Елордада Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының ХІІ съезі өтті. Жиынға 9191 бастауыш ұйымға біріккен 770 мың кәсіподақ мүшесінің 136 делегаты қатысып, 2005-2009 жылдары атқарылған жұмыстарының жетістігі мен кемшілігін саралап, алдағы міндеттерді пысықтады.
Негізгі баяндаманы одақтың төрайымы Майра Амантаева жасап, өткен жылдар ішінде кәсіподақтардың өзгермелі қоғамда өз орнын табуы оңай болмағанын, күрделі жолдардан өткенін, жұмыс әдіс-тәсілдері нысандарын жаңғыртып, Отанымыздағы жаңарулармен ұштастырып отыру қажет болғанын, бұл қадам оң жемісін бергенін атап өтті. Қазақ елі деген байтақ еліміздің әлемдегі орны, қуатты болуы оның білім деңгейімен өлшенетіні анық. Олай болса, қандай жақсы реформа мен керемет жоспарларды жүзеге асырып, мемлекетіміздің күш-қуатын әлемге танытуда білім саласы қызметкерлерінің, әсіресе ұстаздардың алар орны, атқарар ісі әр кез ерекше. Осы есепті кезеңде Қазақ елі білім қызметкерлерінің әлемдік дағдарыс кезінде ел бірлігі мен тыныштығын сақтай отырып, адамдар құқығының бұзылуына жол бермеуге деген талпынысымызға бүкіл жұртшылық куә деп білемін. Мұғалім беделі көтерілсе, ел мерейінің асқаны болып есептеледі. Содан да болар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл сайын білім саласының қызметкерлеріне ерекше көңіл аударып, айлықтарын өсіруге пәрмен беріп, оны Үкімет орындап келеді. Әйтсе де, мұғалімдердің қазіргі жалақысы көп жағдайда көңіл көншіте бермейді. Айталық, олар алатын еңбекақы елдегі орташа жалақының 60 пайызын ғана құрайды. Егер бюджет қызметкерлерінің айлығы өмір сүруіне жеткілікті болса, олардан жұмысты жан-жақты талап ете аламыз, деді ол. Баяндамашының сөзіне қарағанда, мектептердегі мұғалімдердің дені ересектер еншісіне тисе, жалпы оқытушылардың 81,3 пайызын әйелдер құрайды екен. 3 жыл қызмет еткен мұғалім 13 пайыз болса, білім ұяларына жастардың келуі 2,6 пайыз көрінеді.
Елдің келешегі саналатын жастарға білім беру мен тәрбие үйрету мәселесі де бір сәт назардан тыс қалмай келе жатқанына нақты дәлел-дәйектер келтірілді. Мұнымен қатар мұғалімдердің мәртебесін көтеріп, ынта-ықыласын ояту мақсатында қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, әр жыл сайын өткізіліп келе жатқан жарыстар нәтижесі бойынша жүзден жүйрік шыққандарға “Жылдың озат мұғалімі”, “Озат сынып жетекшісі”, “Үлгілі тәрбиеші” деген атақтар беріліп келеді.
Халықпен жұмыс істейтін кәсіподақ ұйымы қызметкерлерін заман талабына сай қайта дайындау жұмысы да үздіксіз жүргізілу үстінде. Қызметкерлеріміз Түркия, Таиланд, Кипр, Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, тағы басқа мемлекеттерде өткен халықаралық семинарлар мен конгресс, форумдарға қатысып, Отанымыздың өмір тынысынан баяндамалар жасап, семинарлар өткізді. Тәуелсіз мемлекетіміздің жақсы ісіне әр кез қолдау көрсетіп, кемшілігі болса түзеуге қолұшын беріп келе жатқан біздің мыңдаған ұйым мүшелері биылғы қыстың қытымырлығынан зардап шеккен отандастарымызға көмек беруде. Мысалы, Алматы облысы, Ақсу ауданындағы Қызылағаш қасіретін ести салып, бар мүмкіндігімізді есептей отырып 1,5 млн. теңгені құрайтын ақшалай да, заттай да көмек көрсеттік. Мұндай көмекті Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарының мектептеріне де бердік. Кәсіподақ ұйымы қашанда азаматтардың еңбегін қорғап, қауіпсіздігін сақтаумен айналысатыны белгілі. Сондықтан да бізге өтінішпен шығатындар мыңдап саналады. Мәселен, мектептегі кикілжіңнің кесірінен, моральдық ахуалдың ушығуынан білім сапасы төмендеп, оқушылардың тәрбиесіне жете мән бермеу орын алған Алматы облысы, Іле ауданы Жетіген ауылындағы орта мектептегі жағдайды министрлікпен бірлесе отырып қарадық. Нәтижесінде шындық салтанат құрып, директор жұмыстан алынды. Облыс әкімі аудандық білім басқармасының бастығын қызметіне сай емес деп тауып, ақыры орнынан босатты, дей келіп, Майра Амантаева кәсіподақ жұмысының пәрменді болуы, оны басқарып отырған көшбасшыларына байланысты екенін айтты.
Бұдан кейінгі сөзді жоғары оқу орындары ассоциациясының президенті, белгілі экономист-ғалым Рахман Алшанов жалғастырып, еліміздің экономикасына жан-жақты шолу жасап, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында атап өткен шикізат өндіруден өндірісті елге айналу жөніндегі тапсырмаларын тілге тиек етіп, оны орындаудың басты жолы жастарға білімді тиімді беру керектігін атап өтті. Ол сонымен қатар, 40 мыңнан аса студенттің жатақханасыз жүргенін, кейбір оқу орындарының базасына көңілі толмайтынын, бірнеше ауысымда оқыған жерде сапалы маман әзірленбейтінін, жағдай жасай алмайтын күйде тұрып студент қабылдау қате екенін назарға салды. Алдымен білім берудің төрт құбыласын түгендеп алып барып талапкерлерді қабылдау керектігін айтқан ол, білім орындарын тексерушілердің көп екендігіне өкініш білдірді. Демократиялық қоғамда сенімге селкеу түсіріп, сенімсіздік көрсету, өзін-өзі басқару жөніндегі әдемі идеяны ысырып қою жақсы нышан еместігіне, мұндай жағдайда оқытушылардың көп уақыты есеп берумен кететініне, ақша төленбейтін қоғамдық жұмыстардың да адамдарды жалықтыратынына дәлел-дәйектер келтіріп, мұндай жайсыз істердің алдын алуды алдағы уақытта кәсіподақ ұйымдарымен бірлесе отырып жүргізу оң нәтиже береді, деген ол еліміздегі Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының жұмысына көңілі толатынын, қашанда халыққа қызмет ету жағынан алдыңғы шептен көрініп келе жатқанын ерекше атап өтті. Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Ферхо Парламентте қаралып жатқан заңдар туралы ой қозғаса, Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы кеңесінің аппарат жетекшісі Ерұлан Мағзымбеков қолданыстағы “Кәсіподақтар туралы” Заңды өзгертетін уақыттың жеткенін айтып, оған дәлел ретінде жаңа Конституцияның салтанат құрып жатқанын, Азаматтық кодекс, Еңбек кодексі, коммерциялық емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер туралы заңдар және кәсіподақтар қызметіне, құқықтары мен кепілдіктеріне қатысты өзге де заңнамалық актілер қабылданғанын, Қазақ елі Парламенті Халықаралық еңбек ұйымының кәсіподақтар қызметіне тікелей қатысы бар бірқатар конвенцияларды мақұлдап, қолданысқа енгізгенінен дәйек келтірді. Кәсіподақтар туралы қолданыстағы заң Кеңестік кәсіподақтар принциптеріне негізделген және кәсіподақ құрылымында жаңа бетбұрыстар жасап, жаңа әдістер қолдануға мүмкіндік бермейді дей келіп, мұғалімдердің айлығы әлі де болса төмен екендігін айтып, пән кабинеттерінің ішінде физика, химияға мән берілгенмен, өзге кабинеттер ескерусіз қалып жатқанын, сынып жетекшілеріне бала санына қарай ақша төлеу қажеттігін алға тартты. Жас мамандарға кредитті жеңілдетіп беру, бұл тек оларға ғана емес, білім саласының қызметкерлеріне қатысты болса деген тілегін де атап өтті. Білім саласының мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарында барлық мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан жыл он екі ай үздіксіз тексерулер жүріп жатады. Мекеме басшылары осы тексерістерден бас көтермей, нәтижесінде оқыту мен тәрбиелеу шараларын өткізуге тікелей қатыса алмайды. Ол өз кезегінде жалпы білім беру жағдайына кері ықпал етіп, ата-аналар мен білім алушылар тарапынан көптеген наразылықтар, арыз-шағымдар тудырады. Бұл тексерулерді бір жолға түсіретін уақыт жетті, – деген ол, бүгінде қоғам дамуын тежеп, халық алдында билікті тұрпайы етіп, адамдардың заңдылық пен әділеттілікке деген сенімін жоғалтып, мемлекетке шашетектен зиян келтіріп отырған қауіпті әлеуметтік құбылыстардың бірі – сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабу жайында әңгіме қозғады.
Біз съезге қатысқан азаматтармен де ой бөліскен едік. Алғашқы пікірлесіміз Білім және ғылым вице-министрі Махметқали Сарыбеков: – Біздің министрлік пен кәсіподақ ұйымының арасында 2008-2010 жылдарға арналып жасалған келісім-шарт бар. Соның негізінде жұмыс істеп келеміз. Ең бастысы, сол шарттың бабында нақтыланған педагог қызметкерлердің құқығын қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, әсіресе жас мамандарға бірінші кезекте жағдай жасау қарастырылған. Қазір жас мамандардың ауылға бару мәселесі бірінші кезекте тұр. Біз осы жұмысты кәсіподақ ұйымдарымен бірлесіп атқарудамыз. Парламентке ұсынылған “Білім туралы” Заңға қосылған өзгерістер мен қосымшалар арасында педагог қызметкерлердің мәртебесін нығайту бірінші кезекте тұр. Мұғалім мәртебесінің артуы бұл білім сапасының өсуіне, тәрбиенің тиянақты болуына жол ашады, – деді.
Ақтөбе қаласындағы №1 кәсіптік лицей кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрлан Онбаев: – Күн санап кәсіподақ ұйымы жанданып келеді. Мұғалімдер мен өндірістік-оқыту шеберлері құқығын қорғау, жалақысын көтеру, өмірге сәби әкелген анаға жәрдемақы төлеу мәселелері бойынша атқарып жатқан жұмыстарымыз аз емес. Кей жағдайларда әкімшілікпен келісе алмай қалатын тұстар да болып жатады. Ондай кезде заңға жүгінеміз. Жалпы, халықтың бізге деген сенімі ерекше. Облысымызда 34 мыңнан аса адамның басын біріктіріп отырған 523 бастауыш ұйым бар. Соңғы жылдары бір кездері кәсіподақтың керегі не деген азаматтар қайтадан келіп жатыр. Баяғы кезең жоқ, демократия салтанат құрған дәуірде айтылар сөз ашық. Біздің лицей 60 жылға таяу уақыттан бері 9 мамандық бойынша құрылысшылар әзірлейді. Соңғы жылдары түлектерге деген сұраныс ерекше. Осының бәрінде де біздің кәсіподақ ұйымы әкімшілікпен бірлікте жұмыс жасап келеді, деген ойын білдірді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті “Сұңқар” студентттер кәсіподағының төрайымы Арайлым Өмірбекова: – Біздің кәсіподақ ұйымы 1991 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Заңдылық, жариялылық, демократиялық негізде жұмыс атқаруды басты міндетіміз деп білеміз. Ең негізгісі – студенттердің әлеуметтік құқығын қорғау, отаншылдық рухын ояту. Бұл игілікті жұмысты іске асыру кезінде атқарылатын іс-шараларды біздің кәсіподақ ұйымы дербес атқарады. Жастарға деген университет басшылығының қамқорлығы әр кез мол. Университетіміздің Ыстықкөл жағасында спорттық-сауықтыру кешені бар. Оған жыл сайын жақсы оқитын, белсенді 100 студентті тегін, ал 300 студентті 50 пайыздық жеңілдікпен жіберіп отырамыз. Мен кәсіподақ ұйымын ұстаз, студент, әкімшілік арасындағы дәнекер деп білемін. Оқу орнындағы жастармен тиянақты жұмыс істеп келе жатқан ұйым “Сұңқар” екені рас, деп ой қорытты.
Құрылтайда білім қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау мен еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылау жасау, кәсіподақтың рөлін көтеру, педагог кадрларды орынсыз қысқартуға жол бермеу, сол секілді ұстаздардың, студенттердің конституциялық құқықтары мен кепілдіктерін іске асыруға бағытталған кешенді ұйымдық және құқықтық іс-шараларды өткізу, білім ұйымдарында еңбек қауіпсіздігін сақтау, қызметкерлерге жеңілдіктер мен төлемақыларын алуға мүмкіндік жасау, басқа аймақтан келген студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету және өзге нақты мәселелер бойынша әңгіме өрбіп, арнайы қаулы қабылданды.
Қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы “Талпынғанның тоқпағы тасқа шеге қағады...” деген екен. Шынында, білім саласы қызметкерлерінің құқығын тиісті орындармен тіл табыса отырып қорғап келе жатқан Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақтарының 5 жыл ішіндегі жұмыс қорытындысын бағдарлай келіп, алда атқаратын істеріне көз жүгірткенде қиюын тапса бітпейтін жұмыс, алынбайтын қамал жоқ дегенге ат байладық. Қалай десек те, бұқараның жоқшысы болып отырған кәсіподақтың қадір-қасиеті келешекте артып, кемел істерге ұйытқы болады деген сенімдеміз.
Сүлеймен МӘМЕТ.