Спорт • 02 Наурыз, 2022

Қазақстан Норвегиямен кездеседі

167 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Теннистен Қазақстан ұлттық құрамасы кейінгі жылдары жаңа форматтағы Дэвис кубогының финалдық бәсекесінде үнемі өнер көрсетіп келе жатқаны белгілі. Жерлестеріміз биыл да бас жүлде үшін өтетін бәсекеден үмітті. Ол үшін Александр Бублик пен Михаил Кукушкин бастаған жерлестеріміз осы аптадағы жарыстың іріктеу кезеңінде Норвегия құрамасын жеңуі тиіс.

Қазақстан Норвегиямен кездеседі

 

Қазақстан мен Норвегия ара­сын­дағы шешуші сынға жолдама беретін іріктеу бәсекесі 4-5 нау­рыз күндері Норвегияның бас шаһары – Ослодағы Oslo Tennis­arena спорт кешенінде өтеді. Бұл сында ел намысын Михаил Ку­кушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов, Дмитрий Попко және Қазақстанның бірін­ші ракеткасы Александр Буб­лик қорғайды. Қазақстандық тен­нисшілер Дэвис кубогы аясында норвегиялықтармен тұңғыш рет кездеспек. Жарыс ережесі бойынша құрамалар төрт жекелей сында және бір жұптық матчта бақ сынайды. Әр ойын үш сетке дейін созылады. Жеңімпаз құрама осы жылдың қыркүйек айында өтетін Дэвис кубогының финалдық кезеңіне (командалық әлем чемпионатына) жолдама алады.

«Ослодағы ойынға толық да­йынбыз. Хард төсеніші екі коман­даға да қолайлы деп ойлай­мын. Командамызбен ойынға тың­ғылықты дайындалып жатырмыз. Құрамадағы жігіттер Норвегиямен ойынға нағыз бабында келді. Ешкімде жарақат жоқ. Жеңіске жетіп, жанкүйерлерімізді қуантамыз деген үміттемін», деді Михаил Кукушкин.

Норвегия құрамасы қазіргі таңда Дэвис кубогының рейтин­гінде 39-орынды иеленуде. Скан­динавия елінің өкілдері 2019 жылдан бері жаңа форматтағы турнирдің әлі күнге дейін финалға жолдама ала алмай келеді. Дегенмен олар бүгінге дейінгі ең үздік нәтижесіне сонау 1995 жылы қол жеткізген. Сол жылы ұйымдастырылған теннистен Әлемдік кезеңнің бәсекесінде Норвегия плей-офф сатысына дейін жеткен болатын. Сондай-ақ Норвегия Дэвис кубогына 1928 жылдан бері қатысып келеді.

Қазіргі таңда Норвегия құрамасының көшбасшысы – 23 жастағы Каспер Рууд. Кезінде Каспердің әкесі де, атасы да тенниспен кәсіби түрде айналысып, бірталай жетістікке қол жеткізген. Рууд бұл күндері ерлер арасындағы жаңарған әлемдік рейтингте 8-орында тұр. Ол осы күнге дейін АТР турниріндегі жеті жарыстың бас жүлдесін жеңіп алған.

Норвегия құрамасының екінші ракеткасы саналатын 24 жастағы Виктор Дурасович әлемдік рейтингте 326-орынға жайғасқан. Сондай-ақ викингтер елінің құра­мында 21 жастағы Лукас Хеллум Лилленген (әлемдік рейтингте 1302-орында тұр), 20 жастағы Герман Хойерал және 22 жастағы Симен Сунде Братхольм бар. Құ­рама капитаны – Андерс Хасет.

Ойындар кестесі: 4 наурыз күні екі жекелей кездесу өтеді. Матч­тар елорда уақыты бо­йынша 23.00-де басталады. 5 нау­рыз­да теннисшілер жекелей жә­не жұптық сында шеберлік байқасады. Бұл ойынның уақыты 19.00-ге жоспарланған.