы, гидротехникалық құрылыстардың жарамдылығы тексеріледі. Биыл су басу қаупі аса жоғары емес, дегенмен жағдайды алдын ала бақылап, қауіпсіздік шараларын ертерек қамдап қоймаса болмайды, – деді қала әкімдігіне қарасты азаматтық қорғаныс бөлімінің инспекторы Қанат Қайыбжанов.
Бөлім инспекторының айтуынша, Қостанай көктемгі су тасқынына дайын. Қызыл суға қарсы шараларға жұмылдырылатын мердігер мекемелер бүгінге дейін 1 600 тонна инертті материал, 6 500 құм толтырылған қап және 7,3 тонна жанармай дайындап қойған. Қостанайдың сыртындағы полигондарға 350 мың текше метр қар шығарылған.
Сонымен қатар қаланың оңтүстігіндегі 7, 8, 9-шағын аудандардағы, 2-Қостанайдағы, Батыс, Аэропорт шағын аудандарындағы және қала шетіндегі өндірістік кәсіпорындардың маңайы мен Дружба ауылындағы су арналарын тазарту жұмыстары қызып жатыр.
– Су тасқыны кезеңі басталғанша ұзындығы 95 шақырым болатын 335 су арнасы мен кәріздер тазартылады. Көктемгі су тасқынына дайындық әлі де жалғасатын болады, – деді Қостанай қалалық ТЖБ бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Алмас Төлендин.
«Қазгидромет» РМК облыстық филиалының мәліметі бойынша, биыл өңірдегі қар қабатының қалыңдығы 28 см болады. Мамандар қардың құрамындағы су мөлшері 85 мм екенін анықтап отыр.
ҚОСТАНАЙ