Украина президенті Володимир Зеленский бұл кездесу нәтижесіне үлкен үміт артпайтынын ашық айтқан. Алайда ол бейбітшілік орнатуға ниетті екенін көрсету үшін Украина өкілдерін келіссөз жүргізуге жіберген.
Келіссөз болады деген уақытта Харковь қаласында кескілескен ұрыс жүріп жатты. Жарылыстар таңертең Киев пен Харьковта естілсе, солтүстіктегі Чернигов қаласындағы тұрғын үйге зымыран түскен. Украина президентінің әкімшілігі атысты дереу тоқтатып, Ресей әскерлерінің ел аумағынан шығарылуын талап етіп отыр. Келіссөзге қатысушы Ресей өкілі Владимир Мединскийдің айтуынша, Мәскеу екі тараптың мүдделеріне сай келетін келісімге қол жеткізгісі келеді. Кездесу
басталар алдында Украина президенті Володимир Зеленский Ресей әскерлерін шабуылдамауға шақырған еді.
Тағы бір маңызды мәселе, Украинаның Еуропалық одаққа қосылуы туралы болып тұр. Зеленский Еуроодақ мүшелеріне өз елін ұйым қатарына тез арада қосу туралы үндеу жолдады. «Біздің мақсатымыз – барлық еуропалықтармен бірге, ең бастысы, тең дәрежеде болу. Мен мұның әділ шешім екеніне сенімдімін. Және бұл мүмкін екеніне сенемін», деді ол.
Осыған дейін Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер жетекшілерінің отырысынан кейін берген сұхбатында Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Украинаны Еуроодақ қатарына қосылуға шақырды. «Біз тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз, мысалы энергетика бойынша. Одан бөлек бірлескен жобаларымыз көп, уақыт өте келе олар бізге жақынырақ болып кетті. Украинаның бізге қосылғанын қалаймыз», деді Еуропалық комиссия төрағасы.
Сондай-ақ Урсула фон дер Ляйен Euronews телеарнасына берген сұхбатында: «Еуропалық одақ тарихта алғаш рет шабуылға ұшыраған елге қару-жарақ пен басқа да жабдықтарды сатып алуды және жеткізуді қаржыландырады», деді. Еурокомиссияның мәліметі бойынша қару-жарақ сатып алуға 450 миллион еуро және тағы медициналық құрал-жабдықтар алуға жұмсау үшін 50 миллион еуро беру жоспарланып отыр.
«Біз Еуроодақтың әуе кеңістігін Ресейге жауып жатырмыз. Біз Ресейге тиесілі, Ресейде тіркелген, Ресей бақылауындағы барлық ұшаққа тыйым салудамыз. Олар енді Еуроодақтың әуе кеңістігі арқылы ұша алмайды», деді Еурокомиссия төрағасы.
Еуропалық одақ сондай-ақ ресейлік RT және Sputnik телеарналарының хабар таратуына тыйым салады және бұл олардың еншілес компанияларына да қатысты. Санкциялардың бөлек пакеті Александр Лукашенко билігіне де қарсы.
Одан бөлек, Еуроодақтың қорғаныс министрлері Украина-Ресей дағдарысын талқылауға шақырылды. ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі өкілі Украинадағы қақтығысты талқылау үшін блоктың қорғаныс министрлерімен кездесті. Жиын украиндықтарға жедел гуманитарлық көмекті үйлестіруге арналды.
Украина президенті сондай-ақ елін қорғау үшін әскери тәжірибесі бар сотталған азаматтарды қамаудан босататынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мораль жағынан қанша ауыр шешім болғанымен, қорғаныс тұрғысынан пайдалы болмақ.
Ал ел астанасы Киевте қоғамдық көлік шектеулі режімде жұмыс істей бастады. Бұл туралы Киев мэрі Виталий Кличко хабарлады.
Ресей тарапы ұрысқа жұмсалған шығындар жайлы айта бастады. Алайда нақты саны берілмеді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Батыс елдері салған санкцияларға қатысты пікірінде Ресейдің санкцияның салқынын жеңуге әлеуеті жететінін мәлімдеді.
Дегенмен Ресей қаржы нарығына салынған санкциялардың әсері де білініп жатыр.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі агенттігі 422 мың адам Украинадан көрші елдерге шекара асқанын хабарлады. Көршілес елдер шекарасында азаматтар 72 сағатқа дейін кезекте тұрған.