Әдебиет • 01 Наурыз, 2022

Беймаза өлең

1099 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қайта өрлеудің құндыз жағалы қамқа тонын желбегей жамылып, қажыған, қамыққан, кексе тартқан, дерт меңдеген кісі көз ұшында ұзап барады. Ұзақ қыстан ұзап барады. Ұзаған сайын қарауытып, қамқа тоны сыпырылып түсіп барады...

Беймаза өлең

 

Ішінен күбірлеп келеді. Оның күбірін кітап бетінен естіген біз, бұл заманда – жиырма бірінші ғасырдың жиегінде, оның теңізіне қол матырып, теңізден туғандай күнге тесіле қараймыз.

«Көтеріліп келе жатқан күнге кім көзін қадамас, жалт еткен құйрықты жұл­­дыздың жарығынан кімнің жанары қа­рықпас? Төңіректі даң-дұң қылған дауысқа кім құлақ тоспас, жаһанның жаң­ғырығындай қоңыраудың ащы үнін кім тұншықтырар? Теңізде қалған тұл­дыр аралдай кісі болмас...».

Бұл – ортағасырдағы ағылшын ақыны Джон Донның дұғасы. Ұзап кет­кен, ұмытылған. Бірақ жиырмасыншы ғасыр Джонды қайта тірілтіп алды. Оның екі нақты себебі бар ғой деп ой­лай­мын, оның сөзін Хемингуэйдің мы­салға алуы және Бродскийдің оған элегия жазуы.

Джон Донн қазір жаңа заманның ақыны, ойшылы, замандасымыз секілді, әрбір оқырманға аса таныс.

«Адыра қалған арал секілді адам жоқ, әр адам – құрлықтың құрамдасы, материктің бір пұшпағы; алапат тол­қын жартасты жұлып кетсе, Еуропа кішірейеді, мүйісті шайып кетсе се­нің я сенің досыңның үйін бірге ала кетеді; әр адамның қазасы қабырғамды қайыстырады, себебі мен адамзатпен біртұтаспын, сондықтан да шір­кеу қоңырауы кім үшін соғылып жат­қанын сұрама, ол – әрдайым сен үшін соғылады». Хемингуэй осы сөзді өз романына дәйексөз әрі роман атауы етіп алды.

Жаназа даусын естігенде, жақсы адам өтті дүниеден деп, жай ғана бет сипай салма, оқылып жатқан сенің жаназаң, дейді жүрек.

Әлемде өзінше бір бөлек ұлт немесе ұлыс жоқ, бәріміз адамзат ұлысының өкіліміз, Адам атаның ұлымыз, дейді ізгілік.

Жер бетінде жеке тұрған үй жоқ, өйткені жер дегеніміздің өзі – біздің ортақ үйіміз, дейді ғаділет.

Үшжылдық пандемиядан шыққан (әлі өткеріп жатқан) адамзат баласы ай мен күннің аманында ағайынды жандардың арасындағы аласапыранға куә болды. Аласапыран сөзін, әлбетте, Мағауин рәуішінде қолданып отырмыз.

Испан тұмауы атанған жүз жыл бұрынғы жұқпалы дертті зерттегендер, сол тұста жас балалар мен қар­тайған кісілердің жазылып, аяқ-қолы балғадай жас адамдардың жайрап қал­ғанын байқаған. Оның мәнісі мынада екен, адамды мықты ететін – мықты иммундық жүйе, испан тұмауының қоздырғышына қарсы күресетін сол иммундық жүйе кісінің өзін өлтіріп жібереді екен. Кімнің иммунитеті әлсіз болса, сол тірі қалған.

Ұлттың да иммундық жүйесі осылай әрекет ететін болса керек. Кейде жатқа қылмағы жақынына қайғы болады. Өзгеге қылмағы өзіне дерт.

Дерт дегеннен шығады, жаңа ға­сырдың жан дерті – депрессия дейді. Бұл жан дерті мыңжылдық меланхолияның жаңғырығы. Швейцария статистика орта­лығы ғалымдарының есебінше, адам­заттың кейінгі бес мың жылдық тарихында 292 жыл ғана соғыс болмапты. 292 жыл ғана бейбітшілік, тыныштық болған.

Әрбір соғыс адамзат баласын жүз­жылдықтарға артқа лақтырып, тағы да ұлы адамзаттық меланхолия ұйығына түсіреді.

Агриппа деген кісі қызық ой айтады, меланхолия – адамды ақынға айналдырады.

Қатыгез ғасырлар романтизмді тудырады. Адамдар өз жүрегінде ғана өмір сүре бастайды.

Романтизм дегеніміз не? Бір аққұба қыз жақсы айтып еді, сыртта көктем секілді, терезеден қарасаң – әлі қыс. Көктемнің алғашқы күні емес пе еді ертең, гүлдер бүр ашып, бұлбұлдар сайрауы керек қой. Өзендер бұлқына ағып, қалқатай бұртия қалуы керек қой. Міне, бүгін наурыздың үші, жарлық берілді, көктем келсін! Бірақ әлгі бір аңғалақ кинодағыдай, бұл қалаға көктем кеш келеді. Көктем ойда, қиял­­да, көңілде. Өмір шындығының жан қалауымен үйлеспеуі. Соған қара­мас­тан, сенің жан қалауында қа­луың. Себебі сенің ішіңде көктем ғой. «Ішінде кімнің оты бар, қар жауса да сөнер ме?!». Көктем сенің ішің­де. Көктемнің, мына бозторғайдың жұмырт­қасындай ғана жер шарының, сонда да кісі құшағына сыймас, мына бір алып та бейкүнә жер шарының, әйтеуір бір тұсында бар екенін сезесің. Сол көктем сенің көңіліңді жылытады.

Бір досым, енді, осы қасіретті күн­дерден кейін украина әдебиетінде қандай өзгерістер болады, ақындары нені жырлайды деп сұрайды. Қисынға салсақ, қаһармандықты, ерлікті, құр­бан­дыққа баруды. Бірақ дүниедегі барлық төңкерістер мен көтерілістер, жаһандық соғыстардан кейінгі әде­биеттің жанындағы өзгерістер мен оның көңіл күйіне қарасақ, адамзат тарихындағы азалы шақтың барлығы әдебиетте қайғылануды, құсалануды, оқшаулануды, уайымшылдықты, ғалам­дық шерді, жоғалған ұрпақты ту­дырған. Менің ойымша, түнеукүні басталған текетірес ол халықтың әдебиетіне ұлы жалғыздық сезімін алып келеді. Олар, алғашқы түнде – аспан өзгерген түнде  жалғыз қалды. Осы жалғыздық, бір түнгі жалғыздық – бір ғасырлық жалғыздық сезімін тудырады. Ақынның жалғыздығы – халқының жалғыздығы. Кек те, ыза да, жек көру мен көңіл қалу да ұмытылады, тек қана жан ауыртар жалғыздық сезімі ғана қалады. 

Ал орыс әдебиеті ше? Орыс әдебие­тінен де осы құбылысты бай­қауымыз әбден мүмкін. Жалғыздық сезімін. Бұл жағдай – жаңа Толстой мен Гри­боедовтің тууының алғышарты болатындай көрінеді.

Француз революциясы, өзінің жасампаздығы мен жеңісіне қарамастан, әдебиетке шексіз нәзіктік пен ғаламдық құсаны (мировая скорбь) алып келді, Байрон бейнесінде. Байрон сол құсамен бүкіл дүние әдебиетін өзгертіп жіберді.

Америкалық жазушы, журналист Гертруда Стайн Эрнест Хемингуэймен сұхбатында «жоғалған ұрпақ» (lost generation) деген ұғымды қолданды. Бұл ұғым, шартты мәнінде Бірінші дүниежүзілік соғыстың тұсында ба­лиғат пен кәмелетке жеткен, не сол соғысқа қатысқан жас ұрпақтың кейін­гі жан азабын, өзін өзі таба ал­мауын білдірсе де, әдебиетте адамзат пен мем­­лекеттік құрылымдардан алапат көңіл қалушылықты сипаттады. Сол Аме­рикада, Азамат соғысынан кейін, жас жауынгерлерде жаппай жүрек ауруы байқалған. Бұл құбылысты зерттеген Якоб Мендес де Коста деген дәрі­гер оның себебі  соғыстағы азап пен аяусыздықтың салдары деп анықтама беріп, ол құбылысты «Жауынгер жүрегі» (Soldier’s heart) деп атапты. Тағы да сол Америкада пайда болған «Вьетнам синдромын» қайда қоясыз? Біздің заманымызға дейінгі мың үш жүзінші жылы Ассирияда, соғыстан кейін мынадай құбылыс байқалған: жауынгерлерді өздері өлтірген адамдардың аруағы азаптаған.

Бродскийдің атақты «Большая элегия Джону Донну» деген өлеңі бар:

Джон Донн уснул, уснуло

все вокруг.

Уснули стены, пол, постель,

картины,

уснули стол, ковры, засовы, крюк,

весь гардероб, буфет, свеча,

гардины...

...Джон Донн уснул. И море

вместе с ним.

И берег меловой уснул над морем.

Весь остров спит, объятый

сном одним.

И каждый сад закрыт тройным

запором.

Никто не выйдет в этот час из дому.

Господь уснул. Земля сейчас чужда.

Глаза не видят,

слух не внемлет боле...

...Спи, спи, Джон Донн. Усни,

себя не мучь.

Кафтан дыряв, дыряв.

Висит уныло.

Того гляди и выглянет из туч

Звезда, что столько лет твой

мир хранила.

Бұл философиялық өлеңде Брод­ский Джон Донның образында бар­лық ақындардың, тіпті барлық өнер атаулының қасиетті рухын алып отыр­ғанын аңғарамыз. Ақын ұйықтап кеткенде дүние де қалың ұйқы құшағына енеді. Бұл ұйқы – өлім ұйқысы. Естанды хәл, есуас шақ.

Сондықтан да, дүние бір ояу өлеңді іздейді. Әрбір жаназа оқылған сайын. Әрбір қоңырау соғылған сайын.