Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметіне сүйенсек, 2020 жылдың наурызынан бері 62 195 адамнан COVID-19 инфекциясы анықталып отыр. Содан бері науқастардың 98,2%-ы сауығып шықты. Соңғы екі аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі 2,6 есеге төмендеді. Өңірде 24 ақпандағы дерекке сәйкес қауіпті вирусқа шалдыққан 346 адам үй жағдайында, ал 47 науқас 2 360 орындық инфекциялық стационарда, 106 төсектік орынға арналған жансақтау бөлімінде жағдайы нашарлаған бес науқас ем қабылдау үшін оқшауланған.
Мәселен, Құрманғазы ауданында тұратын ерлі-зайыпты зейнеткерлер Сәуірбай Дәуітов пен Жеміс Жантемірованың жасы – 74-те. Екеуі де коронавирус инфекциясын жұқтырған. Олар 1 ақпанда жедел жәрдеммен Атырауға жеткізіліп, ауруханаға ауыр жағдайда түскен.
– Бастапқыда науқастардың дене қызуы көтеріліп, тәбеті төмендеген. Ентікпе, тамақ, бас ауруы 23 қаңтардан бастап мазалаған. Алайда ауру белгілері 31 қаңтарда күшейген. Дәрігерлер науқастардың денсаулығына жіті тексеру жүргізді. Ерлі-зайыпты зейнеткерлерде коронавирус инфекциясына қарсы ПТР зерттеуі оң нәтиже көрсетті. Ер адамның өкпесінің 17%-ы, ал әйелде 42%-ы зақымданғаны белгілі болды, – деп мәлім етті №2 облыстық аурухананың баспасөз қызметі.
Жеміс Жантеміроваға екіжақты полисегментарлы пневмония диагнозы қойылыпты. Инфекциялық стационардың жансақтау бөлімінде 9 күн ем қабылдады. Жағдайы жақсарғаннан кейін үйіне шығарылған.
– Ауруханаға түскен сәттегі жағдайымды айтып жет-
кізе алмаймын. Дем алу қиынға түсті. Бас ауруы мазалап, дене қызуым 38 градусқа дейін көтерілді. Ақ халатты абзал жандардың жылы сөзі мен хаттамаға сәйкес жүргізген емінің арқасында жағдайым жақсарды. Әлемді қауіпті індет шарпыған қиын сәтте №2 облыстық аурухананың дәрігерлері мен медбикелері, басқа да қызметкерлері еш мойымай, ажалдан арашалап қалды. «Сауығып шығасыз, әже!» деп демеу болған мейірімді жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді Жеміс Жантемірова.
Дәрігерлер жақыныңа жанашыр болудың, қауіпті вирусты тежеудің бір ғана жолын ұсынады. Бұл – вакцина салдыру. Бірақ вакцина салдыру әлі де баяу екені байқалып отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, былтырғы 1 ақпаннан бері вакциналардың бірінші компонентін 268 149 адам ектірген. Вакциналардың екінші компонентін салдырған атыраулықтардың саны 253 252 адамға жеткен.
Сондай-ақ 20 қарашадан бері Pfizer екпесін салдыру жалғасып жатыр. Бұл вакцинаны алатын 12 мен 18 жас аралығындағы балалар саны 63 138 адамды құрайды. Бала емізетін және жүкті әйелдер саны – 35 362. Осы кезге дейін Pfizer екпесін осы санатқа кіретін 6 900 адам салдырған.
Былтырғы 23 қарашада басталған ревакциналаудан өтетіндер тізіміне 97 493 атыраулық енгізілген. Ревакциналауды бірінші кезекте дәрігерлер мен полицейлер, мұғалімдер, құқық қорғау органдары мен арнайы мекемелердің қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ студенттер мен созылмалы сырқатпен есепте тұрған пациенттер алады. Қазір аталған санаттардағы 38 756 адам қайта вакциналаудан өткені белгілі болып отыр.
Атырау облысы