Спорт • 01 Наурыз, 2022

Болгариядан төрт алтынмен оралды

143 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Болгария астанасы – Софияда бокстан халық­аралық «Странджа кубогы» жарысы мәресіне жетті. Биыл 73-ші мәрте ұйымдастырылған байрақты додада қазақстандық боксшылар да өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді. Әлемнің 36 елінен келген 350-ге жуық (206 ер, 139 әйел) былғары қолғап шебері бақ сынаған бәсекеде еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы жалпы саны 17 жүлде (4 алтын, 4 күміс және 9 қола) жеңіп алды.

Болгариядан төрт алтынмен оралды

 

Бокстан «кіші әлем чемпионаты» атанып кеткен Болгариядағы турнирде Қазақстан ерлер құрамасынан Махмұд Сабырхан (54 кг) мен Сағындық Тоғамбай (86 кг) топ жарса, әйелдер бәсекесінде Назым Қызайбай (50 кг) мен Валентина Хальзова (70 кг) алтыннан алқа тақты.

Турнир ережесі бойынша биылдан бастап финалдық бәсекелер екі күнге жалғасты. Жарыстың бірінші күнгі финалында әйелдер арасындағы екі дүркін әлем чем­пионы, былтырғы Азия біріншілігінің жеңімпазы Назым Қызайбай бұл жолғы бәсекеде де қарсылас шақ келтірмеді. Финалда 2019 жылғы Африка ойында­рының жеңімпазы, Алжир құрамасы сапында Токио Олимпиадасына қатысқан тұңғыш әйел боксшы Румайса Буалеммен кездесті. Үш раундқа жалғасқан жекпе-жекте төрешілердің бірауыз шешімімен қазақ қызы жеңімпаз атанып, Софияда Әнұранымыз шырқалды.

Екінші күнгі финалда Махмұд Сабырхан, Сағындық Тоғамбай және Валентина Хальзова сынды тәжірибелі боксшыларымыз бақ сынап, үшеуі де тұғырдың биік сатысынан көрінді. Былтырғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері М.Сабырхан финалда 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Еуропа чемпионатында қола жүлде алған жергілікті боксшы Ясен Радевпен жұдырықтасуы тиіс еді. Алайда қарсыласы жарақатына байланысты рингке шықпады. Сөйтіп Махмұд ел қоржынына екінші алтын жүлдені салды.

Қыздар арасында сынға түскен Валентина Хальзова финалда ресейлік Галина Головченкоға еш мүмкіндік қалдырмай, халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.

Қазақстандық боксшылардың қатысуымен өткен финалдың нүктесін Сағындық Тоғамбай қойды. 86 килода жұдырықтасатын отандасымыз финалда Украинаның үш дүркін чемпионы Сергей Горсковпен кездесіп, 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті.

Ал финалда өнер көрсеткен тағы төрт боксшымыз қарсыластарына есе жіберіп, халықаралық жарыстың күміс жүлдегерлері атанды. Атап айтқанда, Дамир Әбді­қадыр (51 кг), Дулат Бекбауов (67 кг), Дина Жоламан (54 кг) және Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) финалда сүрінді. Ал Санжар Тәшкенбай (48 кг), Тимур Қабдешов (51 кг), Абзал Серік (63,5 кг), Абзал Құттыбеков (92 кг), Нұрлан Сапарбай (+92 кг), Римма Волосенко (60 кг), Дариға Шәкімова (66 кг), Надежда Рябец (75 кг) пен Анастасия Баязитова (81 кг) қола жүлде иеленді.

Софиядағы жарыстың жалпыкомандалық есебінде Қазақстан құрамасы 17 жүлдемен 3-орынға тұрақтады. Ал 6 алтын және 1 қола жүлдеге қол жеткізген Өзбек­стан боксшылары көш бастады. 5 алтын, 5 күміс және 11 қола жүлдесі бар Ресей 2-орынға табан тіресе, жарыс қо­жайындары 3 алтын, 4 күміс және 5 қоламен 4-орынды қанағат тұтты. Сонымен қатар 2 алтын, 1 қола ме­даль олжалаған Үндістан құрамасы үздік бестікті түйіндеді.

Айта кетейік, Халықаралық бокс федерациясы (IBA) Софияда үздік шыққан саңлақтарды алғаш рет қаржылай сыйлықпен марапаттады. Атап айтқанда, «Странджа кубогының» жеңімпазына – 4 мың, күміс жүлдегеріне – 2 мың және қолаға қол жеткізгендерге 1 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы берді.