Кешегі өткен Nur Otan партиясының съезі де соның айқын дәлелі. Жиын барысында Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей, еліміздің Орталық Азияда көшбасшы мемлекет ретінде қалыптасуына барынша ықпал еткен партиямыздың Жаңа Қазақстанды құрудағы рөлі айқындалды.
Осы уақытқа дейін көшбасшы болып келген Nur Otan партиясы атауының «Аманат» болып өзгеруі де жақсылықтың нышаны болмақ. Себебі партия Төрағасы біздің тікелей міндетімізді есімізге салды. Ол – халық алдында берген уәдені орындау.
Ата-баба аманатын сақтап, оны келер ұрпаққа насихаттауға міндетті болсақ, халықтың партияға артқан сенімін де дәл солай аманат деп қабылдап, сайлауалды бағдарламамызда көрініс тапқан барлық міндеттерімізді орындау, халықтың әл-ауқатын жақсартуды тек әдемі сөздермен, инфографикалармен, бейнероликтермен насихаттамай, іс жүзінде нәтижеге қол жеткізіп, сайлаушыларымызға пайдалы болу жауапкершілігі жүктелді.
Одан бөлек съезд барысында Jas Otan-ның, Жас депутаттар корпусының атынан осы уақытқа дейін шешілмей келе жатқан жастарға қатысты мәселелер көтерілді. «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» заңның күші мен әрекет ету ауқымының тар екені бұрыннан мәлім. Алайда жастардың тарапынан бұл мәселені шешуге қатысты ұсыныстар ескерілмей жатқаны да даусыз.
Кезектен тыс съезд барысында айтылған проблемалар оң шешімін табады деп сенеміз. Себебі жаһандану жағдайында жастарымыздың дамып жетілуіне, уақытын дұрыс ұйымдастырып, әлеуетін дұрыс жолға бағыттамасақ, оларды жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Ал өзгерістер кезеңінде жаңа кадрлар, еліміздің ертеңін сеніп тапсыра алатын көшбасшыларды тәрбиелеу ерекше маңызға ие.
Нұржан ЖЕТПІСБАЕВ,
Jas Otan Жастар қанатының төрағасы