Экономика • 01 Наурыз, 2022

Күмәнді аударым қалай анықталады?

576 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстандық банктерге тағы бір міндет жүктелуі мүмкін. Ол – кәсіпкерлік қызмет түрінен түскен табысқа ұқсайтын жеке тұлғалар аударымдары жайлы мемлекеттік кірістер комитетіне хабарлап отыру. Осы мәселені негіз еткен құжат «Ашық үкімет порталында» жария етілді. Қоғамдық талқылау 2 наурызға дейін жалғасады.

Күмәнді аударым қалай анықталады?

Егер үш ай ішінде бір жеке тұлғаның картасына 100 және одан да көп адамнан аударым келіп түссе онда әлгі кісінің кәсіп­керлік қызметінің бар-жо­ғы тексеріледі. Яғни ақша ауда­рымдарын жүзеге асыратын ұйымдар мен банктер жеке кә­сіпкер ретінде тіркелмеген қазақ­стан­дықтардың аударымдары туралы мәліметтерді кірістер ко­митетіне жолдайды.

Еске салсақ, 2021 жылдың қарашасында Сенат мобильді ауда­рымдарды қадағалайтын Са­лық ко­дексіне енгізілген түзету­ді ма­құл­даған еді. Түзету­дің мақ­саты – тауарлар мен қызметтер үшін жасалған төлем кезінде жеке тұл­ға­­лар алып отырған кірістерді кө­­лең­кеден шығару. Сол үшін ар­найы «мобильді төлем» деп ата­латын түсінік енгізілетіні де хабарланған.

Алайда бұл бұйрықтың көп­шілік тарапынан қолдау табуы да, таппауы да екіталай. Таппайтын себебі – азаматтардың басым бөлігінің Kaspi Gold жүйесін қолданатыны жасырын емес. Бұл ретте басқа банк қосым­ша­ла­рының үлес салмағы Kaspi-мен теңдесе алмайды. Ал қолдауға тұрарлық тұсы – қазынадан қа­шатын қаншама қаржының орны толады.

«Аударым бойынша нақты рег­ламент керек. Мәселен, қандай да бір қайырымдылыққа, баланың еміне ақша жинау керек болады. Не болмаса отбасылық іс-шаралар кезінде де туысқандар бір-біріне бірнеше рет қаржы аударады. Ондай кезде де ауда­рым саны 100-ден асып кетуі әбден мүмкін. Мысалы, маған ағам үш ай бойы 100-ден астам аударым жасады делік. Бір күні 500 теңге, келесі күні 1000 теңге деген сияқты. Жүйе менің ағамды «әртүрлі» адам деп тани ма? Меніңше, бұл әлі жетілмеген, ши­кі жоба» деп жазады Сәбина Ізбасарова.

Ал Әділ Акуев есімді желі қолданушысының жазуынша, банктерде онсыз да белгілі бір шот үзінді көшірмелері бар. «Он­да қажетті реквизитпен бірге тө­лемдер анық көрінеді. Есеп берудің арнайы формасын ойлап табудың қажеті қанша? Бұл жағдайда банктер ақпарат қуалап, өзінің еңбек және қаржылық ресурстарын текке шығын етеді», дейді ол.

Қалай болған күнде де Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізі­летін секілді. Банктер мен қар­жы­лық ұйымдар сұранымды алған күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде азаматтардың ақша ауда­рымдары бойынша деректерді ұсынуға міндетті.

Бұл мәселе 2019 жылдан бері айтыла бастады. Былтыр жыл соңында тым қатты талқыланды. Қаржы министрлігі бастамаға былай түсініктеме берді: «Заң «Атамекен» ҰКП, Қазақстан қар­жыгерлер қауымдастығы және екінші деңгейлі банктермен бір­лесіп жасалды. Ол кәсіпкерлік мақсаттағы мобильді төлемдерді жеке тұлғалар аударымынан айы­­руға мүмкіндік береді. Кә­сіп­­кер­­лер дәп бұрынғыдай мо­бил­ьді төлем алғаннан ке­йін тұ­ты­нушыға кассалық чек ұсы­н­уы керек. Мобильді төлем­дер­ге қатысты талап 2022 жыл­дың
1 нау­рызынан бас­тап күшіне енеді. Кәсіпкерлік қыз­мет белгісі бар мобильді тө­лемдер бойынша деректермен алмасу 2025 жылдан басталады».

1 наурыздан бастап күшіне енетін заң аясында «мобильді төлем» түсінігін енгізу; мобильді төлемдер арқылы тауарлар мен қызметтерді төлеу кезінде онлайн бақылау-кассалық машиналарды пайдалануды заңдастыру; кәсіпкерлерді бизнес жүргізу үшін жеке шоттарды пайдалануға міндеттеу, яғни мобильді ауда­рым­­дарды жеке және бизнес деп бөлу; банктерді мем­ле­кеттік кі­ріс­тер органдарына тиісті ақпа­рат­ты беруге мін­дет­­теу көзделген.

Салық кодексінің шеңберінде 2025 жылға дейін екінші дең­гей­де­гі банктер мемлекеттік кіріс­тер органдарына мәлімет­терді жеке тұлғалардың мынадай санаттары бойынша кезең-кезеңімен беріп отырады.

1-кезең.

2022 жылғы 1 қаңтардан бас­тап мемлекеттік қызметкерлер мен оларға теңестірілгендер және олардың жұбайлары (зайыптары) бойынша ақпарат беріледі.

2-кезең.

2023 жылғы 1 қаңтардан бас­тап бюджеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұ­бай­лары (зайыптары), квази­мем­лекеттік сектор субъек­ті­ле­рінің қызметкерлері және олардың жұ­байлары (зайыптары) бойынша ақпарат беріледі.

3-кезең.

2024 жылғы 1 қаңтардан бас­тап заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және олардың жұбайлары (зайыптары), дара кәсіпкерлер және олардың жұбайлары (зайыптары) бойынша ақпарат беріледі.

4-кезең.

2025 жылғы 1 қаңтардан бас­тап халықтың қалған барлық са­нат­тары бойынша ақпарат бе­ріледі.

2023 жылы екінші деңгейдегі банктер және банк опера­ция­ла­ры­ның жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар 1-кезеңнің тұлғалары бойынша мәліметтерді ұсынуды жоспарлап отыр.

«Бұйрық жобасы жеке тұлға­лардың, адал салық төлеу­ші­лер­дің жеке аударымдарын қоз­­­ға­майды және салық мони­то­рингін жүргізу кезінде тиім­ді­­лікті арттыруға, Қазақстан Рес­­пуб­­ликасы заңнамасының нор­­маларын сақтауға және салық тө­­леуден жалтарудың алдын алу­ға ба­ғытталған», деп атап өтті Мем­­лекеттік кірістер комитеті.

Бұл ретте елімізде 2023 жылға дейін барлық жеке кәсіпкер­ден салық алуға мораторий жария­лан­ға­нын да айта кеткен жөн.

«Салық ставкасы өзгермейді, қо­сымша салық жүктемесі жоқ. Әң­гіме тек ақшаның заңды айна­лымы туралы ғана болып отыр. Бізде уақытында есепке қойылмаса тағайындалатын әкім­шілік айыппұлдар бар. Бар­лы­ғында бірінші ретте ескерту бері­ліп, сосын барып айыппұл салынады. Біз тәуекелдерді басқару жүйесін жасаймыз. Мысалы, бір жеке тұлғаға күніне бірнеше жеке тұлғадан аударым келіп түседі және бұл бірнеше айға жалғасады. Осы жағдай салық органдарының назарын аударатын болады», деп түсіндірді Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиев.