Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Былтыр 26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы бұл мәселеге арнайы тоқталып, жайылымның ауыл тұрғындарына қолжетімді болу керектігін қадап айтқан еді. Президент жұмысты дұрыс ұйымдастырмай отырған жергілікті әкімдіктерді сын тезіне ала отырып: «Салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Бүгінде жайылымның 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын», деген еді.
Биыл 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жайылым мәселесіне қайта оралып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің көзбояушылықпен айналысып отырғанын сынға алды.
– Бос жатқан жерлерді тезірек қайтарып алып, оны ауыл тұрғындарына беруді тапсырған болатынмын. Қазір халық үшін айрықша маңызы бар жұмыс жүріп жатыр. Бірақ бұл жерде де Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер көзбояушылыққа жол берген. Министрлік жайылымдық жердің тапшылығы 6,8 млн гектарға немесе 32 пайызға азайды деп мәлімет беріп отыр, – деген Президент бірқатар өңірде жайылымдық жердің тапшылығы әлі де азаймағанын, әсіресе Ақмола, Атырау және Қостанай облыстарында ауыл тұрғындарына малын фермерлердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған меморандум жасалғанын, шын мәнінде жайылым тапшылығы қағаз бетінде ғана азайғанын айта келіп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға мәселені түбегейлі шешуді қатаң тапсырған болатын.
Президент тапсырмасына сәйкес, 21 ақпанда Қостанай облысы әкімдігінде жайылым жерлердің тапшылығын азайту мәселесі талқыланды. Алқалы жиында баяндама жасаған облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Тимур Бейсембаевтың айтуынша, бүгінде өңір тұрғындарының қолында 335 мыңнан астам мал басы бар.
– Ауылдық елді мекендерде мал жаюға арналған 1 млн 294 мың гектар жайылымдық жер бар. Ал бүгінде тұрғындардың қолындағы малды жаюға 2 млн 181 мың гектар жер керек. Яғни 887 мың гектар жайылым жетпейді, – деді Т.Бейсембаев.
Өткен жылы ауылдық елді мекендердегі жайылым тапшылығын азайтуға бағытталған бірқатар іс-шара атқарылыпты. Мәселен, оңтүстік аудандардағы жайылым тапшылығы 331,7 мың гектарға төмендеген. Сондай-ақ ауылдық округтердің әкімдіктері мен жеке шаруашылықтардың арасында мал өрістейтін жайылымдық жерлерді ауыл халқына өтеусіз беру туралы меморандумдар мен келісімшарттар жасалып, нәтижесінде, облыстағы жайылым тапшылығы 200 мың гектарға дейін азайған.
– Мұның сыртында, орманды алқаптардағы 47,3 мың гектар жайылымдық және шабындық жерлерде жекенің малы жайылады. Елді мекендердің маңайындағы жайылымдар іргелес жатқан қосалқы жерлер есебінен 9,1 мың гектарға ұлғайтылды. Осындай іс-шаралардың есебінен облыста 587 мың га алқаптағы жайылым тапшылығы 300 мың гектарға дейін төмендеді, – деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар облыстағы бірқатар аудан мен Арқалық қаласының әкімдігі мемлекет қорындағы жер телімдерін резервте қалдыруды жоспарлап отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының айтуынша, мұндай шаралар жайылым тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. Мемлекет жерін резервке қалдыру арқылы облыстағы жайылым көлемін 320 мың гектарға дейін ұлғайтуға болады екен.
Жиын соңында аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов 15 сәуірге дейін жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі екіжылдық жоспар әзірлеуді тапсырды.
Жайылым көлемін ұлғайту мәселесін баяндағанда ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы көбіне онсыз да жайылымы мол, астығы аз оңтүстік аудандарды мысал етіп отырды. Ал жайылым тапшылығы ушығып тұрған солтүстік аудандарда мәселені шешуге бағытталған қандай нақты іс-шаралар атқарылып жатқанын ашып айтпады. Сондықтан алдағы алқалы жиындарда егін жақсы шығатын Алтынсарин, Сарыкөл, Ұзынкөл, Федоров, Бейімбет Майлин, Қостанай аудандарында жайылымға қолы жетпей отырған малсақ жұрттың мұңы да ескеріліп қалар деген үміт бар.
Қостанай облысы