– Шығарындыларды түбегейлі азайту және экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі жоспардың барлық іс-шарасын сапалы әрі мерзімінде орындау қажет. Бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін ескертемін. Әсіресе, «Теңізшевройл» ЖШС-ның алау жағылатын технологиялық қондырғыларында жүйелі іркіліс орын алады. Бұл компания ауа атмосферасын негізгі ластаушылардың бірі болып отыр. Алайда «Теңізшевройлдың» нысандарына іргелес елді мекендердің тұрғындары алау қондырғыларының шығарындылары үшін үнемі шағымданады. Компания газды еріксіз жағу көлемін азайту, оның себебін анықтау, газды жағудың барлық сценарийіне толық талдау жасау мен оны азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуы қажет, – деді С.Брекешев.
Министрдің айтуына қарағанда, газды жағуға байланысты штаттан тыс жағдайлардың әр дерегіне Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 328-бабына сәйкес нақты шаралар қабылдау жоспарланған. Өйткені мұнай өндіру мен газды өңдеу көлемінің ұлғаюына байланысты қоршаған ортаға жүктеме арта түседі. Әсіресе, «Теңізшевройлдың» қызмет аймағындағы қоршаған ортаның жай-күйі туралы деректерді нақтылау және жаңарту қажеттілігі туындап отыр. Сол себептен аталған компанияға 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде қоршаған ортаның жай-күйін барлық параметр бойынша (елді мекендердің радиоэкологиялық жағдайы, халық денсаулығы, ТШО қызметінің халыққа шаққандағы мөлшерлік жүктемесі) бағалау жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу тапсырылды.
Ал 1945 жылы іске қосылған Атырау мұнай өңдеу зауыты облыс орталығының шетінде орналасқан. Зауыттан атмосфераға тасталатын шығарындыларға байланысты қала тұрғындары тарапынан шағым көбейген. Жыл сайын зауыт атмосфераға 10 мың тоннадан астам ластаушы заттарды шығарады.
– Бұл зауытта атмосфераға зиянды заттар шығарындыларының 277 көзі бар. Осыған байланысты талдау жүргізу, зиянды заттардың санын азайту, мұнай құю эстакадаларын буларды рекуперациялау қондырғыларымен жарақтандыру қажет. Зауытта 2019 жылы жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша мұнай өнімдері бар тазартылған сарқынды суларды ағызу дерегі анықталды. Айыппұл санкцияларының жалпы сомасы 70 млн теңгеден асты. Осындай жағдай 2021 жылдың соңында да қайталанып, 29 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Енді «АМӨЗ» ЖШС тиісті өндірістік экологиялық бақылауды қамтамасыз етіп, нормативтен тыс эмиссияларға жол бермеуі қажет. «Тухлая балка» булану алаңын рекультивациялауды, сондай-ақ ағызу каналын рекультивациялау, механикалық және биологиялық тазарту құрылыстарының қондырғыларын қайта жаңарту жұмыстарын жеделдетуі тиіс, – деп тапсырма берді министр.
Оның дерегіне сүйенсек, 2020 жылы Атырау облысының экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөніндегі бекітілген Жол картасы бар. Жаңа Экологиялық кодекстің енгізілуіне байланысты енді жергілікті атқарушы органдар табиғат қорғау іс-шараларына эмиссия үшін төлемақыны толық пайдалана алады. Мәселен, былтыр Атырау облысының бюджетіне экологиялық төлемдерден 9 млрд теңгеден астам қаржы түскен.
– Атырау облысының аумағында 55 қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны бар. Оның сегізіне ғана экологиялық тұрғыдан рұқсат алынған. Қазір кейбір полигондар қоқысқа толған. Қалдықтар көбінесе рұқсат етілмеген жерге төгіледі. Атырау қаласындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 1977 жылдан бері пайдаланылып келеді. Мұнда қалдықтар жиі жанады. Бұл Атырау қаласының ауа бассейнін ластаудың қосымша көзі болып отыр, – дейді министр.
Қазір Мақат пен Индерден басқа аудандарда ағынды суларды тазалауға арналған нысан жоғы анықталып отыр. Сарқынды сулар жергілікті жердің рельефіне экологиялық рұқсат беру құжаттамасынсыз ағызылады. Мәселен, осы жылдың басында Құлсары қаласы тұрғындарының шағымы бойынша «Жылыой Су» кәсіпорнына тексеру жүргізілген. Кәсіпорында қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат болмаған. Мұнда сарқынды суларды ағызу тазартусыз жүзеге асырылған.
Министр С.Брекешевтің айтуына қарағанда, соңғы жылдары өңір тұрғындарын Жайық өзеніндегі экологиялық ахуал алаңдатады. Бұл көп талқыланатын мәселеге айналды. Өйткені Жайық өзенінің деңгейі төмендеді. Ойыл, Жем және Сағыз өзендеріндегі жағдай да осыған ұқсас. Өзендер арнасының төмендеуі өңір экологиясына кері әсер етеді.
– Жайық өзеніндегі ахуалға байланысты былтырғы наурызда Ресей Федерациясының Орынбор қаласында трансшекаралық өзен бассейнінің экожүйесін 2024 жылға дейін сақтау, қалпына келтіру жөнінде Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламасы бекітілді. Ал Ойыл мен Сағыз өзендерінің деңгейі судың аз келуі салдарынан төмендегені байқалып отыр. Екі өзеннің арнасындағы судың 80-90%-дан астамы көктемгі су тасқыны кезінде толады. Осыған байланысты «Қазгидромет» Ақтөбе облысының аумағынан Атырау облысына келетін су шығынын есепке алу үшін Ойыл және Сағыз өзендерінің арналарында гидробекет орнату мүмкіндігін қарастыруы қажет, – деді С.Брекешев.
Министрдің пікіріне сүйенсек, Атырау облысының аумағындағы Ойыл өзенінің төменгі сағасында көктемгі тасқын суды жинау үшін бөгет салу мәселесі пысықталуы тиіс. Ойыл өзеніндегі су ағыны мен деңгейін арттыру мақсатында осы жылғы мамыр айының соңына дейін Ақтөбе облысының аумағындағы иесіз су шаруашылығы құрылыстарын бұзу жұмысын аяқтау қажет. Осы кезге дейін Ақтөбе облысында 7 гидротехникалық нысан бұзылған. Енді көктемгі су тасқыны басталғанға дейін тағы да осындай 12 нысан бұзылатыны көзделген. Ал жыл соңына дейін Сағыз бен Жем өзендерінің бассейндеріндегі, оның ішінде иесіз нысандарды түгендеу аяқталады. Бұл жұмысты Жайық-Каспий облысаралық бассейндік инспекциясы бақылауға алады.
Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасовтың мәліметіне сүйенсек, былтыр Атырау облысында атмосфералық ауаны күкірт сутегімен ластауға байланысты 238 жоғары және 4 экстремалды дерегі тіркелді. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 161-ге және 2-ге көп. Оның 46%-ы Мақат ауданындағы «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысы мен NCOC компаниясының басқа да нысандарында болған. Ал 38%-ы Атырау мұнай өңдеу зауытының қалдықтары тасталатын «Тухлая балка» алаңында тіркелген. Қазір мұнда Жол картасы аясында қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 16%-ы қаладан қалдықтар тасымалданатын «Квадрат» булану алаңына тиесілі. Осыған байланысты Атырау қаласының оң жағында кәріздік тазарту құрылғыны қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жаңа нысанның қуаты тәулігіне 31 мың текше метрді құрайды. Мердігер ретінде «Құрылыс Эксперт Проект» ЖШС таңдалыпты.
– Облыстық экология департаменті атмосфералық ауаны күкірт сутегімен ластау дерегіне қатысты жоспардан тыс бес тексеру жүргізді. Оның ішінде «АМӨЗ» ЖШС мен NCOC компаниясы екі, ал «ҚазТрансОйл» АҚ бір рет тексерілді. Соның нәтижесінде, NCOC компаниясының нысандарындағы сарқынды судың құрамында күкірт сутек бар екені анықталды. Қазір сот талқылауы жүріп жатыр, – деп мәлім етті З.Жолдасов.
Атырау облысы