Аймақтар • 28 Ақпан, 2022

Сасық иіс шенділерді састырды

469 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақсу қаласының іргесінде шатыр тіккен «Крон-Агро» шаруа қожалығының төңірегіндегі дау-дамай бітер емес. Шаһар тұрғындары шаруашылықтан шыққан қолаңса иістен мезі болғанын айтып, дабыл қаққан еді. Сол сасық иіс біраз құпияның бетін ашып берді.

 

Сасық иіс шенділерді састырды

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

У-шудың шыққанына бір жылдан асты. Сол кездегі Ақсу қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов шаң басқан құжаттарды тексерткізіп, нәтижесінде шаруашылық басшысы жерді мақсатты пайдаланбай отырғаны анықталған-ды. Әу баста автобазаны кеңейтуге жер сұраған кәсіпкер тауарлы сүт фермасының қазығын қағыпты. Аталған шаруашылыққа сол уақытта істі болған бұрынғы облыс әкімі Болат Бақауовтың қатысы бары анықталғаннан кейін «қазан қайнай түсті». Б.Бақауовтың апасы серіктестік құрылтайшыларының бірі екен. Бұдан кейін жағымсыз иіс жайына қалды. Сиырқұйымшақтанған іске «кландардың тартысы» деген баға берілді. Ақсудағы өзге де былықтардың бетін ашқан Н.Әшімбетов жоғарыдағы отырған шенділерге ұнамады ма, кім білсін, қол астындағы қызметкерлері арызбен төпелеп, ақыры қызметінен кетіріп тынды.

Әкім кетті екен деп жағымсыз иіс жоғалған жоқ. Өткен жылдан бері тұрғындар облыс әкіміне талай мәрте хат жазып, мәселенің әлі де ушығып тұрғанын жеткізді. Ақсулықтар далада таза ауамен тыныстау былай тұрсын, терезені ашудан қалған. Облыс әкімінің тапсырмасымен құзырлы орган өкілдері ұзақ уақыт тексеріс жұмыстарын жүргізіп, жағымсыз иістің «төркіні» «Крон-Агро» емес деген тоқтам жасады.

Белгілі болғандай, осы жылдың 8-21 ақпан аралығында ветеринарлық, санитарлық және экологиялық нормаларды бақылауға жауапты әр орган тексеріс жұмыстарын жүргізді. Мәселен, облыстық санитарлық-эпиде­миялық бақылау департаменті мамандары шаруашылық пен оған іргелес орналасқан тұрғын үйлердіңаумағында екі рет сынама алып, нәтижесінде күкіртсутек, аммиак көрсеткіштері белгіленген мөлшерден аспағанын анық­тады. Ауыл шаруашылығы минис­трлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясы басшылығы да тексеріс жұмыстарының нәтижесін хабарлады.

– Тауарлы сүт фермасы 1 200 бас­қа арналған. Тұрғындардан түскен шағымда және деректер базасында ірі қара саны 2 200 деп көрсетілген еді. Ондағы сиырдың есебін жүргізгенде 1 192 бас малды санадық. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, 1 мыңға жуық мал басы бордақылау үшін басқа ауылдарға жіберілген. Десе де, мал басын азайтып көрсеткені үшін шаруашылыққа 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (шамамен 76 мың теңге) айыппұл салынды, – дейді инспекция басшысы Бәке Тасыбаев.

Облыстық экология департаментінің бас мемлекеттік экологиялық инспекторы Мағзұм Кукумбаевтың айтуынша, сиырдың тезегі жерасты құбыры арқылы егіс алаңына жайылып, тыңайтқыш ретінде қолданылады екен. «Жағымсыз иіс жаздыгүні шықпаса, қыста білінбейді», деп отыр маман.

Қыста дегеннен шығады. Құзырлы органдардың барлығы тексеріс жұмыстарын жазда жүргізбей, ақпанда белсенділік танытқанына көпшілік күмәнмен қарап отыр. Тіпті екі аптаға созылған тексеріс шараларына жергілікті тұрғындар, қоғамдық ұйым өкілдері, тәуелсіз сарапшылар, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері тартылмапты.

Жұрт арасында «Крон-Агро» серіктестігіне жоғарыда отырған шенділердің біреуі бас-көз болып отыр деген қауесет тарағалы қашан. Себебі оларға ешкім қарсы шықпайды. Шыққандардың өзі жұмысымен қош айтысатынын жаздық. Шаруашылық басшылығы «1 млрд теңгеден астам салық төледік, 150 адамды жұмыспен қамтып отырмыз, ет және сүтті қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен жарылқаймыз», деп кеуде соққанына қарағанда жергілікті әкімдіктің атар оғы таусылғандай ма, қалай? Кәсіпкерлер әлеуметтік жауапкершілікті сезінуі міндетті де. Салық маңызды ма, сасық иістен қажыған халық маңызды ма?