Қазақстан • 24 Ақпан, 2022

Реформатор

2438 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Халқына сіңірген зор еңбегі, өнегелі өмірі ғасырдан ғасырға жетіп, есімі жарқырап, еңбегі жаңғырып, ерекше құрметпен аталатын орасан тарихи тұлғалар болады. Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқы, жалпы түркі жұрты, қала берді ғаламдық қауымдастық үшін осындай тұлға.

Реформатор

Коллажды жасаған Зауреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Биыл Мемлекет бас­шысының Жар­лығына сәйкес, Ахмет Байтұрсын­ұлының 150 жылдық мерейтойын дайын­дау және өткізу жөніндегі жалпы­республикалық жоспар бекітілді. Бүгін астанамызда ұлт ұстазы мерейтойы жылының ашылу салтанаты өтеді.

 Ұлы тұлғаның 150 жылдық мерейтойы Қазақстанда ғана емес, ЮНЕСКО аясында жалпы әлемдік кеңістікте атап өтіледі.

Ахмет Байтұрсынұлының тарихи тұлғасы «тұңғыш», «алғашқы», «негізін салушы» деген ұғымдармен сипатталады. Тұңғыш төл әліпби, алғашқы оқулықтар, ұлттық ғылымның негізін салушы және тағы да қаншама өміршең бастамалар ұлт ұстазының есімімен тікелей байланысты. Төл тарихымызды, тіпті жалпы әлемдік тарихты барласақ, шын мәніндегі ірі әмбебап тұлғалар аса көп емес екен. Олар – өз халқының даму бағытын тың арнаға бұрып, өркениеттің жаңа сатысына көтерген реформатор тұлғалар.

Азаттықтың аңсарын, тәуелсіздіктің бағасын және қазіргі жаһандану дәуі­рінде ұлт болып сақталудың маңызын ұғынған сайын Ахмет Байтұрсынұлының бо­дан­дықтан бостандыққа ұмтылған жанкешті күресі, туған халқын білім мен мәдениеттің өріне шақырған асыл мұрасы жадымызда жаңғырып, аяулы есімін ерекше ілтипатпен құрмет тұтамыз.

Саяси көсемі Әлихан Бөкейхан, рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлы болған Алаш қозғалысы ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде сан ғасырлық тарихымыздың ең жарқын беттерін жазды. Ұлт-азаттық қозғалыстың ең басты тарихи мәні – халықтың санасына еркіндік идеяларын ұялатып, өзінің табиғи мәртебесі мен құқы үшін күрескенде ғана дербес халық ретінде өмір сүре алатындығын, сөйтіп өзгелермен терезесі тең ұлт болатынын сіңіруі мен сендіруінде еді. Ең маңыздысы, Алаш көсемдері азаттық күресі барысында жалпы ұлт­тық бірлікке жетудің қажеттілігін ай­рық­ша ұғынды. Ұлттық ынтымақ пен күрес дәуірінің ұранына айналған Міржақып Дулатұлының «Оян, қа­зақ!», Ахмет Байтұрсынұлының «Маса», Ғұмар Қараштың «Бала тұл­пар» жинақтарындағы және тағы да басқа шығармалардағы азаттық идеялары данышпан Абайдың гуманистік мұраттарымен сабақтасып ұлттық бетбұрыс жасады. Ақаңның өзі ашып, бас редакторлық еткен «Қазақ» газеті ұлтымызды оятып, халқымызды тұтастырып, азаттыққа деген аңсарын күшейтті. Бүкіл қазақ жеріне таралған шын мәніндегі ұлттық басылым халықтың өз құқығын білуіне, саяси-қоғамдық қатынастар мен өзгерістердің сырын ұғынуына, ұлттық намыс пен абыройдың артуына тарихи зор үлес қосты. Әлихан Бөкейхан: «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» деп айтқанындай, жалпы Алаш қозғалысының ең негізгі тарихи маңызы ел мен жерді біріктірумен тікелей байланысты.

Қазақ қоғамында ұлттық бірлік хандық дәуірдегі жыраулардан бастап, Алаш кезеңіне дейін әдебиетіміздің алтын арқауы болғаны белгілі. Данышпан Абайдың: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген әйгілі қанатты сөзі ұлттық бірігудің квинтэссенциясы іспетті. Жалпы, халыққа оның территориясы, тілі, мәдениеті қалай бағалы болса, ұлттық ынтымағы да сондай қымбат.

Әрбір заманның өзі шешуге тиісті мәселелер болады десек, Алаш зиялылары өз дәуірінің мүмкіндігінше көптеген нәрсеге қол жеткізді. Бұл қозғалыс саяси күрес болуымен қатар мәдени-ағартушылық мазмұндағы да ұлттық әрекет еді. Саяси күрес – тұтас халықтың жігерін жанып, намысын оятса, мәдени күрес – білім мен ғылымның өріне шығудың, өркениетті халықтармен тең болудың дәуірлік амалы еді. Күні кеше ғана 30 жылдығын баршамыз атап өткен Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуы сол Алаш арыстарының саяси күресінің мақсатына жеткенін көрсетсе, мәдени күрес әлі күнге дейін жалғасып келеді, толастамақ емес.

Әсіресе қазіргідей жаһандану дәуі­рінде мұндай мәдени күрестің маңызы тіпті айрықша. Тәуелсіздіктің өзін ха­лықтың мәдени өресімен тікелей са­бақ­тастырған Ахмет Байтұрсынұлы: «Азаттық, асылы мәдениетте, мәдениет күшеюінің тетігі – оқу мен әдебиетте»,  дейді. Бұл – әлі күнге дейін өзінің өзектілігін сақтаған аталы сөздер. Біз үшін Алаш көсемінің осы ойлары «заманауи білімді игеру», «дамыған технологияларды білу» деген ұғымдармен бірдей. Жан-жақты мәдениет иесі болатын халық та, адам да өзгелермен тең болмақ. Бірақ мәдениет өздігінен келе салмайды. Ақаңның айтуынша: «Адам әділеттілікке мәдениеттің теңесуі ар­қылы ғана жете алады. Мәдениет теңдігі сатып та, сыйлыққа да алынбайды, әрекеттермен жиналады». Жалпы, Алаш зиялылары бізді осыған үндейді. Бүгінгі қазақ баласы да адамзаттың ақылымен, еңбегімен жасалған мәдениет пен білімді терең игеруі керек. Сонда ғана біз жаһанданудың қарқынына төтеп беріп, ұлттық болмысымызды сақтаймыз.

Халқының азаттығына, білімі мен мәдениетіне бар ғұмырын арнаған Ахмет Байтұрсынұлы тек ұлттық шең­­берде қалған емес. Оның мол мұ­ра­сын зерделеп оқып отырғанда Шы­ғыс пен Батыстың, көне мен жаңа­ның айтулы өкілдерінің есімдері мен шығармаларына мейлінше қанық болғанына көзіміз жетеді. Сондықтан да ол: «Қазіргі мәдениет белгілі бір ұлттың немесе нәсілдің туындысы емес, барлық адамзаттың еңбегімен, қабілетімен келген нәтиже», деп жалпыадамзаттық мәдени қазынаның ортақ екенін, одан қазақтың да сусындауы қажеттігін атап өткен. Бұл сөз Алаш дәуірі үшін қаншалықты жаңа ой, тың идея болса, қазіргі біздер үшін де өнегелі өсиет.

Туған халқының саяси және мәде­ни теңдігі үшін күрескен Алаш қай­раткерлері, ең алдымен, өз дәуірлерінің өзекті ділгір мәселелерін шешуге тырысты. Олар тарих пен тағдыр ұсынған күрмеуі қиын күрделі сауалдардың жауабын іздеп, күн тәртібіне дәуірлік ірі мәселелерді қойды. Оларды дәуірдің үдерісінен тауып, шешудің заманауи амалдарымен жауап қатты. Дәл осылайша келу Алаш зиялыларының жоғары санаткерлік деңгейін танытып, олардың консервативті емес, прогрессивті тұл­ға­лар екенін айғақтайды. Әлихан Бөкей­ханның, Ғұмар Қараштың, Мұха­метжан Тынышпайұлының, Халел Дос­мұ­хамедұлының, Міржақып Дулат­ұлының, Мұстафа Шоқайдың және тағы да басқа Алаш қайраткерлерінің еңбектерімен танысу барысында олар­дың сол кездегі тарихи, әрі мәде­ни үдерістерді қаншалықты терең таныға­нына таңғаласыз, әрі қазақтың баласы ретінде шын сүйсінесіз. Ақаңның: «Тіршілік ғамалы – заманның заңын, тұрмыстың сарынын тану ғылымы, адамның іздеген, көздеген мақсаттарын білу, мақсаттарына жетуге жүретін жолдарымен танысу» деген жолдарын оқи отырып, ойының тереңдігі мен өміршеңдігіне, жаңаша тұжырымдарына бас иесіз.

Халықтың ғасырлар бойы қалыптас­қан төл танымы тұтастай тілде сақтала­тынын білеміз. Бұл күнде айтылып жүрген үйреншікті жай сөз емес. Оның терең философиялық және тарихи мәні бар. Халықтың мемлекеті, тіпті өзіне тиесілі территориясы да болмауы мүмкін, бірақ тілсіз халық болмайды. Осы аксиоманың өзі әрбір халық үшін тілдің аса өміршең маңызын айғақтаса керек. Бұл ретте: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі»,  дейді Ақаң.

Ахмет Байтұрсынұлы ұлт қайраткері, ірі оқымысты ойшыл ретінде халық пен тілдің ажырамас тұтастығын барынша ұғынды. Сөйтіп ол ұстаздығымен, сая­си күрескерлігімен, ғалымдығымен бірге тілдің тағдыры туралы да үнемі айтумен болды. Бүгінгі күндері қанатты сөздерге айналған ойлары халық пен тілдің тағдырын тұтастырған осындай терең толғаныстардан туғаны ақиқат. Оның ұғымында тіл – қатынас құралы ғана емес, ең бастысы ол – таным мен тәрбие құралы. Себебі тіл арқылы баланың ұлттық танымы қалыптасады, содан барып ол елшіл, отаншыл азамат болып өсіп, халқына қызмет етеді. Ақаң бұл мәселені іс жүзінде өзі көрсетіп, нақты дәлелдеді. Ол – оқу құралдарын жазумен бірге оқытудың да ұлттық мазмұнын ұсынған тұңғыш әдіскер ғалым. «Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап» деген қанатты сөзі тәуелсіздіктің жаңа ұрпағын тәрбиелеп жатқан бізге де жоралы үлгі, өнегелі қағида.

Ақаңның замандастарынан бастап бүгінге дейін оны бәріміз «Тіл білімінің атасы» дейтініміз, түптеп келгенде оның тіл реформаторы болғандығында. Бір өзі тұтас ғылыми-зерттеу институтының жүгін арқалап, ұлттық әліпби түзіп, тіліміздің емле ережелерін жасауы, тіл білімінің фонетикадан бастап, стилистикаға дейін тарауларын зерттеуі, терминологиялық жүйе қалыптастыруы ұлттық тарихымызда ғана емес, әлемдік ғылым­ның тарихындағы феномендік құ­бы­лыс. Оған әдістеме, педагогика және әдебиеттану саласындағы ең­бек­терін қоссаңыз, оның ғылыми ойы­ның соншалықты кеңдігін көресіз. Зерт­теушілік мол мұрасымен бірге Ахмет Байтұрсынұлы шәкірт тәрбиелеп, ғылыми орта қалыптастырып, ұлттық ғылыми дәстүр мен мектептің негізін қалаған кемеңгер ғалым.

Ғылыми-зерттеушілік дарыны, ғылы­ми әдіснамасы мен принциптері Ахмет Байтұрсынұлын сол кездің өзін­де халықаралық кеңістікке таныт­ты. Ғалымдық зор тұлғасы, әсіресе Бүкіл­одақтық бірінші түркологиялық съезде көрінді. Ресей, Германия, Мажарстан, Түркия, Иран және түркі ха­лық­тары ғалымдары қатысқан съез­де әліпби және терминология бойынша баяндама жасаған Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми қағи­даттары мен тұжырымдары жиналған ғалымдар тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Қазіргі кезеңде де түркі дүниесінің ғалымдары Ақаңның ғылыми еңбектерін аса жоғары ба­ға­лап, оның өзектілігі жөнінде жиі айтады. Өйткені ол – өз зерттеулерінде түркі тілдерінің ерекшеліктерін салыс­тырмалы түрде зерделеп, ғылыми-теориялық қорытынды жасаған ірі оқымысты. Ғалымның мол, сан салалы мұрасын насихаттау, шет тілдеріне аудару бүгінгі біздің қасиетті борышымыз деп білемін.

Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі ретінде Ахмет Байтұрсынұлының қайраткерлік білігі мен қабілеті 1917-1920 жылдардағы төңкерістік кезеңде айрықша байқалды. Бұл кезең Алаш қайраткерлеріне үлкен тарихи міндет жүктеді. Бұл миссияның мәні – аласапыран заманда ұлттық автономия құру және территориямызды межелеу болатын. Осы тарихи мақсатты орындауда Ахмет Байтұрсынұлы ерекше қайраткерлік танытты. Кеңес үкіметі басшыларымен бірнеше рет кездесіп, соның нәтижесінде Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Уәлитхан Танашев сияқты саяси серіктерімен бірге Қазақ­стан шекарасын нақты белгілеуді жүзеге асырды. Алаш қайраткерлерінің қажырлы еңбегі арқасында 1920 жылғы 26 тамызда Қазақ Автономды Социалистік Кеңестік Республикасы құрылды. Бұл – Ресей Федерациясы ішіндегі автономия болғанымен, өзінің шекарасы, астанасы, басқарушы органы бар мемлекеттік құрылым еді. Яғни қазақ мемлекеттілігінің ресми заңды негізі қаланды. Автономияның негізінде 1936 жылы 5 желтоқсанда Қазақ Кеңес­тік Социалистік Республикасы жария­ланды. Одақтас мәртебесіндегі Қа­зақ­стан сияқты республикалар ғана тәуелсіздікке ие болғанын баршамыз жақсы білеміз. Осы саяси оқиғаларды сараласақ, онда біздің тәуелсіздігіміздің түпкі негізінде Ахмет Байтұрсынұлы сияқты Алаш қайраткерлерінің тарихи еңбегі зор болғанына көз жеткіземіз.

Сан салалы мол мұра қалдырған, халқының азаттығы үшін алысқан, тұтас ұлттың ұстазы болған тұлғаның осыншама жан-жақты дарыны мен күрескерлік қайратының алтын арқауы, қайнар көзі не деген сауалға жауап іздесек, оған Ахмет Байтұрсынұлының тұлғалық болмысының түп негізі – айрықша адамсүйгіштігінде, яғни зор гуманизмінде дер едік. Асылы, тарих қатпарларынан бізге игі істері мен асыл сөздері жеткен ұлы тұлғалардың барлығына ортақ негізгі қасиет адам баласына, халқына деген шуақты мейірім мен риясыз махаббат деп түйіндер болсақ, дәл осындай ірі гуманист тұлға Алаштың Ахметі болды.

Әр ұлттың тарихындағы осындай гуманистік жаңғыру кезеңін әлемдік тарихта «Ренессанс» деп атайтыны белгілі. Алаш дәуірінің гуманизмі қазақ қоғамына өркениеттік мазмұндағы жаңалықтар әкелді. Ұлттық білім мен ғылымның, баспасөздің, жаңа жазба әдебиеттің қалыптасуы, саяси партиялардың өмірге келуі және тағы да басқа тың бастамалар қазақ қоғамы үшін нағыз Ренессанс болды деуге толық негіз бар. Осындай ұлттық Ренессанстың мазмұнына бойлар болсақ, онда оның ең көрнекті көшбасшы тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы екеніне толық көз жеткіземіз.

Ұлыларымызды ұлықтау, олар­дың халық пен тарих алдындағы еңбектерін бағалау – біздің елдігіміздің, азаматтығымыздың белгісі. Есімдеріне тағзым ету, еңбектерін насихаттау арқылы елдігіміз күшеймек. Ең бастысы, еліміздің болашағы жастарымызға өнеге көрсетіп, отаншылдық сезімімізді асқақтатып, мәдениетімізді арттырып, өркениет биігіне көтерілеміз.

 

Әділбек ҚАБА,

Білім және ғылым министрлігі

Тіл саясаты

комитетінің төрағасы