Қоғам • 28 Ақпан, 2022

Еңбек биржасында бос жұмыс орны азайды

603 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда қаңтар айында жұмыс іздеушілер саны үш есе өсті. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еңбек биржасында бос жұмыс орны азайды

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректері бойынша 2022 жылғы қаңтарда Электрондық еңбек биржасында 68,3 мың бос жұмыс орны және 70,2 мың түйіндеме орналастырылған. Осылайша, қаңтарда жарияланған түйіндемелер санының күрт өсуі және 2021 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда жұмыс берушілердің сұранысы бойынша белсенділіктің төмендеуі байқалған.

Қаңтарда сұраныстың 84%-ын шағын, орта және ірі кәсіпорындар құрады. Айта кетейік, жеке кәсіпкерлер тарапынан сұраныс желтоқсан айының көрсеткіштерімен салыстырғанда қаңтар айында 59%-ға (26,7 мыңнан 10,9 мыңға дейін) төмендеді.

 

Егер жалақыны алып қарайтын болсақ, онда неғұрлым жоғары үміт еткен меже (орташа есеппен айына 500 мың теңгеден бастап) басқарушы позицияларға ізденушілер арасында, атап айтқанда қаржы директоры, сату басшысы, маркетинг және өнімді өткізу жөніндегі бөлім бастығы, департамент директоры, басшының кеңесшісі немесе бас директор арасында белгіленді. Сонымен бірге, сұраныс жағынан бұл жалақы деңгейі басқарушы лауазымдар үшін емес, жоғары білікті жүйелік инженерлер, бас инженерлер және бас құрылысшылар үшін ұсынылды.

Сонымен қатар, еңбек нарығында ең сұранысқа ие медбикелер/мейіргерлер, автокөлік жүргізушілері, күзетшілер, тәрбиешілер, санитарлар, бухгалтерлер болып қалуда, олардың жалақысы 75,4 мың теңгеден 98,4 мың теңгеге дейін өзгереді. Бос жұмыс орындарының саны түйіндеме санынан басым болатын ең тапшы мамандықтардың қатарына қаңтар айында күзетшілер, санитарлар, тәрбиешілердің көмекшілері, медбикелер/мейіргерлер, электршілер кіреді.  Білікті әлеуметтік қызметкерлер, заңгерлер, іс жүргізушілер, дене шынықтыру мұғалімдері көп болды.