29 Наурыз, 2014

Варна-Қарабалық: Үйренетін де, үйрететін де үрдіс бар

352 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Варна-2 Карабалык Микайловка-1 Шекарада жатқан Қарабалық жері мен Ресейдің Челябі облысы­ның Варна муниципалдық ауданы Тоғызақ өзенінің екі жағына орналасқан. Судың толқынындай өркештенген қыраттар екі аудан жерінің сұлулығы дер едік, топы­рағы құнарлы. Бір өзеннен су ішеді, екі ауданға жел де, қар да, жаңбыр да ортақ. Ұқсастығы көп. Бірақ қатар жатқан аудандар шекара сы­зығы өткелі көп аралас-құралас бола бермеген. Бір-біріне араласпаса, көрмесе, үйренбесе, алыс-беріс болмаса, қызықпаса, бір-біріне айтпаса дамудың да мән-маңызы қалмайтын секілді. Соңғы жылдары қарабалықтықтар «Варнада не болып жатыр екен?» деп ойлап қоятындай. «Қарабалықтықтар қалай екен?» дегенді варналықтар ойламайды дейсіз бе? Жақында құрамында кәсіпкерлер, ауыл шаруа­шылығы тауарларын өндіру­шілер, шенеуніктер бар Қарабалық ауданының әкімі Алмат Ысмағұлов басқарған делегация Варнаға барып келді. Делегация көршілерінің өмірін, неге ұмтылып жатқанын, бағдарлы мәселелерін шешу үшін қандай күш, ресурс жұмсап отырғанын көзімен көріп қайтты. Варна Челябі облысының ең көр­кейіп өсіп келе жатқан аудандарының бірінен саналады. – Бұл жерді жазда көрсең көзің тояр еді, бірақ аудан орталығының көркемдігін жер-көкті жапқан қар да жасыра алмай тұр, – дейді делегация мүшесі Марат Айтқазин. Онда көп қабатты үйлер тым аз, барлығы да кәдімгі әшекейлеп соққан үйлер, сондықтан поселкенің де көлемі ұлғайып жайылып барады. Соңғы жылдары сәулетті коттедждер қатары көбейген. Мұнда құрылыс екпінді жүреді, ресми мәлімет бойынша, бір жылда 70 үй пайдалануға берілген. Варна муниципалдық ауданы Қарабалық секілді негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Өткен жылы мыс концентратын өндіретін Михеев кен байыту комбинатының іске қосылуы аудан үшін үлкен оқиғаға айналды. Бұл жүзеге асуы бірнеше жылға созылған инвестициялық жоба варналықтардың үкілі үмі­ті болып отыр. Өндірістің аты – өндіріс, қадамы қарымды. Бюд­жет­ті толтыруда көп үміт осындай ірі кәсіпорындарға артылады. Олардың бюджеті негізінен бұрынғыдай субвенциялық сипатта қалған. Олардағы әлеуметтік саланың дамуы қарабалықтық делегация мүшелерін еріксіз таңғалдырды. – Басқаны айтпағанда, варна­лық­тардың спортқа көңіл бөлуі ерекше. Варнадағы хоккей корты бізге әлі арман екенін жасырудың қажеті жоқ. Оған бюджеттен қыруар ақша бөлініп жасалған, кәдімгі стандартты хоккей корты. Біз де қыс айларында балаларға корт жасаймыз, бірақ біздегі энтузиастардың қарабайыр жасаған мұз айдыны мен олардың хоккей корттарын салыс­тыра алмайсыз. Оларда осындай әлеуметтік нысандар тек бюджеттің қаржысымен жасалады екен. Ал кәсіпкерлер тауар өндіргенін, салық төлегенін біледі, бюджетті толтыруға атсалысады, – деп әсерін бөлісті Марат Айтқожин. Шағын футбол алаңы да біздің делегация мүшелерін риза етіпті. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет мекемелері салаларының дамуы да жоғары екенін қарабалықтықтар мойындап қайтты. – Қазақстандағы секілді олар­­­да да денсаулық сақтау са­ла­сы­ның сапасын арттыру, про­филактикалық жұмыстарға аса мән беру ісі тыңғылықты жүріп жатқанға ұқсайды. Оларда жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің ғимараттары сырткөзді таңғалды­рады. Емхана тұрғанда «жалпы тәжірибе дәрігерлерінің кабинеттері неге керек?» деген ой туады. Варна­лық әріптестердің айтуынша, бұл мини-емханалар болып саналады екен. Әр дәрігердің өзінің ауруға ем жасайтын, хирургиялық, тексеру үшін қан, зәр алатын, офтальмологиялық, лор кабинеті болады. Науқас кісі осындай дәрігер қарауынан өтеді, егер бұл жерде жоқ мамандарға қаралуы керек болса жалпы тәжірибе дәрігері оны кәдімгі емханаға жібереді, олай болмаған жағдайда науқас осы жерден де қажетті емін алып кетеді. Сонда бір дәрігер бір жарым мың адамды қарайды, – дейді Марат Айтқожин. Варнадағы бұрынғы элеватор қазір астық комбинаты болып «өсіп», Челябі облысына ғана емес, жалпақ Ресейдің көп шалғайына белгілі болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл кәсіпорынды «Союзпищепром» ірі компаниясы қанатының астына алып, жаңғыртып, бірнеше бағыттарда өнім шығаратын еді. Мұндағы озық техникалармен жарақталған диірмен тәулігіне 280 тонна жұмсақ, 200 тонна қатты бидай тартады. Тағы да сол озық техника, құрал-жабдықтың арқасында қысқа, ұзын етіп кесетін үш желіде тәулігіне барлығы 140 тонна макарон өндіріледі. Сол астық комбинаты кешеніндегі тартылған ұннан нанның түр-түрі пісіріледі. Ол сол аймақтағы төрт-бес ауданды нан өнімдерімен қамтамасыз етеді, нарығын жаулап алған. Қамыр мұнда бірнеше тәсілмен ашытылады. Химиялық қоспасыз, халықтық тәсілмен ашытылатын ашытқылар жарнамаланады. Бұл кәсіпорында нан өнімдерінен басқа өсімдік майын сығатын цехтар бар. Шетелдік озық жабдықтар арқылы озық технологиямен ешқандай химиясыз сүзілген майдың даңқы да кеткен. Қарақұмық тазалайтын шағын зауыт жұмыс істей бастаған. Осынша жұмысты атқаратын тұтас кешенге айналған астық комбинаты аудандағы негізгі салық төлеуші де екен. Алты жүз варналық нәпақасын осы жерден тауып отыр. Варна муниципалдық ауданын­дағы тағы бір ірі компания «Вар­­на­­агромаш». Мұнда техника жөн­деліп қана қоймайды, аудан диқандары осында шығарылған техникаларды пайдаланады. Сондай-ақ, қарабалықтық кәсіпкерлер ауданды сары маймен қамтамасыз етіп отырған Варнадағы сүт зауытында да болды. Демек, вар­налықтар тек егін емес, мал шаруа­шылығын да дамытып отыр деген сөз. Варна мен Қарабалық ауданы жерінің сипаты, табиғаты жағынан ғана емес, халқының саны жағынан да қатар. Бір таңғаларлығы, Варнадағы кәсіпкерлер саны Қарабалыққа қарағанда екі есе кем екен. Ал Варна­д­а шағын және орта бизнес кәсіпорындарында еңбек ететіндер жалпы аудан экономикасын дамытып отырғандардың 40 пайызын құрайды. Мысалы, 2011 жылы шағын кәсіпкерлік кәсіпорындары 2 миллиард рубльдің өнімін өндіріпті. Әрине, Қазақстандағы сияқты онда да жұмыс орындарын ашатын кәсіпкерлік мемлекет тарапынан қолдау тауып отырады. Бұл тұрғыда Қарабалықта көршілерінен көп айырмашылық бар екенін айтуға болады. Қарабалықта шағын және орта бизнес нысандары өнім өндірмейді, негізінен қызмет көрсетуге бағытталған. Сондықтан Қарабалыққа ғана емес, жалпы Қостанай облысына Варнадан келетін импорт басым. Шекараның арғы бетіндегі Вар­нада қандастарымыз да жет­кілікті. Варналықтардың 7 пайы­зы қазақтар. Кеден Одағы құрылғалы Қазақстанмен эконо­ми­калық байланыс та арта түс­кен. Аудан орталығында тек қазақстандық тауарларды сататын 4 дүкен соның жарқын мысалы. Онда Қостанайдағы «Баян сұлу» кондитер фабрикасының конфеттері де сатылады. Қарабалықтық делегация мүшелерін өздерінің табыстарымен таңдандырған варналықтар өзекті проблемаларын да жасырмапты. – Аудан басшысы Сергей Маклаков солардың ішіндегі ең өзектісі өндіріс кәсіпорындарында білікті мамандардың жетіспеуі деп ерекше бөліп айтты, – дейді Марат Айтқожин. Алдағы күндері Варна муни­ципалдық ауданының делегациясы Қарабалыққа келмек. Қонақтарды таңғалдыратын жақсы істер мұнда да жеткілікті. Қазір кісі келетін үйдей, Қарабалықта да көңілге қош, абыр-сабыр дайындық жүріп жатыр. Шекара екі ауданның қарым-қатынасын үзіп тастамапты, қайта екі мемлекеттің де айбынын асырып тұрғандай. Варна мен Қарабалықтың қарым-қатынасы сүйек жаңғыртқан ежелгі құдалардай, бұрынғыдан қызық бола түскен секілді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Қарабалық ауданы.