Спорт • 03 Наурыз, 2022

Спортты дамытудың бес басым бағыты

489 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елордада Мәдениет және спорт министрлігінің дене шынықтыру және спорт саласындағы 2021 жылғы қызметі қорытындыланып, министрліктің 2022 жылға жоспарланған негізгі міндеттері талқыланған алқа мәжілісі өтті.

Спортты дамытудың бес басым бағыты

Іс-шараға Премьер-Минис­трдің орынбасары Ералы Тоғ­жанов, Президент Әкімшілігінің мем­лекеттік инспекторы Жанат Искаков, Мәдениет және спорт ми­нистр Дәурен Абаев, Парламент Се­наты мен Мәжілісінің депутат­тары, қоғамдық кеңес өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың басшылары, үкі­мет­тік емес ұйымдар, зиялы қауым өкілдері, спортшылар, жаттық­ты­ру­шылар қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Ведомство басшысы Дәу­рен Абаев жиын барысында ең бі­рінші 2021 жыл спорт саласында атқа­рыл­ған жұмыстар мен спортшы­лардың жеткен жетістіктеріне тоқ­талды. Былтырдан бастап елімізде алғаш рет спорт секцияларына жан басына шаққандағы қаржы­ландыру институты енгізілгені белгілі. Соның арқасында былтыр 162 мыңнан астам бала мен жасөспірім спорт секцияларына тегін қатысқан. Спорт секцияларын ашуға мемлекеттен 6 млрд теңге қаржы бөлінген.

«Сонымен қатар мемлекеттік білім беру ұйымдарының мұға­лім­деріне сабақтан тыс спорттық дәрістер жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100 пайыз мөлшерінде қосымша ақы төлеу жүйесі енгізілді. Дене шынықтыру және спорт саласындағы маман­дандырылған мектеп пен колледж қызметкерлерінің жалақысы 25 пайыз өсті. 2023 жылға дейін жалақы жыл сайын көбейтіліп, 2023 жылға қарай бұл өсім 100 пайызды құрайды. Спортшылардың допингке қарсы зертханасы мен Ұлттық допингке қарсы орта­лық­тың, дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орта­лығының басқарушы және негізгі қызметкерлердің жалақы мөлшері лауазымдық жалақыдан 100 па­йыз өсті. Білім берудің барлық деңгейіндегі дене шынықтыру сабақтарында «Қазақ күресі», «То­ғызқұмалақ» және «Асық ату» ұлт­тық спорт түрлері міндетті ком­понент ретінде енгізілді», деді Д.Абаев.

Сондай-ақ министр былтыр сала­матты өмір салтын насихаттау аясында республика бойынша 27 мыңнан астам бұқаралық-спорт­тық іс-шара өткізілгенін атап өтті. Оған жалпы саны 1,5 млн адам қатысқан болса, оның 900 мы­ңы ауылдық жерлерде. 2021 жыл­дың қорытындысы бойынша қазақ­стандық спортшылар түрлі деңгейдегі 474 халықаралық жарыста бақ сынап, әртүрлі дәре­же­дегі 632 медаль жеңіп алған. Ал республика аумағында 51 халықаралық жарыс өткізілген.

Жиын барысында Дәурен Абаев 2022 жылы министрліктің алдында тұрған бес өзекті міндет тұр­ға­нын айтты. Оның ең біріншісі жә­не қазіргі таңдағы ең маңыздысы – спорт инфрақұрылымының бол­мауы.

«Қазіргі таңда республика бойынша жабық спорт ғима­рат­тарының саны өте аз. Ел бойынша ең жағдайы нашар Түркістан және Алматы облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары бо­­лып тұр. Ал ең қолайлы жағ­дай Павлодар, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында бай­қа­лады. Алайда, бұл өңірлерде де ин­фра­құрылымның тапшылығы сезіледі.

Екінші міндет – бұқаралық спорт­ты дамыту, оның ішінде мемле­кеттік спорттық тапсырысты дұрыс орындау. Президент осы бағыт бо­йынша нақты тапсырма берді. Бұл – азаматтардың әлеу­мет­тік көңіл күйін жақсартудың ең ұтымды жолы.

Үшінші – жаттықтырушыларды, төрешілерді және спорт ардагерлерін қамтамасыз ету. Жүргізілген тал­дау бойынша елімізде жоғары білік­ті жаттықтырушылардың жетіспеу­шілігі анықталды. Мұның басты себебі – жалақының аздығы. Бүгінде еңбекақы төлеу жүйесіне сәйкес біліктілігі орташа деңгейдегі санаты жоқ жаттықтырушының жалақысы 63 мың теңге.

Төртінші – ұлттық спорт ре­зер­він даярлау. Ұлттық құрама командалардың құрамын лайықты орын­басарлармен қамтамасыз етпей, үлкен жетістіктерге жету мүмкін емес. Бұл үшін бүгінде бар­лық алғышарт бар, бұған жас­тар құрама командаларының әлем чем­пионаттарындағы, Азия чемпио­нат­тарындағы, Әлем кубоктар­ындағы нәтижелері дәлел бола алады. Өсіп келе жатқан жастардың спорттық әле­уеті жоғары және біз оларды на­зардан тыс қалдырмауымыз керек.

Бесінші –  спорттық медицинаға тиісті көңіл бөлу. Бүгінде Алматы қала­сындағы допингке қарсы зерт­хананың WADA аккредиттеуін қайтару бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. 2021 жылы елімізде допингке қарсы ережелерді бұзудың 41 жағдайы анықталды», деді министр.

Премьер-Министрдің орын­басары Ералы Тоғжанов Олимпиада резервін даярлаудың біртұтас жүйесін құру керек екенін айтты. «Олимпиада резервін даярлаудың біртұтас жүйесін құру уақыты келді. Бұл салада түбегейлі іс-шара қабылдау қажет. Министрлік, Ұлттық олимпиада комитеті, әкімдіктер, ғылыми институттар мен федерациялар спортшыларды даярлау барысында өздерінің міндеттері мен рөлдерін анық түсініп, оларды тиянақты орындауы тиіс. Осы жұмысты үйлестіру – минис­тр­ліктің басты міндеті. Олим­пиада резервін даярлау қызметін нақты деңгейлерге бөліп, әрбір дең­гей үшін тиісті нормативтерді, көрсет­кіштерді, жауапты ұйым­дарды және қаржыландыру көздерін анықтау қажет», деді вице-премьер.

Жиын барысында Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков, Гимнастика федерациясының президенті, көркем гимнастикадан ұлттық құраманың бас жаттық­тырушысы Әлия Юсупова, ауыр атлетикадан ерлер ұлттық құра­ма командасының  бас жаттық­тырушысы Нұржан Смаханов, Qazaq Batyry жекпе-жек академия­сы­ның негізін қалаушы Қанат Алин, Солтүстік Қазақстан облысының «Қуаныш» волейбол клубының директоры Қайырбек Хамзин сөз сөйледі.