Салтанатты шара барысында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы соңғы екі жыл ішінде өңірде 8 жаңа спорт нысаны ашылғанын атап өтті.
– Елімізде бұқаралық спорт түрлері дамып келеді. Мәселен, былтыр пайдалануға берілген шаңғы базасында республикалық деңгейдегі ірі жарыстар өтуде. Бүгінде облыста 300 мыңға жуық ересектер, 80 мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер спортпен айналысуда. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 7 мыңнан астам бала тегін үйірмелерге барып жүр. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 500 млн теңге бөлінді. Осыдан жиырма жыл бұрын қала орталығында салынған мұз сарайының құрылғылары ескіріп кеткендіктен, спорт нысанын мамырдан қазан айына дейін жауып қоюға тура келеді. Ал бүгін пайдалануға берілген жаңа мұз айдыны уақыт талаптарына сай жыл он екі ай жұмыс істейді. Ең бастысы, енді мұнда өңір намысын қорғап жүрген өз спортшыларымыз жаттығатын болады, – деді А.Мұхамбетов.
Облыс әкімінен соң КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, шайбалы хоккейден екі дүркін Олимпиада, 8 дүркін әлем чемпионы Сергей Макаров мұз айдынына шықты. Көпшілікпен «Ассалаумағалейкүм!» деп мұсылманша амандасқан әйгілі спортшы жаңа сарайдың жастар үшін пайдасы зор екенін, мұндай мұз айдыны кез келген өңірде бола бермейтінін айтып, енді 5-6 жылдан кейін Қостанайда хоккей шеберлерінің жаңа буыны өсіп шығатынына сенім білдірді.
Жаңа нысанға жиналғандар одан кейін Петропавл қаласынан келген «Құлагер» хоккей командасы мен рудныйлық «Горняктың» арасындағы жолдастық кездесуді тамашалады.
Словакиялық Н+Н Technika компаниясының өкілі, аталған мұз аренасының директоры Талғат Ерішов: «Мұз аренасы ең соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда наурыз айынан бастап №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері жаттыға бастайды. Қала тұрғындарына да есік ашық. Мұзайдынға келушілер үшін арнайы конькилер сатып алынған. Бұл конькилерді ересектер шамамен 2 мың теңгеге, ал балалар 1000 теңгеге жалға ала алады», деді.
Мұз сарайының 500 көлікке арналған автотұрағы бар. Көктем шығып, күн жылынған соң, жаңа нысанның айналасына жасыл желек отырғызылып, абаттандырылатын болады.
ҚОСТАНАЙ