Өнер • 28 Ақпан, 2022

«Белгісіз» ару кім?

398 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әйгілі орыс суретшісі Иван Крамскойдың «Белгісіз» картинасындағы белгісіз ару өнер зерттеушілері үшін де, көркем өнерді бағалаушы қарапайым халық үшін де ұзақ уақыт жұмбақ болып, өз құпиясын ішіне бүгіп келеді. Өйткені шығармашылығынан, бәлкім өмірінен де үлкен орын алатын бейтаныс сұлудың прототипі туралы суретші ешбір жерде, тіпті жеке хат-хабарлары мен күнделігінде де ауызға алмайды.

«Белгісіз» ару кім?

Ал кенепке көрік берген көркем ару туралы ойланбау, тол­ған­бау, оның тарихы һәм тағды­рын білуге құмартпау мүмкін емес. Картинадағы «Белгісізді» ақын Александр Блоктың «Бей­таны­сындағы» сұлумен шатастыратындар көп. Тіпті туындының атауын да «Белгісіз» емес, «Бейтаныс» деп атап кеткендер тым-тым жиі кез­деседі. Алайда ол ару мен бұл аруды ешнәрсе байланыстырмайды, екеуі екі бөлек әлем.

Суретші Иван Крамской ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс кескіндеме мектебінің ең көрнекті туындыларының бірі саналатын өзінің «Белгісізін» 1883 жылы салған және шығарма тура сол жылы Санкт-Петербургтегі Wanderers көрмесінде алғаш рет халыққа ұсынылды. Майлы бояу­мен кестеленген картинаның ұзын­­дығы – 99, ені – 75,5 сантиметр.

Бар бағалы киімді үстіне киіп күймеде отырған соншалықты көр­кем, бірақ көзіне мұң ұяла­ған сұлудың келбеті сол кездің өзінде-ақ қызу талқының арқауы­на айнал­ған. 1880-жылдың соң­ғы сән үлгісімен киінген сыл­қымның үстіндегі ақшыл қауыр­сын қадалған бас киімі, қым­бат теріден тігіліп, атлас лентамен безендірілген пальтосы, алтын білезік, муфель, жұқа былғары қолғап – мұның барлығы кескіндеме кейіпкерінің болмысы мен әлеуметтік һәм қоғамдағы орны туралы, сұлудың прототипі жайлы түрлі болжамдар жасауға бастама болды. Пікірлер сан-сақ­қа жүгірді. Портреттегі кейіпкер­дің шын өмірдегі бейнесін табу­ға деген талпыныстың санында шек болған жоқ. Сондай болжам­дардың бірі негізінен 1875 жылы салынған Мария Павловна Яро­шенконың портретімен ортақ ұқсастық аясында қарастырылса, екінші нұсқа 1880-жылдардағы жоғарғы таптағы жалпы әйел за­тының жиынтық бейнесінен туған, сол арқылы суретші замана тынысын беруге ұмтылған деген болжам төңірегіне тоқайласады.

Келесі нұсқа, нақтырақ айт­сақ өнертанушы, жазушы, педагог Ирина Чижованың пікірінше, картина әу баста Александр ІІ пат­шаның нақсүйері Екате­рина Дол­горуковаға арналып салынған, кейін патша қайтыс болғаннан кейін суретші оны түрлендіріп, әрі қарай дамытқан деген болжамды алға тартады. Алайда бұл ойдың қисынсыздығы сол, сурет Александр ІІ патша қайтыс болғаннан кейін екі жылдан кейін өмірге келген. Ал Екатерина Ми­­­хай­ловнаны патшаның көзі тірісінде-ақ ІІ Александрдың туыс­­тары мойындамаған. Тіп­ті 1878 жылы Екатерина өмір­ге әкелген нәресте қызды да сарай­­дағылар өзектен теуіп, теріс айналған. Бірақ бұл жағдай Екатеринаға өлер­дей ғашық патшаның махаббатын айныта алмады, керісінше өле-өлгенше Долгоруковаға деген махаббат жалынына өр­тенген Александр ІІ соңғы демі үзілгенше аяулы жарын сүйіп өтті. Патша өлген соң әлбетте сарай іші тәр­ті­бінің де өзгерері даусыз. Ал тақ иегері ауысып жатқан осынау алмағайып тұста сарайда лауа­зымды қызмет ат­қар­ған сурет­шінің бұрынғы пат­шаның сарайдан қуылып, шетел асырылған нақ­сүйерін кес­кін­деуі қаншалықты қисынға қоным­ды?!.

Ал соңғы нұсқасы әрине, ро­мантикалық бағыттағы болжам. Және ол осыған дейінгі айтылған болжамдардың ішіндегі шындыққа барынша жақыны саналады. Бұл – әйгілі ақсүйек әулетінен шыққан Бестужев есімді ауқатты азаматқа тұрмысқа шыққан қарапайым шаруа қызы Матрена Саввишинаның төңірегінен тарқатылатын аңыз. Шаруа қызына ғашық болып, оған үйленген Бестужев аруды ақсүйектік өмірдің барлық қыр-сырына қанықтырып, тәр­биелейді. Бұл әлбетте ел арасында желдей гулеп, қызу әңгіменің арқауы болады. Әсіресе, арудың көрген жанның тілін байлар ға­жап сұлулығы алыс-жақынға тез тарайды. Ел ау­зын­да жүр­ген сұлумен суретші Санкт-Петер­бургте танысып, әдемі арудың ажарына тілі байланып, есі кете ғашық болады. Өнердегі музасына жолығып, шабытына ерік берген қылқалам шебері өзіне мәлім, өзгелерге белгісіз аруды осылайша мәңгілік өлмейтін өнер туындысына айналдырады. Алайда зерттеушілер тарапынан жиі келтірілетін бұл нұсқа да нақты емес, өнертанушылардың кезекті, бірақ шындыққа барынша жақын, жанасымды деген болжамы ғана.

Әйгілі картинаның жұм­бақ прототипінен бөлек, сон­дай-ақ кейбір зерттеушілер туын­ды­ның тылсымдығын айтады. «Белгісізді» төріне ілген жан­дардың үйінде белгісіз жағдайда бақытсыздық орнай­тын­дығы да жиі тілге тиек еті­леді. Тіпті бұл картина су­­ретші­нің өзін де «жылатып кет­ті» деген болжам бар. Туын­ды өмір­ге келгеннен кейін көп өт­пей суретші екі бірдей ұлы­нан айырылады. «Белгісіздің» одан кейін­гі шетел асып орын тап­қан мекендерінде де, Ресейге орал­ғаннан кейінгі тұрақтарында да үнемі бақытсыз жағдайдалар қайталанып отырғандығы жайлы деректерді тізбелеп айтуға болады. Сондықтан болса керек, әсем болса да бар құпиясы мен сырын, мистикасы мен жұмбағын ішіне бүккен картинаға егелік етуге құ­мар­тушылардың қатары уақыт өте келе сап тиылған. Туындының тылсымынан қашқан адамдар «Белгісізден» мүлдем бас тартқан. Осылайша, Ресейді ғана емес, шетел асып шартарапты шарлаған, көркемдігі тіл байлап, атағы жер жарған керемет картина соңында отаны­на қайтып оралып, Мәс­кеудегі әйгілі Третьяков галереясынан өз орнын табады. Күні бүгінге дейін сол жерде сақтаулы.

P.S.Сәйкестік пе білмедік, Оралхан Бөкей шығармашылығын зерттеу барысында Шыңғыстайға арнайы барып, жазушының қара шаңырағының табалдырығын аттағанда үйдің төрінде ілінген дәл осы Крамскойдың «Белгісіз» аруына көзіміз түскен еді. Қаламгердің қарындасы Ғалия Бөкейқызы ағасының қылқалам туындыларын, оның ішінде, әсіресе осы «Белгісізді» ерекше жақсы көргенін айтып берді. Тіпті картинаның көшірмесін Мәскеуден арнайы алдыртыпты. Не десек те бір Аллаға аян ғой, бірақ жазушы өмірінің соңындағы бірінен кейін бірі орын алған қайғылы жағдайларға тылсымға толы «Белгісіз арудың» әсері болмады ма екен деген ойдың сол сәтте санамызда қылаң бергенін қалай жасырайық?! Тылсымның аты тылсым ғой қашанда... Әлбетте, ақиқатын тек Алла біледі...