Әлем • 24 Ақпан, 2022

Өзбекстан президентіне қастандық жасамақ болған адамға сот үкімі шықты

887 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

23 ақпанда Мирзо-Ұлықбек аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотында сот 1999 жылы бірінші президент Ислам Каримовқа қастандық жасауға қатысқан 53 жастағы ер адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өзбекстан президентіне қастандық жасамақ болған адамға сот үкімі шықты

Ташкент қалалық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, үкім бойынша ер адам 155 (терроризм), 159 (Өзбекстан Республикасының конституциясына нұқсан келтіру), 161 (диверсия), 164 (тонау)  баптары бойынша кінәлі деп танылды. 

223 (Өзбекстан Республикасының шекарасына заңсыз шығу немесе Өзбекстан Республикасына заңсыз кіру), 242 (қылмыстық қоғамдастық ұйымдастыру) және 244-2-бап (діни-экстремистік, сепаратистік, фундаменталистік немесе өзге де тыйым салынған ұйымдар құру, оларға басшылық ету, оларға қатысу) бойынша кінәсі дәлелденіп. Қылмыстық кодекстің 1-бабына сәйкес өмір бойына бас бостандығынан айырылды. 

Еске сала кетсек, 1999 жылы 16 ақпанда Ташкентте бірқатар лаңкестік әрекет ұйымдастырылып, салдарынан 13 адам қаза тапқан. Жүзден астам адам жараланған болатын. 

Бұған дейін Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің баспасөз қызметі 2022 жылдың қыркүйегінде 23 жыл бұрын іздеу жарияланған «Түркістан ислам қозғалысы» халықаралық лаңкестік ұйымының мүшесі шетелде ұсталып, Ташкентке жеткізілгенін хабарлаған. 

Ол 1969 жылы Ташкент облысында дүниеге келген. 1998 жылдың басында Шешенстанға барып, иорданиялық лаңкес Хаттаб құрған содырлар лагерінде арнайы дайындықтан өтіп, кейін Ауғанстандағы халықаралық лаңкестік ұйымға қосылған. 1999 жылы қаңтарда Түркістан ислам қозғалысы жетекшілерінің бұйрығымен Ташкентке келіп, ауқатты азаматтардың үйлеріне шабуыл жасап, ұрланған ақша мен бағалы заттарды Ауғанстанға тасымалдаумен шұғылданған. 

Ұсталған азамат 1999 жылы 16 ақпан мен 30 наурызда Ташкентте болған лаңкестік әрекеттерге де қатысқан. Одан кейін 1999-2006 жылдар аралығында шет мемлекеттерде халықаралық лаңкестік ұйымдардың қатарында соғысқан.