Президент • 02 Наурыз, 2022

Қасым-Жомарт Тоқаев: AMANAT – озық ой мен әділдіктің, бірлік пен ілгерілеудің партиясы

1603 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі өтті. Жиында саяси партия атауы AMANAT деп өзгертілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: AMANAT – озық ой мен әділдіктің,  бірлік пен ілгерілеудің партиясы

Қасым-Жомарт Тоқаев сөз басында барша қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады.

– Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық. Тәуелсіздігімізге төн­ген қатердің бетін қайтардық. Сын сағат­та бірлігін сақтай білген барша отан­дас­тарымызға зор ризашылық білдіре­мін. Ұйымды жаңғырту туралы алқалы жиын­ның дәл бүгін өтуінің  символдық мәні бар. Бірінші наурыз – партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұйымның негізі қаланды. Партия халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды. Қоғамға пайдалы көптеген бас­тама көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы партияның келе­шегі жөнінде айта келіп, оның бұған дейін атқарған жұмысын ұмытуға бол­май­тынына, өз ісіне берілген партия бел­сенділерінің қажырлы еңбегіне құр­метпен қарау керек екеніне тоқталды.

Президент еліміздің «Жаңа Қазақ­станды» құру жөніндегі ауқымды мін­детті орындауға кіріскенін мәлімдеді. Алды­мызда мемлекетіміздің болашақ тағ­дырын шешетін аса маңызды жұмыс тұр. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жа­ңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуы­мыз қажет. Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс.

– Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бас­тауымыз керек. Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – партия­ны жаңғырту. Заман, қоғам, адам өзге­ріп жатқанда, партияның өзгеруі – заң­ды­лық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай жаңа ғана айтылғандай, саяси ұйым­ның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен «Аманат» деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. «Аманат» ата-бабаларымыздың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті деген ұғымды білдіреді. Аманат сөзінің – мағынасы терең, халқымыздың тарихы мен мәдениетінде ерекше орын алады. Ол бабаларымыз өсиет еткен тәуелсіздіктің мәңгі арман-мұраты, қуатты мемлекеттіліктің және жалпыұлттық тұтастықтың, кең-байтақ Отанымыздың құндылығы ретінде сипатталады. Біз осы баға жетпес мұрамызды сақтап, нығайтуға тиіспіз. Бұл – біздің аға буын мен өскелең ұрпақ алдындағы қастерлі борышымыз. Сондықтан мен партиямызды ресми түрде «Аманат» деп атауды толық қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өткен айда жүргізілген ауқымды аналитикалық жұмыстар партия қызметіне маңызды өзгерістер енгізу қажет екенін көрсетті деп атап өтті. Жоғарыда айтылған ұсыныстарды қолдай отырып, партия Төрағасы бірқатар басым міндетті айқындап берді. Оның пікірінше, ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттыру қажет.

– Партия аппаратының жұмысында бюрократияның теріс сипаттары анық көрінді. Желілік кестелер, есеп беру және қағаз жүзіндегі іс-шаралар сайлау­шы­лармен тікелей жұмыс істеуді екінші орынға сырғытты. Жұмысқа құлшынып тұрған азаматтар өз орындарын дарынсыз функционерлерге беруге мәжбүр болды. Сондықтан орталық аппараттың филиал­дармен және бастауыш партиялық ұйым­дармен өзара іс-қимыл әдістерін толы­ғымен қайта қарау қажет. Бюрократия мен қағазбастылықтан үзілді-кесілді бас тарту керек. Аймақтық филиалдар мен баста­уыш ұйымдары сайлаушылармен өздігінен жұмыс істей алады және жұмыс істеуге міндетті. Орталық аппарат нұсқаушылық және «қолмен» басқару тәжірибесінен арылуға тиіс. Оның міндеті – жалпы партиялық бағыт беру, әдістемелік және идеологиялық қолдауды қамтамасыз ету, кадрларды оқыту, жүйелік проблемаларды талдау. Партияға, ең алдымен, сенім мен ынтымақтастыққа негізделген жаңа өзара қарым-қатынас мәдениеті қажет, – деді Мемлекет басшысы.

4

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуын­ша, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фрак­­ция­лардың қызметін жандандыру қажет. Депутаттық фракциялар диа­лог алаңдарын ұйымдастыру мінде­тін өздеріне алып, олардың жұмыс қоры­тын­дысы бойынша нақты нәтижеге қол жеткізуі керек.

– Әлеуметтік желілер мен қала алаң­дарындағы қоғамдық талқылауларды Пар­ламент пен мәслихаттарда өткізген жөн. Бұл – аса маңызды міндет. Фрак­циялар депутаттық сауалдармен шектеліп қал­май, парламенттік және қоғамдық тал­қылаулар мен ашық пікірсайыстарға баруға тиіс. Керек болса, Үкіметтің нақты мүшелері мен әкімдерге сенім мәселесін көтеру қажет. Барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге негізделуі керек, – деді партия Төрағасы.

Қ.Тоқаев жақында өңірлерге сапардан оралған Мәжіліс депутаттарының жұмысына да тоқталды.

– Жақында біздің Мәжіліс депутаттары өңірлерге сапардан оралды. Мен бұл жұмысты бақылап отырдым, олардың қызметінде жаңа стиль, жаңа мазмұн пайда бола бастағанын айта кету керек. Бұл қазірдің өзінде көрінеді. Ресми отырыс­тар аз болып, сайлаушылармен көбірек тікелей байланыс орнатылды. Депутаттар жергілікті жерлердегі азаматтардың нақты мәселелеріне тереңірек үңіле бастады. Мұндай тәсілді барынша нығайтып, дамыту қажет, – деді партия Төрағасы.

Мемлекет басшысы азаматтардың мүдделерін ілгерілетуді және партия­ның ашықтығын басты мәселе ретінде айқындады.

– Партия популизмге салынып, орын­далмайтын уәде бермегені жөн. Сонда Премьер-Министр мен кабинет мүше­лерінен қажетті сандарды талап етуге де жол берілмейді. Егер осылай жалғаса бер­се, күдік күшейіп, адамдардың партия­ға деген сенімі жоғалады. Ал оның пар­тияға кері әсері тиеді. Бұндай көзбояу­шылықтың салдары адамдардың әлеуметтік көңіл күйіне және ішкі саяси тұрақтылыққа ықпал етеді. Бұған, әсіресе, геосаяси тұрақсыздық жағдайында жол беруге болмайды. Сайлаушылармен кері байланысты күшейткен жөн және осы бағытта қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін барынша пайдалану қажет, – деді Президент.

Партия Төрағасы елімізді одан әрі жаңғырту үшін партияластарынан тың ұсыныстар күтетінін атап өтті. Сондықтан жалпыұлттық өзекті мәселелер күн тәртібін әзірлеу үшін Қазақстанның әрбір азаматынан тың идеялар мен ұсыныстар жинау жөнінде республикалық акция ұйымдастырған жөн. Мемлекет басшысы партияластардың ішінен сенімді адамдарды іріктеп, оларды ілгерілету ісін жалғастырған дұрыс деп санайды.

– Ашығын айтқанда, қазіргі кезде сая­си менеджерлерді даярлау ісі ақсап тұр. Қазіргі жағдайда саяси басшылар түрлі мамандармен, жастармен, жур­на­листермен, халықтың барлық өкіл­імен тіл табыса алуы керек. Мұндай адамдар ел арасында аз емес. Әлеумет­тік лифтінің жоқтығы – бірден-бір кедер­гі. Жас әрі қабілетті мамандарға мүмкін­дік бермейміз. Бұл – біздің басты кем­ші­лігіміз. Партия құрылымында Саяси ме­нед­жмент академиясы бар. Осы академия­ның қызметін күшейту қажет, – деді Президент.

Президент осы айтылған міндеттерді мейлінше қысқа мерзім ішінде орындау қажет екеніне назар аударды. Пар­тия Төрағасы орталық аппаратқа жұ­мыс тобын құрып, партияның жаңа тұғыр­намасын әзірлеуді тапсырды. Оның ай­туынша, Amanat – озық ой мен әділдіктің, бірлік пен алға ілгерілеудің партиясы, халықтың пікірі мен ел мүддесін еске­ретін азаматтарымыздың игілігі жолында қыз­мет ететін негізгі ұйым. Украинада болып жатқан қазіргі жағдайда осы ай­тылған барлық мәселенің мәні зор.

– Біздің ұстанымымыз мемлекетіміз­дің қауіпсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуді көздейді. Біз 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сам­митін өткізген ел ретінде еуразиялық қауіп­­сіз­­діктің тұтастығы қағидатына бейіл­діміз. Мен бұл туралы 10 ақпанда Мәскеу­ге жа­са­ған сапарымда айттым. Біз екі мем­ле­кетті келіссөз үстелінде ортақ тіл табы­су­ға, уағдаластық пен келісімге келуге ш­ақы­рамыз. Басқа жол жоқ. Жақсы жанжалдан жаман татулық артық. Бейбітшіліксіз даму болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан, қажет болса, делдалдық қыз­мет­термен қоса, барлық көмек түрлерін көрсетуге дайын.

– Мен Қауіпсіздік Кеңесінің бірқатар отырысын өткіздім. Санкциялық қар­сы­лықтың бұрын-соңды болмаған шие­ленісуі жағдайында Үкіметке елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөнінде нақты мін­деттер жүктедім. Біздің экономикамыз дағдарыс жағдайында үздіксіз жұ­мыс істеуді қамтамасыз ету үшін санкциялық сын-қатерлерге қарсы тұруға дайын болуы керек. Алдағы қиындықтар мен сынақтарды бәріміз бірге еңсереміз деп ойлаймын. Олардың күрделілігін бағаламауға немесе асыра көрсетуге болмайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қауіп­сіз­дігі мен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берді.

Онлайн форматта өткен іс-шараға елі­міздің әр өңірінен 399 делегат қатысты. Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі барысында партияның Саяси кеңесінің құрамы өзгерді. Съезд делегаттары партия Саяси кеңесінің құрамынан Оспанбек Әлсейітов пен Нұрлан Нығматулинді шығару және олардың орнына Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Президент Әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу, «Астана» медицина университетінің ректоры Қамалжан Надыров, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Максим Рожинді қабылдау туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов өз сөзінде партия жұмысына кешенді талдау жасалып, қоғамдық пікір мен сарапшылардың ұстанымы зерттеліп, аймақтардағы партия мүшелерінің ұсыныстары жиналғанын мәлімдеді.

– Халықты толғандыратын өткір мәсе­ле­лерге, Nur Otan-ға қатысты қоғамдық сынға жүйелі сараптама жасалды. Адал­дық пен әділдік, нәтижелі жұмыс пен жауапкершілік, жеделдік пен ашықтық – қазіргі таңда қоғамның партияға және оның әрбір мүшесіне қойып отырған бас­ты талабы. Осыған орай, партияны модернизациялау бағдарламасының жоспары дайындалды. Біріншіден, халықпен кері байланыс жасау құралдарының тиімділігін арттыру қажет деп санай­мыз. Ең әуелі партия жанындағы қоғамдық кеңестердің құрылымын қайта жасақтау керек. Сандық емес, сапалық көрсеткіш маңызды. Кейбір кеңестерде салалық мәселелер бойынша көтеретін сұрақтар тым ұқсас болғандықтан оларды бірік­тіруді ұсынамыз. Республикалық дең­гейде – 9, аймақтарда – 8, аудандарда 5 кеңестен қалдырған жөн. Ел аумағы бо­йынша кеңестер саны 700-ге қысқарады, – деді атқарушы хатшы.

Бұған қоса кеңестердің құрамы да жа­ңартылады. Белсенділігі төмен кеңес мүшелерінің орнына елдің сөзін сөй­лей­тін тұлғалардың тартылатыны айтылды.

– Кеңестер отырыстарын барынша ашық, онлайн форматта өткіземіз. Осы­­лайша, билік, партия мен азаматтық қоғам арасындағы жан-жақты диалогтың жаңа мәдениетін қалыптастырамыз. Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне сервистік-бағдарланған тәсіл енгізілетін болады. Азаматтар берген өтініштерінің орындалу барысын онлайн бақылай алады. Кейіннен партиялық жүйеге интеграцияланған азаматтардың жаңа медиада білдірген шағымдары мен сұрау­ларына мониторинг жүргізу жүйесі әзірленетін болады. Қоғамдық қабылдаулардың шалғай елді мекендерге тұрақты бару практикасы енгізіледі. Бұл жұмысқа партиялық актив – Парламент және мәслихат депутаттары, саяси кеңес мүшелері, филиалдардың басшылары тартылады. Бұл халықты барынша бөлігін қамтып, белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді, – деді ол.

Асхат Оралов партияны жаңғырту жос­парының негізгі бағыттарына жергі­лікті жерлерде партия құрамын нығайту мәселесін қосты.

– Бастауыш партия ұйымдары – пар­­тияның негізі. Қазір олардың саны 4,5 мыңнан асады. Оларды «округтік бас­тауыш партия ұйымдарын» құру арқы­лы нығайтуды жоспарлап отырмыз. БПҰ төрағаларының белсенділігін, ұтқыр­лығын және жауапкершілігін арт­тыру үшін оларды бағалауды және рей­тингін енгізу ұсынылады. Бастауыш пар­тия ұйым­дарының бастамаларын қол­дау мақса­тында жергілікті жерлерде жобалар­ды іске асыру үшін партия­лық жарна­лар­дың 20%-ын қайтару тәжі­ри­бесін енгізу, – деді партияның атқарушы хатшысы.

Сондай-ақ партия жұмысының барынша ашық болуы сөз болды.

– Бүгінгі таңдағы қоғамның аса өзекті сұраныстарының бірі – партияның ашықтығы және халыққа жақын болуы. Пилоттық жоба ретінде мәслихаттардағы депутаттардың рейтинг жүйесі толықтай сынақтан өтті. Оның нәтижесін жұрт­шылыққа жария етеміз. Сонымен қатар партияның мобильді қосымшасы іске қосылады. Онда азаматтар партияның жұмысы туралы жедел ақпарат алып, қоғамдық маңызды мәселелерге байланысты түрлі сауалнамаға қатысып, өтініш пен ұсыныс, тілектерін қалдыра алады, – деді А.Оралов.

Партияның жастар қанатының жұ­мы­сын толықтай қайта жаңғыртудың маңызы туралы айтылды. Партияның атқарушы хатшысы Jas Otan қатарына жастар арасында шын беделі бар нағыз көшбасшыларды тартатынын атап өтті. Сондай-ақ жастарға арналған бірқатар жобаны таныстырды.

– Ауыл жастарына арналған «Өрлеу» атты жаңа жобаны ұсынамыз. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастардың тұлғалық дамуына, шығармашылық қабілеттерін шыңдауға, оларды кәсіп ашып, табыс­ты болуға ынталандыратын кешенді іс-шаралар жүзеге асырылады. Одан бөлек, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулитын «Қайсар» атты жаңа әскери-патриоттық жоба іске қосылады. Ел қорғайтын, мемлекетімізге қызмет ететін ержүрек азаматтарды тәрбиелеуге басымдық беріледі, – деді А.Оралов.

Ол сондай-ақ шығармашыл жас партия мүшелеріне арнап жаңа жоба жүзеге асырылатынын айтты. Жастардың мәселелерін, оның ішінде NEET санатын толғандырған мәселелерді анықтау бойынша кешенді талдаудың жүріп жатқаны белгілі болды. Оның қорытындысы бо­йынша Jas Otan форумында қабылданатын жаңа жастар бағдарламасы әзірленеді. А.Ораловтың айтуынша, бұл стратегиялық тәсілдер партияны трансформациялау бойынша алға қойған міндеттерді іс жүзінде орындауға мүмкіндік бермек.

Съезде сөз алған Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов фракция депутаттары партияның өткен кезектен тыс съезінде айтылған нақты міндеттерді жүзеге асыруға кірісіп кеткенін жеткізді.

– 11 қаңтарда Мәжілістің отырысында, Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз атап өткен ел дамуының жаңа күн тәртібін заңна­малық тұрғыдан қамтамасыз ету бо­йынша фракция өз жұмысын Үкіметпен үйлестіріп атқара бастады. Парламент – еліміздің проблемалары, отандас­тарымыздың үміті мен тілегі айтылып, жариялануға тиіс маңызды қоғамдық-саяси кеңістік. Нақ осы жерде әділ және сындарлы пікірталастар мен жарыссөздер болуы керек. Осыған байланысты жұмыс топтарының қызметі, оның ішінде заң жобаларының өту процесі қайта қаралды. Аса назарды қажет ететін заң жобалары немесе жекелеген нормалар жұртшылықпен өңірлерде алдын ала талқыланатын болады. Мысалы, жақын арада біз тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша заң жобасын қоғамдық талқылауды өткіземіз, онда халықтың әлеуметтік осал топтарының кейбір мәселелері қозғалады, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Е.Қошанов сондай-ақ Мәжілістің ақпараттық ресурсында қаралатын әрбір заң жобасының нормалары бо­йынша сындарлы ұсыныстар жинауға арналған арнайы жүйе іске қосылатынын мәлімдеді. Неғұрлым ұтымды пікірлер жұмыс топтарының отырыстарында қаралып, талқыланатын болады және заң жобасына түзетулер түрінде енгізілуі мүмкін.

Депутаттардың ерекше назарындағы екінші мәселе партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру екені айтылды.

– Фракция бағдарламаны сапалы заңнамалық тұрғыда сүйемелдеуге және оның орындалу барысын бақылауға жа­уапты. Бүгінгі таңда 2021 жылға қойылған міндеттердің 80%-ы орындалды. 33 тар­мақ орындалмады. Мемлекеттік орган­дардан бағдарламаны түзету бойын­ша қосымша ұсыныстар түсіп жатыр. Фракция сайлау алдында халыққа беріл­ген міндеттемелер орындалуға тиіс деп есеп­тейді. Бұл мәселе депутаттардың ерек­ше бақылауында. Бағдарламаны іске асыру барысы туралы ақпарат партия Төр­ағасына ұсынылатын болады. Сон­дық­тан қажет болған жағдайда бүгінгі қа­лып­­тасқан жағдайды ескере отырып, жеке­ле­ген міндеттемелер бойынша нақты өзгеріс­тер енгізу ұсынылады, – деді Е.Қошанов.

1

Мәжіліс Төрағасы қазір депутаттардың халықпен тығыз байланыс орнатуы алдыңғы орында тұрғанын және фракция өңірлердегі жұмыс форматын қайта қарағанын атап өтті.

–  Күні кеше біз өңірлерге барып келдік. Қоғамдық пікір көшбасшыларымен, сарапшылармен, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарымен, сондай-ақ конструктивті оппозиция өкілдерімен кездесулер өтті. Кездесу барысында әлеу­меттік қолдау, кедейшілікпен күрес, баға­ның өсуі, жұмыспен қамту мәселелері, сондай-ақ тұрғын үй проблемалары жиі көтерілді. Сумен жабдықтау, мелиора­ция, трансшекаралық өзендер проблема­лары да тұрғындарды алаңдатып отыр. Бұл мәселе бойынша сәуір айында Пар­ламенттік тыңдау өткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар жергілікті жол­дар мәселесі мен агроөнеркәсіп ке­шеніндегі бірқатар өзекті проблемалар көптеген өңірде әлі де шешімін тап­қан жоқ. Мұндай мысалдарды көптеп кел­тіруге болады, – деді Мәжіліс Төрағасы.

Депутаттар өңірлерді аралап, қоғам­дық орындарда, аулаларда, базарларда жастармен, оның ішінде мамандықсыз, жұмыссыз жүрген жастармен әртүрлі форматтағы кездесулер өткізген. Е.Қоша­новтың айтуынша, депутаттар мемлекет тарапынан ұсынылып отырған мүмкіндіктер мен бағдарламалар туралы жастарға егжей-тегжейлі түсіндірме берді, олардың да пікірі назарға алынды.

Мәжіліс Төрағасы депутаттардың қаңтар оқиғасы кезінде ұсталған аза­мат­тар­мен және олардың туған-туыс­қан­дары­мен, адвокаттарымен кездесуіне тоқ­талды.

– Кездесулер барысында олардың арыз-шағымдары тыңдалып, құзырлы органдардың назарына жеткізілді. Бұл мәселе депутаттардың бақылауында болады. Олардың әлеуметтік желілер арқылы халыққа алда болатын сапарлары туралы ақпарат беріп отыруы жұмыс­тың тиімділігіне оң әсер етті. Соның нәтижесінде біз өңірлерде жұмысты барынша дәл ұйымдастыра алдық және қоғамның сұранысына жедел назар аударып, алдын ала әрекет еттік. Мақсат біреу – сайлаушылармыз көтерген мәселе­лердің бірде-бірін қараусыз қалдырмау. Заң­на­малық реттеуді талап ететін мәсе­лелер депутаттық бастамалар ретінде қаралады, – деді Е.Қошанов.

Алдағы уақытта депутаттардың жекелеген өңірлерде шұғыл мәселе туындаған жағдайда, мән-жайды анықтау үшін же­дел іссапарға шығуды практикаға енгі­зетіні баса айтылды.

Елмен бірге партиямыз да жаңғыруы қажет деген Мәжіліс Төрағасы ұйымның идеологиясын жаңа мазмұнмен толық­тырып, тиімді жұмыс тәсілдерін енгізу керек екенін алға тартты.

– Осы орайда, партиямызға ребрендинг жасап, атауын өзгерткен жөн деп санаймыз. Бұл мәселе алдын ала жан-жақты талқыланды, бірқатар ұсыныс айтылды. Пікірлесе келе партиямыз «Аманат» деген атауға лайық деген тоқ­тамға келдік. Бабаларымыз бізге Алтай­дан Атырауға, Арқадан Алатауға дейін­гі ұлан-ғайыр жерді қалдырды. Мың­жыл­дықтардың ар жағынан бастау алатын бай тарихымызды бүгінге жеткізді. Сон­дай-ақ елдік мұратымызды, ұлттық мұра­мызды, бірліктің, татулықтың даңқты дәстүрін ұрпаққа табыстады. Осы ел мен осы жерді бізге ата-бабаларымыз аманат етіп тапсырды. Енді оны біз келер ұрпаққа лайықты аманат­тауға тиіспіз. Біз ел бірлігін, халық тұтас­тығын, ұлттар татулығын, еңбекқор­лықты, біліктілікті болашақ заман­дарға жаңартып, жаңғыртып жеткізуге мін­деттіміз. Бұл істе тыңнан түлеген, сындар­да шыңдалған партияға жүктелер жауап­кершілік салмағы ересен. Біз қашан­да бабалар аманатына адал болуы­мыз керек. Бұл – біздің перзенттік парызы­мыз. Сондықтан еліміздегі ең басты саяси ұйымның «Аманат» деп аталуы орынды деп ойлаймыз. Осыған орай, бүгінгі съезде Мәжілістегі фракция депутаттары партия атауын «Аманат» деп өзгертуді ұсынып отыр, – деді Е.Қошанов.

Делегаттар партияның модернизациясы тұрғысында айтылған барлық ұсынысты, оның ішінде партияның модернизациялау бағдарламасы, жаңа атауы мен белгісі бойынша ұсыныстарды да­уысқа салды. Осылайша, съезд бары­сын­да Nur Otan партиясының атауын Ama­nat деп өзгерту туралы шешім қабыл­данды.

Мәжіліс депутаты Саясат Нұрбек қоғамда айтылып жүрген түрлі пікірге, оның ішінде партияны тарату керек деген сөздерге қатысты көзқарасын білдірді.

– Саясаттанушы ретінде айтарым – мемлекет жүйесі, саяси жүйесінің негіз­гі элементі, тұтқасы – саяси партия. Тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, бас­ты қо­ғамдық-саяси оқиғалардың бел орта­сында жүрген партиямыздың осы жыл­дары мемлекеттілікті нығайтуға сіңірген еңбегін жоққа шығару мүмкін емес, қадірлі ағайын. Міне, арада 23 жыл өткен соң біз еліміз бен партиямыздың тарихындағы жаңа кезеңге аяқ басқалы тұрмыз. Бүгін баршамыз көршілес елдер секілді үлкен жолдың қиылысында тұрмыз – біртұтас ұлт ретінде «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», әрі қарайғы даму құқығымызды дәлелдейтін кез келді. Жағдай күн санап өзгеруде. Nur Otan партиясы қайтадан түлеп, «Жаңа Қазақстан» стратегиялық моделіне өз болмысымен, өз ісімен үлгі болуға тиіс. Заман өзгерді, ел өзгерді, партияның да түбегейлі өзгеретін кезі келді, тіпті атауы, құрылымы, жұмыс моделі де өзгеруі керек, – деді С.Нұрбек.

Мәжіліс депутаты осыған орай бір­неше ұсынысын ортаға салды. Саясат Нұр­бектің айтуынша, қоғаммен байла­нысты, коммуникация жасауды жетіл­діріп, «цифр­лы демократияны» дамыту үшін заманауи технологиялардың барлық мүмкіндігін пайдалану керек. Ол сондай-ақ партияның қоғамдық қа­был­даулар, партия мүшелері мен бас­тауыш ұйымдарына келіп түскен мәлі­мет кеңінен пайдаланылмайтынына тоқ­тал­ды.

– Бұл үшін партия жұмысына Big Data технологиясын енгізу қажет, ол ақпа­раттық құралдарды бірыңғай жүйеге бірік­тіруге мүмкіндік береді. Бұл технологиялар қоғам үшін дәл қазір өзекті проблемалар туралы нақты ақпарат алуға, оларды зерделеуге және оңтайлы шешімдер ұсынуға көмектеседі, – деді Мәжіліс депутаты.

Жас депутаттар корпусының мүшесі, Балқаш қаласының мектеп мұғалімі Кристина Шафикова мемлекеттік жастар саясаты туралы заңдағы олқылықтарды сынға алды.

– Бүгінгі ұсынылып жатқан заң жобасы нақты іс-әрекетті емес, ниетті ғана көр­сетеді. Заң баршаға түсінікті, қажет болуы керек, талқылаудан өтіп, жастар­дың өзінен қолдау табуға тиіс. Жас аза­мат­тардың жас өлшемін 35-ке дейін ұзар­туды ұсындық. Біздің басты назарымыз NEET санатындағы жастарда. Алайда заң жобасында оның анықтамасы ғана берілген, ол жастармен жұмыс істеудің нақты тетіктері жоқ, – деді К.Шафикова.

Праймеризге қатысып, жастардың атынан қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланған ол мәслихаттағы депутаттық қызмет қала тұрғындарының проблемаларын билікке жеткізуге, атап айтқанда жастарға көмектесуге мүмкіндік беретінін айтты.