Аймақтар • 25 Ақпан, 2022

Ахмет жылының ашылу салтанаты өтеді

1062 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда 28 ақпан күні ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Ахмет жылының ашылу рәсімі өтеді. Салтанатты іс-шараға Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғали, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, елордадағы Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Tілешов, Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы мемориалдық музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет арнайы келіп қатысады деп жоспарланып отыр.

Ахмет жылының ашылу салтанаты өтеді

 

Ал 25-26 ақпан күндері  «Қостанай Плаза» сауда-сауық орталығында «Ұлттың ұлы ұстазы» атты интерактивті іс-шара өтеді. Бұл күні мектеп оқушылары дайындаған әдеби-көркем композиция көпшілік назарына ұсынылып, Ахаң өлеңдері оқылады. Сондай-ақ қала тұрғындары Алаш арысының мерейтойына орай ұйымдастырылған концерттік бағдарлама мен театрландырылған сахналық қойылымды тамашалайды. Мерекеге келген көпшілік үшін Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылығына арналған викторина ойындарына да қатыса алады. 

Сонымен қатар дәл осы күні «Поиск» танымдық квест ойыны мен «Маса» Youtube-жобасының тұсаукесері өтеді.

Ахмет жылының ашылуына арналған негізгі іс-шаралар алдағы дүйсенбіде 28 ақпанда басталады.  Сағат 11.00-де,  бір мезгілде облыс қалалары мен аудандарындағы Ахмет Байтұрсынұлы ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылады. Сағат 11.15-те А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Ұлт ұстазы» атты дөңгелек үстел басталады. Іс-шара аясында ақын, ғалым  Серікбай Оспановтың «Ұлт ұстазы» кітабының тұсаукесері өтетін болады.

Түстен кейін  А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде, Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінде, І.Омаров атындағы қазақ драма театрында, «Достық үйінде» және Балалар шығармашылық үйінде ахметтану дәрістері  өтеді.

Ал кешкілік сағат 16.00-де Жастар сарайында  Ахмет Байтұрсынұлына арналған мерейтойдың ашылу рәсімі басталады. Салтанатты іс-шара шеңберінде өтетін әдеби-сазды кеште Ахаңның ән-күйлері орындалып, өлеңдері оқылады. Сондай-ақ І.Омаров атындағы Қостанай қазақ театры дайындаған кемеңгер өмірінен алынған театрландырылған қойылым көпшілікке ұсы­нылады.

 

Қостанай облысы