Қоғам • 01 Наурыз, 2022

Мейірім мерекесі

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Менің аталарым тарихи Отандарынан еріксіз ажырап, Қазақстанға, оның ішінде Сыр бойындағы шежірелі Шиелі ауданына жер аударылған. Бір түнде туған топырағынан қуылып, мыңдаған шақырымнан кейін бейтаныс елге табан тірегендерді жергілікті халық жатсынбай, құшақ жая қарсы алыпты.

Мейірім мерекесі

Қолындағы барын бөлісіп, жарым көңіл жандардың жаңа мекенге сіңісіп кетуіне сеп болыпты. Бұл сонау қиырдан келіп, қазақ жеріне қоныс тепкендердің бүгінгі ұрпағы мәңгі ұмытпайтын тарих.

Жергілікті халықпен біте қайнасып, ел бақытын бірге қаласқан сол аталарымыз өзінен кейінгілерге қиын кезде қанатының астына алған халықты, ортақ Отанымыз – Қазақстанды құрмет­теуді табыстапты. Біздің бірлігіміздің қазығы осылай қағылған. 

Мен дүниеге келген Ақмая ауылында көптеген этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп отыр. Осы ауылдағы қазақ мектебінде білім алдым. Мектепте оқып жүрген кезімнен «Абай оқуларына» қатысып, әлемдік ақыл-ойдың шыңына жеткен дананың 200-ге жуық өлеңін жаттадым. Одан бөлек, бір поэмасын бастан-аяқ айта аламын. Осылайша ұлы ойшылдың ізгілікке салған рухани жолы түрлі ұлттарды бір-біріне жақындастыра түскеніне көзім жетті. Қазір Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бо­йынша білім алып жатырмын.

Бүгінде жалпыхалықтық мереке­ге айналған Алғыс айту күні – біздің ор­тақ тарихымыздың символы. Қазақ­стан құтты қонысына айналған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің қазақ халқына терең тағзымының белгісі. Бастарына түскен ауырпалықты қайыспай бірге көтере білген жұртқа деген жүрекжарды ризашылығы. Мейірім мерекесіне айналған атаулы күн кешегіге деген құрмет қана емес, біртұтас елдің ертеңіне сенімнің айғағы. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген тағылымды тәмсілді ұстанатын қазақ ұлтына алғыс айту, кешегі қиындықты көзімен көрген алдыңғы буынның бізге деген аманаты. Бұл күні біз бабаларымызды ризашылықпен еске аламыз, ата-аналарымызға, мұғалімдерімізге, достарымызға, соңғы жылдары ін­дет­пен күресіп, мыңдаған жанды ажал тырнағынан арашалап жатқан дәрі­герлерге алғыс айтамыз.

 

Елена ПАК,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 4-курс студенті