Қоғам • 28 Ақпан, 2022

Қаңтар оқиғасы: Тергеудегілерді азаптаған құқық қорғау қызметкерлері ұсталды

293 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бас прокуратураның кеңейтілген алқа отырысында қаңтар оқиғалары контекстінде қылмыстық процестегі азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаңтар оқиғасы: Тергеудегілерді азаптаған құқық қорғау қызметкерлері ұсталды

Оның жұмысына Бас Прокурордың міндетін атқарушы Берік Асылов, Адам құқықтары жөніндегі уәкілетті Эльвира Әзімова мен Республикалық адвокаттар алқасы төрағасының орынбасары Игорь Вранчев, сондай-ақ құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары қатысты.

Іс-шараны ашқан Б.Асылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қайғылы оқиғаның себептері мұқият тергеп-тексеріліп жатқанын атап өтті.

«Қазір біз бейбіт митингілерді әртүрлі күштердің пайдаланғанын нақты білеміз. Ұйымдастырушылар деструктивті және қылмыстық топтарды тартып, қаруландырып, олардың әрекеттерін үйлестірген. Тәртіпсіздіктер азаматтарға қарсы зорлық-зомбылықпен, қиратумен және тонаумен қатар жүрген. Олардың мақсаты халықты қорқытып, биліктің жұмысына тосқауыл қою болған», деді Б.Асылов.

Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің бастығы Серік Шалабаев өз кезегінде:

«Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде және одан кейін ұсталған тұлғалардың құқықтарының сақталуын Бас прокуратура ерекше бақылауда. Бүгінгі таңда азаптау және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану бойынша 203 қылмыстық іс қозғалған, олардың ішіндегі ең резонанстыларын арнайы прокурорлар тергеуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұсталғандарға қатысты заңсыз тергеу әдістерін қолданды деген күдікпен 9 қызметкер анықталып, ұсталды», деп атап өтті.

С.Шалабаевтың айтуынша, қаңтардағы қайғылы оқиғаның нәтижесінде тергеу-жедел топтары терроризм актілері, кісі өлтіру, қару ұрлау және жаппай тәртіпсіздіктер бойынша 3502 қылмыстық істі тергеуде. Оларды бойынша 737 күдікті адам тергеу изоляторында қамауда.

Сондай-ақ ол, бұлтартпау шарасын өзгертумен 307 адам, оның ішінде 27 кәмелетке толмағандар босатылғанын, одан басқа екі кәмелетке толмағандар қамауда қалғаны туралы айтты. Бүгінде бұлтартпау шарасын өзгерту туралы арнайы прокурорлардан тағы 22 адамға қатысты материалдар түскен.

«Қаңтар оқиғасына қатысты істер бойынша 1,5 мыңға жуық оқиға орындарын қарау жүргізілді, 1500-ден астам сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Прокуратура органдарына тергеудің заңсыз әдістері мен азаптауды қолдану туралы 283 арыз түсті. Оған кінәлі құқық қорғау органдарының қызметкерлері заң алдында қатаң жауапқа тартылатын болады», деді С.Шалабаев.

Қадағалау органы барлық жағдайда даусыз дәлелдерге негізделген объективті және бейтарап баға беріліп, азаматтардың конституциялық құқықтарының қолсұғылмаушылығы қамтамасыз етілетініне сендірді. Жиын соңында Бас Прокурордың м.а. Конституцияға сәйкес мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екенін атап өтті. Негізгі заң азаптауға, зорлық-зомбылыққа, қатыгездікке немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттерге нақты тыйым салады.

Прокурорлар тергеу изоляторлары мен басқа да қызметтік үй-жайларды күн сайын, оның ішінде түнгі уақытта және демалыс күндері тексеруді жалғастырады. Бұл жұмыс Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен және құқық қорғаушылармен тығыз байланыста жүргізілетін болады.