Кеше Алматыда Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Қазақ ұлттық аграрлық университеті мен халықаралық «Глюон» (IIC «Gluon», Мәскеу, Ресей) зияткерлік клубы ауылдың дарынды жастары арасында «Интеллектуалды марафон» атты I халықаралық олимпиадасын бастады.
Бұған Қазақстан, Ресей және басқа да шет мемлекеттердің мектеп оқушылары қатысуда. 30 наурызға дейін жүретін жарыста ауылдағы дарынды жастарды анықтау арқылы олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту мақсат тұтылады.
Сондай-ақ бұл бастама ауылды жердегі мектеп оқушыларының ақпараттық-білім алу ортасын кеңейтуді, ізденістік есептерді шешу дағдыларын дамытуды, ғылыми білімнің кең тарауына ықпал жасауды көздейді.
Үш турдан тұратын олимпиада жыл сайын математика, информатика, химия, экология, биология, физика пәндері мен ғылыми жобалар бойынша кешенді түрде өтетін болады. Қазақстандық жеңімпаз оқушылар Қазақ ұлттық аграрлық университетінде оқу үшін облыстық әкімдіктің және аграрлық кәсіпорындар мен шаруашылықтардың гранттарымен марапатталады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.