ANTIKOR • 25 Ақпан, 2022

Жемқорлық: Алматы облысында екі шенеунік ұсталды

610 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысында шенеуніктерді ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жемқорлық: Алматы облысында екі шенеунік ұсталды

«Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Алматы облысының ҰҚКД-мен бірлесіп Іле ауданының құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысын әшкереледі, ол кейіннен коммерциялық объектіге нысаналы мақсатын өзгерту үшін үйді пайдалануға беру актісіне қол қойғаны үшін ЖШС директорынан 3 млн теңге сомасында пара алды», деп хабарлады Антикордың Алматы облысы бойынша департаменті.

Ведомство 9 ақпанда Іле аудандық соты күдіктіге кепіл беру құқығымен екі ай мерзімге «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасын санкциялағанын атап өтті.

«Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Кеген ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысын қолға түсірді. Ол 18 ақпанда Кеген ауданының жолдарын жөндеу бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне, сондай-ақ объектілерді пайдалануға беру актілеріне қол қойғаны үшін мердігер ұйым директорынан 1 млн теңге сомасында пара алды», деп мәлімдеді департамент.

Ведомствода нақтылағандай, 20 ақпанда Талдықорғанның мамандандырылған тергеу соты күдіктіге «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.

«Екі іс бойынша тергеу жалғасуда, тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жариялауға жатпайды», деп қосты облыстық департамент.