Спорт • 28 Ақпан, 2022

Қанатты қапы қалдырды

145 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орта салмақтағы қа­зақ­стан­дық боксшы Қанат Ислам АҚШ-тың Плант-Сити қала­сын­дағы бокс кешінде шаршы алаңға кө­теріліп, британиялық Джим­ми Келлимен (25-2, 10 КО) жұ­дырықтасты. WBO Global белбеуі үшін өт­кен айқаста жерлесіміз он раун­д қо­рытындысы бойынша төрешілердің шешімімен же­ңіліп қалды. Бұл отан­дасы­мыздың 28 жекпе-жектегі жеңісінен кейін алғашқы жеңі­лісі болды.

Қанатты қапы қалдырды

Бокс кешіне дейін бірқа­тар бокс маманы бұл айқас­тың негізі фавориті ретінде қазақстандық боксшыны ата­ған болатын. Өйт­кені жерле­сіміз тәжірибе жа­ғынан да, ста­тистикалық нә­ти­же бойынша да қарсыласына қара­ғанда бір бас жоғары еді. 29 жастағы Джимми осы күнге дейін кәсіби шаршы алаңда 27 кездесу өткізіп, 25 мәрте жеңіске жеткен. 10 қар­сыласын нокаутқа жіберсе, өзі екі мәрте жеңілістің кермек дәмін татқан. Ұлыбритания бокс­шысының 2015 жылдың жел­тоқсан айында WBO нұсқасы бо­йынша әлем чемпионы атануға тама­ша мүмкіндігі болды. Алайда өзінің отандасы Лиам Смитпен болған жекпе-жектің жетінші раундында техникалық нокаут­пен ұтылды. 2018 жылдың жел­тоқсанында ирландиялық Деннис Хоганмен жұдырықтасып, қар­сыласынан ұпай саны бойынша жеңіліп қалды. Өзінің соңғы бәсекесін Келли осы жылдың 12 желтоқсанында Гарри Мэттьюсқа қарсы өткізіп, оны үшінші раундта ұрып жықты.

Иә, айқасқа дейін британиялық боксшыда аз ғана басымдық бар еді. Себебі ол Қанат Исламға қарағанда үш ай бұрын жекпе-жекке шығып, өз бабын жоғалта қоймаған болатын. Ал отандасымыз ең кейінгі жекпе-жегін бір жыл бұрын, яғни 2021 жылдың 20 ақпанында өткізген. Бір жыл бойы шаршы алаңға шықпаған отандасымызға рингте өзін еркін сезінуі қиын болды.

Плант-Ситидегі жекпе-жектің алғашқы үш минутында-ақ Келли статистикадағы басымдық әрдайым шындыққа сәйкес келе бермейтінін дәлелдеп берді. Гонг белгісі соғыла салып, алға қа­рай ұмтылған британиялықтың Қанатқа қарағанда жеңіске деген құштарлығы, рингте өзін еркін ұстап, ширақ қимылдауы бізді секемдендіріп қойды. Тіпті үшінші раундта Келли отандасымызды төпелеп соққының астына алып, бар мәселені осы сәтте-ақ шешіп тастауды көздеп еді. Алайда Қанат тәжірибесінің арқасында бұл сәттен оңай сытылып шықты. Ал төртінші раундта екі боксшы да абайсызда бір-бірімен соқтығысып, қабақтарын жарып алды. Бірақ төреші жекпе-жекті жалғастыруға пәрмен берді. Егер айқас жарақатқа бай­ланыс­ты төртінші раундта аяқ­талғанда Джиммидің жеңіске же­туі кү­­мәнсіз еді. Өйткені Кел­ли төре­шілер есебі бойынша алда тұрған еді. Әйткенмен кездесу толық 10 раундқа жалғасып, жеңім­паздың есімін бәрібір төре­шілер анықтады. Бірінші төреші жекпе-жек тең аяқталды деп есептесе (97:97), қалған екі төреші 96:94 және 97:93 есебімен жеңісті бри­таниялық боксшыға берді.

Осылайша, 2012 жылдан бері кәсіпқой бокста өнер көр­сетіп, бірде-бір жекпе-жегінде жеңіл­меген боксшымыз алғаш рет же­ңілістің кермек дәмін татты. Қанат Исламның бұрынғы қарқынын жоғалтып алғанын кейінгі жекпе-жектерінен бай­қауға болады. Ол бұл жолы да қарсыласына еш тегеурін көрсете алмады. Бұрынғыдай жойқын соққыларын да байқай алмадық. Мұны қарсыласы да айтып отыр.

– Әр раундта басым түстім деп ойлаймын. Жекпе-жектің бел ортасынан асқанда қолымды жарақаттап алдым, сондықтан кейінгі төрт раунд тек джеб қана жасай алдым. Мен оның қысым жасағанын сезгеніммен, күшін сезбедім. Қанат жекпе-жекті ба­қылауға алғысы келді, бірақ мен оған жоспарын іске асыруға мүм­кіндік бермедім, – деді Келли жек­пе-жектен соң.

Өкінішке қарай, пандемиядан кейін кәсіпқой бокста жүрген қазақстандық боксшыларды не қырсық шалғаны белгісіз, әйтеуір жер­лестеріміздің жолы болар емес. Енді, міне, бұл қатарға Қанат Ислам да қосылды.