Руханият • 25 Ақпан, 2022

Бүгін - Сәкен Сейфуллиннің атылған күні

944 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

25 ақпан күні Алаштың ардақтысы, ақын Сәкен Сейфуллин репрессияның құрығына ілініп атылған болатын. Атаулы датаға орай Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Сәкен Сейфуллин музейінде ақын ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, жиналғандар рухына тағзым етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бүгін - Сәкен Сейфуллиннің атылған күні

Бүгін Сәкен Сейфуллиннің атылғанына 84 жыл толды. 84 жыл бұрын қызыл үкімет қазақ халқының зиялыларын қынадай қырып салды. Қасірет қанына боялған қаралы күнді қазақ халқы ешқашан жадынан шығарған емес. Ұлты үшін оққа ұшқан батыр бабаларды жыл сайын еске алу дәстүрге айналды.

Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Сәкен Сейфуллин музейі құрылған отыз жылдан аса уақыт ішінде Сәкеннің туған күні мен атылған күнін атап өтуді өзіне парыз еткен. Іс-шараға белгілі Сәкентанушылар мен қоғам қайраткерлері шақырылды. Алғашқы сөзді Музей басшысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы алып, Сәкен атылған қасіретті күн туралы күңірене толғанды. Сол замандағы қазақтың талай арысының бақилық болғанын ашынып айтты. Қызыл үкіметтің қанға малынған қылышының кесірінен талай марқасқаларымыздан айырылып қалғанымызды тағы бір рет еске салды.

Бұдан соң ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері ақын Ғалым Жайлыбай жалғастырды. Ол Сәкен өмірі туралы сыр шертіп, Сәкен тағылымы туралы толғанып, Алаш ардақтысына арналған өлеңін оқыды. Сәкеннің ақындығы мен азаматтығына тоқтала келіп, қырғыз деген атаудан арылуымызға тікелей себеп болған Сәкенге қазақ халқы қарыздар екенін тіліне тиек етті.

Кейіннен Сәкеннің нағашы қарындасы Асылгүл Әбіш сөз алып, Сәкеннің өмірі жайлы сөйледі. Сәкенді тану қазақ жастарына парыз екенін тағы бір еске салды. Сәкеннің сәні, әуелеген әні туралы тебірене толғады.

Қарағанды облысы Нұра ауданынының Ахмет ауылындағы Сәкен мектебінің директоры Атымтай Балабиев те сөз сөйлеп, Сәкеннің білім саласына қосқан үлесі, ашқан мектептері туралы толыққанды мәліметтерімен бөлісті. Қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов басшылық ететін «Сәкен қорының» өкілдері де гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.